Accessibility links

"Демпартия" белсендісі өзін әлдекімнің арандатпақ болғанын айтты


Несие кешіруді талап еткендер Ұлттық банк алдында түнеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

Нұр-Сұлтанда Ұлттық банк алдында несие амнистиясын талап етіп жүрген "Демпартия" белсенділерінің бірі Аружан Дүйсебаева әлдекімнің өзін арандатпақ болғанына шағымданды. 19 қазанда ол партияның өзге мүшелерімен бірге банк алдында наразылық өткізіп тұрған кезде белгісіз бір ер адам келіп, оны құшақтай алды. "Аружанға тиіспеңдер!" деп айқайлап, оқыс қимыл көрсетті. Бұл сәтке Азаттық тілшісі де куә болды.

"Ол бір нәрсе айтатындай келді де, құшақтап, итеріп құлатты. Қаншама полиция тұр. Неге оны ұстамайды? Мен оны бұрын Алматыда көргенмін. Алматыда Абзал Достияров қамалған кезде полиция департаментінің алдында аштық жариялап отырдық қой. Сол кезде "Назарбаев кетпесін, жасасын!", "Назарбаев бізге керек" деп айқайлаған адам. Оның айқайлағанын қаншама адам көрді. Оны осы жаққа Алматыдан әдейі жіберіп отыр. Оның бәрін әдейі істеп отыр" деп жылады Аружан Дүйсебаева.

Наразылар акциясын бақылап тұрған полицейлер келіп, ер адамның аты-жөнін сұрап, сәлден соң алып кетті. Оны қайда әкеткені белгісіз. Аружан Дүйсебаева осы оқиғаға орай полицияға шағым түсіретінін айтты.

Полиция "белсендіні арандатпақ болды" делінген ер адамға сұрақ қойып жатыр. Нұр-Сұлтан, 19 қазан 2021 жыл.
Полиция "белсендіні арандатпақ болды" делінген ер адамға сұрақ қойып жатыр. Нұр-Сұлтан, 19 қазан 2021 жыл.

"Демпартия" белсенділерінің Ұлттық банк алдында наразылық акциясын өткізіп тұрғанына бір апта болды. 19 қазанға қараған түні олар банк алдында қонып шықты. Олар билікке бес түрлі талап қойған. Атап айтқанда:

  • коллекторлық компанияларда тіркелген проблемалық несиелерді кешіру;
  • жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау;
  • белсенділер жинаған 100 мың өтінішті қарап, мәселелерін шешу;
  • өкілетін асыра пайдаланған коллекторлық компаниялар мен сот орындаушыларын жауапқа тартуды қарастыратын заң қабылдау;
  • шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы.

Бұған дейін олар Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымованың шығуын талап еткен. Алайда олар наразылар алдына шықпады.

Тіркелмеген партия өкілдері бірінші рет Ұлттық банк алдына 12 қазанда барған. Кейін сол үшін бірнеше әйелге "Ұсақ бұзақылық" бойынша айып тағылып, айыппұл салынды. Аружан Дүйсебаева (бес күн) мен Әйгерім Тілеужан (екі күн) қамалған. 15 қазанда кешке қарай оларды полиция тағы ұстаған. Шамамен екі сағаттан кейін босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG