Accessibility links

Көлгінов банктердің бірі LRT жобасын қаржыландыруға келіскенін айтты


Құрылысы қайта жанданған "Астана LRT" жобасы. Нұр-Сұлтан қаласы, Маусым, 2021 жыл.
Құрылысы қайта жанданған "Астана LRT" жобасы. Нұр-Сұлтан қаласы, Маусым, 2021 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов банктердің бірі "Астана LRT" жобасын қаржыландыруға келіскенін мәлімдеді. Бұл жөнінде Sputnik Қазақстан агенттігі хабарлады.

"Ең бастысы қаржы мәселесі. "Астана LRT" жобасы көп күшті қажет етеді. Әрине, бетон мұнаралар қала көркіне сән бермейді. Бір жылдан астам уақыт бойы банктермен жұмыс істедік. Екінші деңгейлі банктердің кез келгені бұл жерге келгісі келеді деп айту қиын және кез келгенінің оған мүмкіндігі де жоқ. Сол себепті біз арнайы байқау жарияладық. Қазір банктердің бірі келісімін берді, арнайы келісімге қол қойғаннан кейін тағы хабарлаймыз" деді ол мәслихат депутаттарына.

Дегенмен әкім нақты қай банк жобаны қаржыландыратынын айтпады. Әкімдік жобаны соңына дейін жеткізетінін айтқан.

Бұған дейін Көлгінов жобаны аяқтау үшін 1 млрд доллардан астам қаражат қажеттігін айтқан.

Қазақстандағы "ең ірі жемқорлық істерінің бірі" осы "Астана LRT" жобасымен байланысты.

Жеңіл рельсті транспорт жобасына мамандар мен бірқатар мемлекеттік орган өкілдері әлі күнге дейін күмән келтіреді. Бұған дейін Астана LRТ қызметіне мемлекеттік аудит жасаған есеп комитеті жобаның жұмсалған қаражатты ақтамайтынына назар аударған. Ведомство жоба жалғасса, мемлекет шығынға батады, оған бюджеттен қомақты субсидия бөлінуі тиіс деп мәлімдеген.

ЛРТ жеңіл рельсті көлік жүйесінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG