Accessibility links

Еуропарламент депутаты Брюссельде қазақ делегациясынан саяси қудалау жөнінде сұраған


Қазақстандық депутаттар мен Еуропарламент өкілдерінің кездесуі. Брюссель, 11 қазан 2021 жыл. Сурет Қазақстан сенатының ресми сайтынан алынды.
Қазақстандық депутаттар мен Еуропарламент өкілдерінің кездесуі. Брюссель, 11 қазан 2021 жыл. Сурет Қазақстан сенатының ресми сайтынан алынды.

Еуропарламент депутаты Ружа Тун Брюссельде қазақстандық депутаттармен кездесу кезінде Қазақстандағы саяси қудалау мәселесін көтерген. Бұл жөнінде ол 12 қазанда Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

"Еуропарламент мүшелерінің Қазақстан депутаттарымен кешегі кездесуі. Олар "адам құқығын қорғауға кепілдік берілді" десе, "қазір 13 саяси белсенді қамауда отыр" дедім; Олар "түрмедегі жағдайды жақсарттық" десе, "олай болса, ұсталған белсенділер не үшін түрмеде жүрек талмасынан көз жұмады?" дедім. Біз әріптестікті қалаймыз, бірақ санкция талап етуге мәжбүр боламыз" деп жазды депутат.

11 қазанда Брюссельде қазақстандық депутаттар Еуропарламент өкілдерімен кездескен еді. (Шараның нақты атауы – "Қазақстан Республикасы - Еуроодақ" парламенттік ынтымақтастық комитетінің 18-отырысы). Бұған дейін кездесуде өзге мәселелермен қатар 2021 жылы ақпан айындағы Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына байланысты резолюциясы шарттарының орындалуы-орындалмауы мәселелері талқыланады деп хабарланған еді.

Бірақ жиынның қалай өткені жөнінде ақпарат аз. Еуропарламент сайтынан аталған кездесу жөнінде ақпарат табылмады. Қазақстан сенаты кездесу жөнінде қысқа хабарлама таратты. Онда "адам құқығы жөнінде пікір алмасылды" деген жалғыз сөйлем бар.

Бұған дейін Қазақстан мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева кездесу барысында Қазақстанда адам құқығының бұзылуына жауапты шенеуніктерге санкция салу мәселесі талқыланбағанын айтқан.

Мәжіліс таратқан хабарламада тараптар арасында бірнеше кездесу болғаны, депутат Снежанна Имашеваның "Қазақстанның адам құқығы мәселелері бойынша БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуропа кеңесімен өзара қарым-қатынасы" жөнінде баяндама жасағаны ғана жазылған.

30 қыркүйекте Еуропарламент депутаты Ружа Тун Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаевпен кездесу кезінде оған елде саяси қудаланған белсенділер мен саяси тұтқындардың тізімін тапсырған. "Әріптестіктен бас тартпаймыз, бірақ адам құқығын бұзғандарға санкция салуды талап етеміз" деп жазған еді Тун Twitter'де.

Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қарар қабылдап, кейінгі кезде адам құқығының нашарлағанын сынаған, адам құқығын бұзған шенеуніктерге санкцияға салуға шақырған. Еуродепутаттар резолюцияда Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға да үндеген. Содан бері бірнеше адам түрмеден шықты, бірақ қазақстандық құқық қорғаушылар құрған саяси тұтқындар тізімі елде үздіксіз жаңарып келеді. "Саяси істер" бойынша ұсталып, сотталған белсенділер де көбейіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG