Accessibility links

Apple билік талабымен Құраны бар қосымшаны қытайлық онлайн-дүкеннен өшірді


Quran Majeed қосымшасы.
Quran Majeed қосымшасы.

Apple корпорациясы қытайлық онлайн-дүкеннен ислам дінінде қасиетті кітап саналатын Құранды оқып, тыңдауға арналған Quran Majeed қосымшасын өшірді. Әлем елдеріндегі айфон қосымшалары бар онлайн дүкендерді бақылайтын Apple Censorship осы мәселеге назар аударды.

Қосымша авторларына сүйенген британдық BBC сайтының жазуынша, корпорация әрекетін Пекиннің талабымен түсіндірген. Apple өкілдерінің хабарлауынша, Қытай билігі бағдарламада "заңсыз контент" барын анықтаған.

Бұған дейін онлайн дүкеннен Библия туралы танымал қосымша да өшірілген. Мұны қосымша авторларының өздері жасағанға ұқсайды, бірақ BBC агенттігіне оны өшіру себебін айтпаған.

Қытай билігі елде ислам мен христиан діндерінің кеңінен жайылғанын мойындайды және дін еркіндігіне Конституция кепілдік беретінін айтады. Алайда діни ұйымдардың барлығы қатаң бақыланады.

Коммунистік партия шіркеу қызметкерлерінің үгіт-насихат мәтінін қарайды, ислам дінін ұстанған әйелдер қауымын қолдап, әйел-имамдарды тағайындайды. Мемлекеттің дінге сенетіндерді қатаң бақылауын сынағандар қамалады немесе қудаланады.

АҚШ пен өзге елдер Қытай билігін мұсылмандарға геноцид жасады деп айыптайды. Көптеген журналистік зерттеулерге сәйкес, компартия ұйғыр, қазақ және өзге де Шыңжаңдағы байырғы халықты мұсылман есімдерден бас тартып, Құран оқымауын, дұға тілемеуін талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG