Accessibility links

Белсенді өлімінен кейін шыққан үкім күшін жойды. Ақталғандар қайта сотқа тартылмақ


Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың үйі. Оны осы жерде әлдекімдер атып кеткен. Атасу ауылы, Қарағанды облысы. 1 маусым, 2019 жыл.
Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың үйі. Оны осы жерде әлдекімдер атып кеткен. Атасу ауылы, Қарағанды облысы. 1 маусым, 2019 жыл.

Қарағанды облысында белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өлімінен соң шыққан ақтау үкімінің күші жойылды, сот қайта өтпек. Өз үйінің табалдырығында оққа ұшқан белсендінің жақындарында кінәлілер жазаланар деген үміт пайда болды. Ал қарсы тарап үкімнің жойылғанымен келіспейді.  

"СОҢЫНА ДЕЙІН БАРУҒА ДАЙЫНМЫН"

"Ақтау үкімінің күші жойылсын, іс сотқа қайта қарауға жіберілсін". 12 қазанда Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы Бақтыбаевтың әпкесінің, прокурордың және бір сотталушының шағымын қарап, осындай шешім шығарды. Қазақстанда апелляциялық инстанцияның сот шешімдерінің күшін жоюы – өте сирек жағдай.

Бақтыбаевтың артында қалған жесірі мен 19 жастағы ұлында қайта үміт пайда болды. Атасу кентіндегі ата-анасының ескі үйінде тұратын олар Ғалы Бақтыбаевқа жасалған қоқан-лоқыны, шабуылды көздерімен көрген еді.

Ғалы Бақтыбаев.
Ғалы Бақтыбаев.

Белсендінің әпкесі Зәуре Бақтыбаева аппеляциялық соттың шешімімен келіседі. Ол бауырымның қазасынан екі жыл өтсе де оны өлтіргендер табылмады деп, сотқа, прокуратураға, президент әкімшілігіне талай қайырылған еді. Ғалы Бақтыбаевтың әйелі басына түскен қайғыдан соң күресуге шамасы болмай сотқа жәбірленуші тараптан Зәуре қатысты.

Марқұмның әпкесі тергеу мен прокурорлар айыптыларды тапты деп санайды, бірақ үкім шығарған сот алқасына сенбейді. Ол апелляциялық шағым түсіргенде ақтау үкімінің күшін жойып, істі сот алқасының жаңа құрамымен қайта қарауды талап еткен.

Зәре Бақтыбаева.
Зәре Бақтыбаева.

— Істі қайта қарауға жібергеніне қуаныштымын. Сот алқасында мүдделі адамдар болмас үшін оларды дұрыстап іріктеу керек. Әрине, барлығы қайта басталады, тағы да созылуы мүмкін, бірақ мен соңына дейін баруға дайынмын. Айыптылар қатаң жазалануы тиіс, — дейді Зәуре Бақтыбаева Азаттық тілшісіне.

Бірінші сот инстанциясы ақтағандар апелляциялық сотта көп сөйлемеді, көбіне олардың адвокаттары сөйледі. Ал сот ғимаратының сыртында олардың туыстары мен таныстары шешімді күтіп тұрды. Олардың кейбірінің қолында "Сот алқасының үкімін күшінде қалдырыңдар" деген плакат болды.

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ҮКІМДІ ЖОЮЫНА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Апелляциялық инстанция іс бойынша дәлелдерге баға бермейді, тек сот алқасын іріктеудегі заңдылықты және қылмыстық істің жүргізілу тәртібін қарайды.

Апелляция алқасы жәбірленуші тараптың және прокурордың пайымдауымен келісіп, үкімді шығарған сот алқасы заңсыз жасақталған деп тапты. Облыстың сот осының өзі үкімнің күшін жоюға жеткілікті деп санайды.

Белсендінің әпкесі апеллециялық шағымында сот алқасын іріктеугенде заң бұзылғанын, яғни, сот алқасындағы бір судья өзі жайлы деректерді жасырғанын, тағы бір судья үкім қабылданған кезде ақылдасу бөлмесінен шығып кеткенін атап өткен. Ол бұл әрекеттер үкімге әсер етуі мүмкін дейді. Ал прокурор сотта айыпталушылардың "тергеушілер қысым жасады" деген сөзі расталмағанын, ал соттың қысым жайлы шағымға шығарған шешімі жайлы сот алқасына хабарланбағанын айтты. Мемлекеттік айыптаушы бұл да үкімге әсер етуі мүмкін деп санайды.

Ғалы Бақтыбаевтың әйелі мен ұлы оның Жаңаарқа аудандық әкімдігі берген мақтау қағаздарын ұстап отыр. 1 маусым 2019 жыл.
Ғалы Бақтыбаевтың әйелі мен ұлы оның Жаңаарқа аудандық әкімдігі берген мақтау қағаздарын ұстап отыр. 1 маусым 2019 жыл.

Апелляциялық инстанция қылмыстық істі Қарағанды сотына қайта қарауға жіберді. Шешімге сай, істі басқа судья мен сот алқасы қарауы тиіс. Аппеляциялық алқаның шешімі бірден күшіне енеді. Белсенді өліміне байланысты істі болған Атасудың төрт тұрғыны қайта сотқа тартылады.

Бақтыбаевты ұрды және өлтрді деп айыпталып, толық ақталғандар қатарында экс-полицей Ғалым Ахмеджанов, кәсіпкер Азамат Бөкенаев, бұрын сотталғандар – Иман Мияшов пен Елдар Жәкен бар. Тергеушілер Мияшовты тапсырысты орындаушы деген еді, бірақ ол бұл айып бойынша ақталған. Дегенмен сот Мияшовты "Бақтыбаевты өлімінен бірнеше ай бұрын ұрып кеткен" деп айыптап, бес жылға соттаған. Жәкен де Бақтыбаевты ұруға қатысты деп айыпталып, үш жылға сотталған.

"ЕКІ ЖЫЛ УАҚЫТЫМЫЗ КЕТТІ, ЕНДІ ТАҒЫ ЖҮГІРЕМІЗ"

Белсендінің өлімі ісі бойынша айыпталып, бірінші инстанция ақтағандар мен олардың жақындары апелляциялық соттың шешімімен келіспейді. Ахмеджанов пен Бөкенаев қайта қамауға алынар-алынбасы белгісіз. Сотта ол жайлы айтылмады.

Азамат Бөкенаевтың қарындасы және қоғамдық қорғаушысы апелляциялық соттан кейін көзіне жас алды. Ол Бөкенаев Бақтыбаевтың күйеу баласы, сондықтан оны ұрып-соғып, өлтіруі мүмкін емес деп санайды. Бөкенаев Бақтыбаевтың бірінші некесінен туған қызына үйленген, тергеушілердің дерегінше, ата мен күйеубала арасы суып, белсенді кәсіпкер күйеубаласының үстінен мемлекеттік органдарға арыз жазған.

— Біз сот үкімімен келіспейміз, себебі облыстық сот күштік құрылымдардың ығына жығылды деп ойлаймыз. Сот алқасына "жабысып" алды. Демек, сот алқасын қорлап тұр ғой. Екі жыл уақытымыз кетті, енді бәрі басынан басталады. Біздің жақындарымызды қайта әуреге салады, адвокаттарға тағы да көп қаржы жұмсаймыз. Ағам не үшін Бақтыбаевты өлтіруі керек? Себеп жоқ. Иә, араларында кикілжің болған шығар, бірақ бұл өлтіруге себеп емес қой, - дейді Бөкенаевтың жақыны Сымбат Азаттық тілшісіне.

Бөкенаевтың қорғаушылары облыстық сот алқасынан үкімді өзгеріссіз қалдыруды, жәбірленуші тараптың шағымын қанағаттандырмауды сұраған. Бөкенаевтың әйелі мен Бақтыбаевтың бірінші некесінен туған балалары президентке, сот алқасына қайырылып, кәсіпкердің кінәсіз екенін айтқан еді.

Ал экс-полицей Ғалым Ахмеджановтың жақыны апелляциялық соттан мұндай шешім күтпегенін айтады (Прокуратура Ахмеджановқа 20 жыл түрме жазасын сұраған еді). Апелляциялық сот қаралып жатқанда экс-полицейдің туысы сот алдына келіп, оған қолдау білдірді. Ал Ахмеджановтың өзі сотқа үйінде отырып, онлайн қатысты.

— Біз үкімді күшінде қалдырады деп күттік. Себебі сот алқасындағы барлық тоғыз судья ақтау үкіміне дауыс берген еді. Екі жыл тергеп, зерттеген соң енді келіп, сот алқасындағы бір адам айыпталушының жерлесі екен дейді. Бәлкім ол айыпталушыларды бұрын көрмеген шығар. Енді соттың қатесінен соң олар қайта қамала ма? Қайта басталатын сот қанша уақытқа созылатыны белгісіз, - дейді Ахмеджановтың жақыны (аты-жөнін айтқысы келмеді).

Иман Мияшовтың адвокаты шешімге қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ол іс әлі аяқталған жоқ, енді сот қайта жүреді деді. Мемлекеттік айыптау тарабы Мияшовқа 25 жыл түрме жазасын сұраған еді. Ол басында кінәсін мойындап, кейін "тергеу тарапының сценарийімен мойындағанын" айтқан еді.

БАҚТЫБАЕВТЫҢ ҚАЗАСЫ

59 жастағы Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылы 28 мамырда Атасу кентіндегі өз үйінің табалдырығында атып кеткен еді. Ол Жаңаарқа ауданына танымал белсенді болған. Көзі тірісінде жұртқа мемлекеттік органдарға арыз, сотқа шағым жазуға көмектесіп жүретін. Заң саласында білімі болмаса да, жұртқа тегін көмек қолын созатын.

Оның ісі көпке жақпауы да мүмкін. Себебі Ғалы Бақтыбаев ауданда заң бұзған тұрғындар мен шенеуніктерді жауапқа тартуға тарысты, олардың үстінен арыз жазды, жемқорлық пен коррупцияны өзі тексерді, соттасты.

Қастандықпен өлтірілген белсенді Ғалы Бақтыбаевтың зираты. Атасу ауылы, Қарағанды облысы
Қастандықпен өлтірілген белсенді Ғалы Бақтыбаевтың зираты. Атасу ауылы, Қарағанды облысы

Белсендінің қазасы қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар оны өлтіргендерді тез арада табуды талап еткен.

Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры белсендінің қазасына қатысты "монополистер заңсыз шешімдерімен, жемқорлықпен күрескен белсендінің өлімі – Қазақстанның азаматтық қоғамы мен құқық қорғау саласы үшін үлкен соққы" деген еді. Қоғамдық қор Қазақстаннан белсендінің өлімін тыңғылықты тексеруге шақырған.

— Ол белсенділігін қалай бастағаны есімізде, басында бағаны заңсыз қымбаттатумен күресіп, арыз жазды, түрлі инстанцияларға қайырылып жүрген еді... Тергеуді ашық жүргізуге шақырғанымызбен, ол жайлы көп айтылмады, — дейді Transparency Kazakhstan қорының атқарушы директоры Ольга Шиян Азаттық тілшісіне.

Бір ай бұрын Шиян Youtube желісіне шыққан онлайн талқылауда "Қазақстанда белсенді болу қауіпті" деген еді. Ол Ғалы Бақтыбаевтың қазасын мысалға келтірген еді.

Бұған дейін ІІМ Бақтыбаевты өлтіруі мүмкін деген киллердің видеосын жариялаған. Онда күдікті Бақтыбаевты өлтірген соң қаруын қайта жасырғанын айтады. Тергеу органдары белсенді "тапсырыспен өлтірілді" деп мәлімдеген. Бірінші инстанцияның сотында айыпталушылар мен олардың адвокаттары тергеу басқа мотивтерді қарастырмады деген еді.

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті 2021 жылы наурызда жарияланған Қазақстандағы адам құқығы жайлы есебінде Бақтыбаевты коррупция, мемлекет қаржысын ұрлау және басқа да құқық бұзу фактілеріне бей-жай қарай алмайтын белсенді деп сипаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG