Accessibility links

"Қазақ ұлтшылдығы", латын қарпі және "сөзі мен ісі кереғар" Ресей


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин Омбыдағы аймақаралық форумға қатысып жатыр. 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин Омбыдағы аймақаралық форумға қатысып жатыр. 2019 жыл.

Батыс басылымдарының жазуынша Ресейде басталған «қазақ ұлтшылдығына» қатысты ақпараттық науқан әлі тоқтайтын түрі жоқ. Ал Қазақстан латын қарпін енгізуде ерекше сақтық танытып отыр. Есесіне Ресей Еуразия одағы аясындағы интеграцияға өзі жиі тосқауыл қоя бастады.

МӘСКЕУДІҢ «АҚПАРАТТЫҚ НАУҚАНЫ»

Ресейдің Қазақстандағы ұлтшылдыққа қарсы ақпараттық науқаны Батысқа қарсы конспирологиялық риторикамен ұштаса бастады. EuraisaReview авторы Ақас Тәжуітов соңғы мақаласында осындай тұжырым жасайды.

«Қазақстанға қатысты хабарларды Батысқа қарсы конспирологиямен ұштастыруға бағытталған, Ресейдің телерадио, баспа және онлайн басылымдарын қамтитын ауқымды ақпараттық науқаны екі айдан бері жүріп жатыр. Науқанның бітетін түрі жоқ. Ресейдің мемлекеттік агенттігі – «Россотрудничество» басшысы Евгений Примаков Нұр-Сұлтанды русофоб көзқарасы бар қазақстандық ұлтшылдарға қарсы шара қолдануға көндіру үшін бастап берген науқан қазір Қазақстан басшылығының кадр саясатына ықпал етудегі маңызды құралына айналып барады» деп жазады автор.

Мысал ретінде Тәжуітов «путиншіл басылым» аталып жүрген Gazeta.ru сайтында жақында жарық көрген «Кім екендеріңді ұмытпаңдар» деген мақалаға назар аударады. Онда автор бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң Қазақстанда дерусификация күшейе түседі деген болжам айтылғанына назар аударады. «Қазақстанда кирилл қарпінен бас тарту процесі жүріп жатыр, ал орыс тілінің мәртебесі төмендеп барады. Саяси элита өкілдері бұл процесті ашық қолдап, оны егемендікті қолдаудың қажетті алғышарты деп атайды» делінген.

Ресей сайты авторының айтуынша, қазір Қазақстанды «қазақтандыру» процесін «билікте отырған америкашыл ұлтшылдар» жүргізіп жатыр, ал олардың мақсаты – «екі ел арасындағы тілдік байланысты үзіп, АҚШ-тың елдегі ішкі саяси процестерге ықпал етуіне көбірек мүмкіндік беру».

Тәжуітовтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген соң лауазымды қызметке барған адамдарға «америкашыл ұлтшыл» деп айып тағу арқылы Ресей басылымы елдегі «қазақылануға» Қазақстанның жаңа билігін жауапты еткісі келеді. Ал Нұр-Сұлтан болса өзіне бағынышты ақпарат құралдары арқылы бұл ақпараттық науқанға «тойтарыс беруге» тырысқан. «Бұл мәлімдемелер Ресей жағын әлі қанағаттандырмағанға ұқсайды» дейді автор.

Қарай отырыңыз: "Үңгірдегі ұлтшылдық". Тіл дауы, Ресей реакциясы, Абаевтың бағасы (13 тамыз 2021 жыл).

"Үңгірдегі ұлтшылдық". Тіл дауы, Ресей реакциясы, Абаевтың бағасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

Ең қызығы – ақпараттық науқан «қырықпышақ болған Ресей қоғамында ортақ консенсус туғызып», оларды бірауызды ете түскен. «Бұл тақырып бір-бірімен байланысы жоқ адамдардың өзінде ұқсас реакция туғызды. Сондықтан Ресей қоғамындағы әсіресолшылдардан бастан әсіреоңшылдарға дейінгі саяси спектрдің ресми Мәскеуге жақын ақпарат құралдары мен саяси орта бастаған бұл ақпараттық науқанға түгелдей қосылғаны таңқалдырмайды» деп жазады автор.

«ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ – ТІЛДІК ЕМЕС, САЯСИ МӘСЕЛЕ»

Ресей ықпалы тақырыбын әрі қарай жалғаған Emerging Europe басылымы қазақ жазуын латын қарпіне көшіру науқанын «Ресейдің тілдік және саяси ықпалының біртіндеп, баяу төмендеуінің соңғы кезеңі» деп бағалайды.

Автордың айтуынша, үкімет «орыстардың кетуінен және жаушыл реакциядан» қорқып, тіл саясатын еркін жүргізуден тартынып келген. 1990 жылдары тұрғындардың 40 пайызы орыс болса, қазір олардың үлесі 25 пайызға түскен. Осының арқасында үкімет латын қарпіне көшу жоспарын ашық айта бастады.

«Үкімет әліпби ауыстыруды аса сақтықпен жүзеге асырады» дейді Париждегі халықаралық қатынастар қауымдастығының сарапшысы Анна Жорданова.

Оның айтуынша, қаріп өзгерту – «өте үлкен қадам, бірақ ол – одан да ауқымды, жылдам жүріп жатқан өзгерістердің бір бөлігі ғана».

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Совет одағы тұсында кирилл қарпі қазақтарды орыстандырудың қандай идеологиялық құралы болса, латынға көшу де сол «отарлық мұрадан арылудың» жолы саналады.

«Сондықтан латын әліпбиін қабылдау – халықтың таза қазақ бірегейлігіне ұмтылған табиғи реакциясы деп қабылдауға болады» дейді автор.

Жорданованың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әліпби мәселесі қазақ тілін, мәдениетін, бірегейлігін нығайтуға бағытталған үлкен науқанның бір бөлігі деп қабылдайды.

«Мәселені шешуден гөрі көп проблема туындатып алмау үшін оны (қазақ тілін латын жазуына көшіруді – ред.) аса сақтықпен әрі ыждағатпен жүзеге асыруға тура келеді» деп қорытады автор.

РЕСЕЙДІҢ «ПРОТЕКЦИОНИЗМІ» МЕН «МАНИПУЛЯЦИЯСЫ»

«Еуразиядағы интеграция мәселесіне келгенде Ресейдің сөзі мен ісі екі басқа болып тұр. Жақында президент Владимир Путин аймақта кең ауқымды интеграция жүреді дегенімен, іс жүзінде Ресей сауда ережелерін қатаң түрде алалап өзгерту арқылы аймақтық әріптестікке кедергі келтіріп отыр» деп бастайды Eurasianet Мәскеудің көрші елдерге сауда қысымы жайлы мақаласын.

Автордың жазуынша, Ресейдің соңғы апталардағы Қырғызстан мен Қазақстаннан келетін азық-түлік тасымалына қатысты ұстанымы «саудаға кедергі келтіріп», Мәскеудің тығыз экономикалық ынтымақтастық орнатамыз деген сөзіне қайшы болып отыр.

Үш ел де «аймақтағы саудаға септесу мақсатында» 2015 жылы құрылған Еуразия экономикалық одағына мүше. Бұл одаққа Ресей үстемдік етеді.

Қыркүйектің алғашқы екі аптасында Ресейдің Орынбор облысына бара жатқан құрғақ жеміс, бұршақ, жаңғақ, күріш, жеміс-жидек сияқты азық-түлік тиелген 475 тонна жүк Қазақстан мен Қырғызстанға қайтарылған. Ресейдің ауыл шаруашылығын бақылау агенттігі (Россельхознадзор) бұл тауарлардың белгісі дұрыс қойылмаған, фитосанитарлық сертификаттары талапқа сай емес деп тапқан. Мұның алдында Ресей Алтай аймағына бара жатқан 65 тонна тез бұзылатын ауыл шаруашылық өнімін, Астраханға жөнелтілген өсімдік өнімдерін кіргізбей қойған.

«ЕАЭО-ның экспорт-импорт ережелерін сақтау жауапкершілігі экспортерлардың өз мойнында. Дегенмен Ресейдің азық-түлік өнімдерін реттеуші мекемесінің ЕАЭО-дағы көршілерінің тауарларына жиі шектеу қоюы жүйенің дұрыс жұмыс істемейтінін білдіреді» деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, Ресейдің қатаң шектеу саясаты Путиннің «Еуразиядағы ауқымды әріптестік» туралы ұстанымына қайшы келеді.

Ескі кедергілер жойылғанымен, оның орнына жаңалары қойылып жатыр деген автор ЕАЭО мүшелері «санитарлық нормаларды біркелкі қолданбайтынына» назар аударады. «[Одаққа] мүше мемлекеттер қатаң әрі бір-біріне қарама-қайшы стандарттарды протекционистік пиғылдарын жасыру амалы ретінде қолданып, жиі манипуляция жасап отырады. Мәселен «Россельхознадзор» шетелдік бәсекені шектеу және жергілікті өндірушіні қолдау мақсатында осындай ережелерге жүгінеді» дейді автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG