Accessibility links

Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай зымыран ұшырды


Зымыран сынағы. Солтүстік Кореяның ақпарат құралдары таратқан видеодан скриншот. 1 қазан 2021 жыл.
Зымыран сынағы. Солтүстік Кореяның ақпарат құралдары таратқан видеодан скриншот. 1 қазан 2021 жыл.

Пхеньян тағы да зымыран ұшырды. Жақында ғана осындай қару түрін таныстырған Оңтүстік Кореяның әскери басшылары сейсенбі күні осылай деп мәлімдеді.

Сеулдегі біріккен штаб ақпаратына қарағанда, "қысқа қашықтыққа ұшатын суасты қайықтарының баллистикалық зымырандары" 19 қазанда Синпо портының шығысынан Жапон теңізіне қарай ұшырылған. Бақылаушылар Корей түбегінде қару-жарақ жарысы қызғанын айтты.

Жапония мамандарының алдын ала мәліметіне сәйкес, Солтүстік Корея екі баллистикалық зымыран ұшырған. Ел билігі қыркүйектен бері жалғасып келе жатқанын сынақтарды "өте өкінішті жайт" деп атады.

Жапонияның жағалау қызметі кемелерге қауіпсіздік жөнінде нұсқаулық жіберді. Дегенмен зымыранның құлағаны жөнінде ақпарат жоқ.

АҚШ Солтүстік Кореяны "жағдайды тұрақсыздандыратын әрекеттерден аулақ болуға" шақырды. Солтүстік Корея кейінгі апталарда зымыран сынағанын жиілеткен. Кейбірі халықаралық санкция шарттарын бұзады.

Өткен айда Оңтүстік Корея да қысқа қашықтыққа ұшатын зымыранын сәтті түрде сынақтан өткізгенін хабарлаған. Ол мұндай қару түрін дамытқан ядролық қаруы жоқ алғашқы ел атанды.

18 қазанда Вашингтонда АҚШ пен Оңтүстік Корея уәкілдері Корей түбегін ядролық қарудан арылту мәселесін талқылаған. Кездесу 19 қазанда Сеулде жалғасады деп хабарланған.

АҚШ-тың Солтүстік Корея бойынша арнайы уәкілі 18 қазанда АҚШ мәселені Пхеньянмен дипломатиялық жолдар арқылы шешкісі келетінін, оған "жаулық ниеті жоғын" мәлімдеген.

Кейінгі жылдары АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы ядролық қарудан арылу бойынша келіссөздер нәтижесіз аяқталған.

АҚШ Солтүстік Кореяға ядролық қарудан бас тартса, санкцияны жұмсартатынын айтқан. Ал Пхеньян оған келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG