Accessibility links

Қазақстан Токио олимпиадасына дайындыққа бөлінген қаржының қалай жұмсалғанын тексеріп жатыр


Қазақстан спортшылары Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде 2021 жыл.
Қазақстан спортшылары Токио олимпиадасының ашылу салтанатында. 23 шілде 2021 жыл.

Қазақстанның Есеп комитеті Токио олимпиадасына дайындыққа бөлінген бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын тексеріп жатыр. Тексерісті жүргізуге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген. Бұл туралы Есеп комитеті хабарлады.

1996 жылдан бері жазғы олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз қайтпайтын Қазақстан биыл жазда Токиода өткен олимпиадада сегіз қоламен шектелді. Қазақстандық боксшылар алғаш рет олимпиададан алтын жүлдесіз қайтты.

Токио олимпиадасы кезінде жанкүйерлер спортқа көп қаржы бөлінсе де, нәтиже төмен деп сынап жатқан тұста мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов елде жылына спортқа 10 миллиард теңге жұмсалатынын айтқан. Қожағапанов Қазақстан Токио ойындарымен мен 2022 жылы ақпанда Пекинде өтетін олимпиадаға 15 миллиард теңге бөлгенін мәлімдеген еді.

Токио олимпиадасынан соң президент Тоқаев "Ұлттық құраманың 8 қоламен жалпы есепте 83-орын алуы Қазақстанның спорттағы потенциалына және мемлекеттің спортты дамытуға бөлген қаржысына сай келмейді" деген еді.

Ұлттық олимпиада комитеті Токио олимпиадасын қорытындылаған жиында "сәтсіз нәтижеге карантинмен, қаржы тапшылығымен және резервтің жоқтығымен" байланыстырған. Бұл комитетті елдегі миллионерлердің бірі және экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG