Accessibility links

Ресей "орыс тілінің рөлін нығайту үшін" Өзбекстанда бес мектеп салады


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресми Мәскеу "орыс тілінің рөлін нығайту мақсатында" Өзбекстанда бес мектеп салады. Бұл жөнінде жетінші Дүниежүзілік ресейлік отандастар конгресінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, Ресей "орыс тілі мен орыс мәдениеті, тұтас алғанда орыс әлемінің рөлін нығайту мақсатында" осындай қадамға барып отыр. Ол орыс тілін таза ресейлік методология бойынша оқытатын бес мектеп Тәжікстанда салынып жатқанын, соған ұқсас бағдарлама Өзбекстанда да дайындалып жатқанын жеткізді.

"Кейінгі кезде осындай бағдарламаға Армения басшылығы да қызығушылық танытып отыр. Біз осындай үлгідегі жобаны барлық одақтастар мен стратегиялық әріптестеріміздің жүзеге асырғанын қалаймыз" деді ол.

Тәжікстан мен Ресей үкіметтері арасында бес мектеп салу туралы келісім 2019 жылы сәуір айында жасалған. Алайда Ресей үкіметінің жетекшісі Михаил Мишустин оған биыл қыркүйекте ғана қол қойған. Жаңа мектептер Тәжікстан астанасы мен Худжанд, Бұқтыр, Куляб, Турсунзада қалаларында бой көтереді. Бұрын Тәжікстанға мектептерді Дүниежүзілік банк салған, алайда 2019 жылы банк пен өзге де халықаралық демеушілер Тәжікстанды қолдау бағдарламасын тоқтатқан.

Өзбекстанда орыс тіліне ресми мәртебе берілмеген. Бірақ елде орыс тілінде оқытатын 900 мектеп бар. Одан бөлек, оқу орындарында орыс тілі кафедралары бар, орыс тілінде тәрбиелейтін балабақшалар да жұмыс істеп жатыр.

Ресей ақпарат құралдары мен саясаткерлері кейінгі кезде Орталық Азия елдерінде "орыс тілі мен орыс тілінде сөйлейтін адамдардың" құқықтарының "бұзылып жатқанын" жиі мәлімдейтін болды. Тамыз айында Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты "Россотрудничество" агенттігі "Қазақстан мен Қырғызстанда орыс тілі мен орыс тілінде сөйлейтін адамдарға жасалған шабуыл – қауіпті тенденция" деп мәлімдеген. Кейін СІМ баспасөз хатшысы Мария Захарова Мәскеу өзінің ықпал ету аймағы деп санайтын Орталық Азияның кейбір елдерінде орыстілділердің дискриминацияға ұшырап жатқаны жөнінде мәлімдеген.

Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда кейбір саясаткерлер мен белсенділер ресейлік ақпарат құралдарындағы ақпараттық кампанияға наразылық білдірген. Ал республика деңгейіндегі басшылар қандай да бір қарсылық білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG