Accessibility links

Татарстанда енді президент болмайды. Мұның татар халқы үшін қаупі қандай?


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Татарстан президенті (оң жақта) өзге шенеуніктермен бірге Қазан қаласында. 2019 жылғы мамыр. Көп ұзамай екеуінің біреуі ғана президент болып қалады.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Татарстан президенті (оң жақта) өзге шенеуніктермен бірге Қазан қаласында. 2019 жылғы мамыр. Көп ұзамай екеуінің біреуі ғана президент болып қалады.

Ресейде Мемлекеттік дума депутаттары жаңа заң жобасын қарап жатыр. Құжатта Ресей құрамындағы аймақтардың бәрін "аймақ басшысы" басқаратыны айтылған. Осы күнге дейін "президент" лауазымын сақтап келген Татарстанда жұрт бұл шараны федерализмге жасалған шабуыл дейді. Олар "президент" лауазымын жою "Владимир Путиннің билігін" қолдауға бағытталғанын айтады.

Ресейде жаңадан сайланған Мемлекеттік Дума Ресей аймақтарындағы атқарушы билік титулын біріздендіруге бағытталған заң жобасын қарастырып жатыр. Төменгі палата депутаттарының алғашқы отырысы 12 қазанда өткен.

Заң қабылданса, президент, губернатор, мэр және басқа да титулдар жойылады. Оның орнына Ресейдегі 83 аймақтың, оның ішінде Ресей оккупациялаған Қырым облысы мен Севастополь қаласының басшысы "аймақ басшысы" деп аталады. Заң жобасын депутат Павел Крашенинников пен сенатор Андрей Клишас ұсынғанымен, оны Владимир Путиннің әкімшілігі дайындаған деп айтылып жүр. Бұл заңның анық қабылданатынын білдіретіндей.

Татарстанда көбі заң жобасы өздеріне бағытталғанын айтады. Олардың пікірінше, Мәскеу Мемлекеттік дума сайлауы мен Путиннің президенттік мерзімі аяқталатын 2024 жыл аралығында оның "вертикал билігін" нығайтуға тырысады. Қыркүйекте өткен Мемлекеттік дума сайлауында биліктегі "Единая Россия" партиясы жеңіске жеткені хабарланған еді. Аталған процестегі маңызды кезең 2020 жылы басталды. Ол кезде Конституцияға Путинге 2036 жылға дейін билікте қалып, алтыжылдық президент мерзімін әлі екі рет атқаруға мүмкіндік беретіндей өзгеріс енген.

"Президентті" "басшыға" ауыстыру жарлығы Ресей президенті әкімшілігінен тарайды. Бұған Татарстан ештеңе де істей алмайды" дейді Қазан мемлекеттік университетінің саясаттану профессоры Мидхат Фарукшин Азаттықтың Татар-башкұрт қызметіне.

Аймақтық парламент те, Татарстан президенті Рустам Минниханов та осы заң жобасы жайлы пікір білдірмеді. Азаттықтың сауалына облыстық парламенттің баспасөз қызметі "президент" лауазымын жоюды заңды не заңсыз екенін мәлімдеу Татарстан парламентінің құзыретіне кірмейтінін жазды.

Татарстан картасы.
Татарстан картасы.

3,8 миллион халқы бар Татарстан бұрыннан федерализмге, яғни, билікті орталық үкімет пен оған кіретін аймақтар арасында бөлуге қатты қарайтын өңір саналады. Татарлар – елде орыстардан кейін ең көп тараған этникалық топ. 1992 жылғы наурызда Совет одағы құлағаннан 3 ай өткен соң Татарстан "Ресей Федерациясы және басқа да республикалармен тең қарым-қатынас құра алатын егемен ел" деп танылды.

Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин аймаққа қарата "қанша жұта алса, сонша егемендік алсын" деп айтқан.

Путиннің кезінде федерализм қатты әлсіреді. 2000 жылы федералды аймақтар Кремльдің бақылауына өтіп, Федерация кеңесін құру және аймақтық басшыларды таңдау жолдары өзгерді. 2015 жылы Кремль Ресейде тек бір президент болуы керек деп, аймақ лидерін "президент" деп атауға тыйым салатын заң қабылдады. Алайда Татарстан қысымынан соң Путин бұл заңға Қазан бағынбайды деген шешім қабылдады.

Кейінгі заң жобасына жауап ретінде Татар жастарының дүниежүзілік форумы Мәскеу мен Қазанды Татарстанда президент титулын сақтап қалуға шақырып, лауазымның "саяси статусты, республиканың бейнесі мен Ресей федерализмін" білдіретінін айтты.

Қазан хандығын еске алу шарасы. Қазан, 15 қазан 2021 жыл.
Қазан хандығын еске алу шарасы. Қазан, 15 қазан 2021 жыл.

"Татарстанда президент лауазымы – республика басшысының титулы ғана емес. Бұл – Ресей мен 30-дан астам елде тұрып жатқан 7 миллион татардың символы" деп жазылған 4 қазанда жарияланған үндеуде.

Кремльдің "президент" титулын алып тастауға ұмтылуы да сонда жатыр дейді Прагадағы аймақтық және этникалық қарым-қатынас жөніндегі сарапшы Вадим Сидоров 4 қазанда жарияланған бағанында.

Путиннің үкіметі "либерал институттық реформалар мен республикалық ұлтшылдық синтезінен" қауіптенеді деп жазады Сидоров. Ол 2003 жылы Грузиядағы "Раушан революциясы" мен 2013-2014 жылы Украинадағы Еуромайданның қозғаушы күші ретінде осы синтезді қарастырады.

Саясаттанушы Валерий Капленков 7 қазанда жарияланған шолуында Дума қарастырып жатқан заң жобасы "елдің мемлекеттік бірлігін нығайтуда" ешкімді еркінсітпейтінін жазады. Сондай-ақ ол жергілікті заң шығарушы органдарының түркі тілінде "құрылтай" деп аталуын да сынап, "айтылуы қиын" аймақтық заң шығару институттарына да ортақ атау керек дейді. Бұл сөзді башқұрт, татар, бурят секілді түркі тілдерінде қолданылады.

"Негізгі заңдар мен республикалық конституциялар федералды орталықтың құзыретін шектейді. Бұл құжаттар бойынша титулды құрылымдар мемлекеттік егемендік алғандай" деп жазады Капленков. "Ұлттық-аумақтық құрылым тұрғысынан, Ресей астан-кестен: конституциялық деңгейде 20-дан астам квазимемлекет бар".

"Қазір 90-жылдардың жемісін көріп жатырмыз" дей келе ол дәлел келтірместен, аймақтағы "сепаратистік үрдіс" пен "билікті аңсап отырған этнократтар" жайлы ескертеді.

Татарстанның егемендігін жақтаушы кей топтар Мемлекеттік дума қарастырып жатқан құжатты қауіп көреді.

"Президент" лауазымынсыз республика республика болудан қалады" дейді татар белсендісі, 2018 жылы түрмеден шыққан соң Лондонға көшкен Рафис Кашапов Азаттыққа. "Елтаңба, әнұран немесе тудың қажеті болмайды. Татарстанды қолдайтын адамдарда қуғындағы белсенділерге қосылудан басқа жол қалмайды. Бірақ, шынымды айтсам, жұрттың көбі бұған алаңдайды деп ойламаймын".

Қазан мемлекеттік университетінің саясаттану профессоры Мидхат Фарукшин Татарстанға федерализм эрозиясына қарсы тұру тым кеш дегенмен келіседі. Оның сөзінше, 2002 жылы жаңа Конституцияны қабылдау қазіргі жағдайдың алғышарты болған. Онда егемендікті шектеп, аймақтағы билікті бөлу тетіктері бекітілген.

"Татарстан бұған тағы да көнеді. Кішігірім митингтер болатын шығар. Бірақ қазіргі оқиғаға әсер етуге белсенділердің шамасы жетпейді. 2002 жылы Татарстан үшін ең қауіпті кезең болды. Ал бүгінгі оқиға – соның салдары ғана. Президент лауазымы жойылады, оны Ресейдің саясаты өзгерген жағдайда ғана қайтарып алуға болады" дейді ол.

10 қазанда Қазанда Мемлекеттік думада Татарстан атынан депутат болған, автомонияны қолдап жүрген Фандас Сафиуллин 85 жасында коронавирустан көз жұмды. 1990 жылғы 30 тамызда ол Жоғарғы кеңес мінберінен Татарстан егемендігінің декларациясын оқыған. 1999-2003 жылдары Мемлекеттік думада депутат болып, латын қарпін сақтау жолында күрескен.

11 қазанда оны жерлеу рәсімі өтті. Оған келгендер оның "Мен кетемін, бірақ ұлт қалады. Оған не болады? Біздің орнымызды басатын жастар бар ма?" деген сөзін келтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG