Accessibility links

Семейде "мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген" әкім орынбасары жауапқа тартылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Семейде мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жөнінде 21 қазанда Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Әңгіме Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А. Гариков жөнінде болып отыр. Сонымен бірге әкім орынбасарына қатысты тәртіптік шаралар қолдану туралы хат жолданды. Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н.А. Фесенкоға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ ол әкімшілік жазаға тартылды. № 9 орта мектеп директоры Н.В. Тегай және №43 орта мектеп директоры міндетін атқарушы А.В. Искрина әкімшілік жауапкершілікке тартылды" делінген министрлік хабарламасында.

16 қазанда әлеуметтік желіде Семей қаласында № 43 мектеп мұғалімдерін сабақ кезінде сенбілікке жібергені жөнінде жазбалар тараған. Министрлік бұл тұста "Педагог мәртебесі туралы" заңның бұзылғанын алға тартады. Тексеру барысында сенбілікке №43 ғана емес, №9 мектеп мұғалімдері жіберілгені анықталған.

Министрліктің айтуынша, әкімшілік істі қарау барысында мұғалімдердің сенбілікке шығуына қала әкімінің орынбасары Гариковтың хаты себеп болғаны анықталған.

"Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген" делінген хабарламада.

2019 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес, Қазақсанда мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін айыппұл (20-120 АЕК) салу қарастырылған.

Қазақстанда мұғалімдер міндетінен тыс жұмысқа жегілетінін, сайлау, санақ кезінде үй аралауға мәжбүр болатынын, директорлар мемлекеттік газеттерге еркінен тыс жаздыратынын айтып, жиі шағымданады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG