Accessibility links

"Жалпыға ортақ еңбек". Жаңартылған білім стандартына ұстаз неге наразы?


8-сыныпқа арналған ""Көркем еңбек" оқу құралын пайдаланып үй тапсырмасын қарап отырған оқушы. Орал, 9 қыркүйек 2021 жыл.
8-сыныпқа арналған ""Көркем еңбек" оқу құралын пайдаланып үй тапсырмасын қарап отырған оқушы. Орал, 9 қыркүйек 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының мұғалімдері жаңартылған білім стандартына наразы. Оған еңбек сабағындағы оқу форматының өзгеруі себеп болған. Жаңа ережеге сай, енді ұлдар мен қыздарды бұрынғыдай бөлек оқытуға болмайды.

Қыздар киім тігіп, ас пісіреді, ұлдар қолдан орындық пен қоқыс салатын қалақ жасап шығарады. Қазақстан мектептеріндегі еңбек сабағы ондаған жыл бойы осылай оқытылып, сыныпта оқушыларды гендерлік сипатына қарай екі топқа бөлінетін. Бірақ білім министрлігі қабылдаған жаңартылған білім стандартына сәйкес, енді оқу тәртібі өзгереді. Топқа бөліп оқытуды балалардың гендерлік сипатына қарай емес, сыныптағы оқушы санына байланысты жалғастыруға болады, бұл үшін ауыл мектебінде бір сыныпта – 20, қаладағы мектепте – 25 оқушы болуы керек. Ұл бала киім пішіп, тігуді үйренуге ықылас білдірсе, ал қыздар "ағаш ойып, станокта жұмыс істеймін" десе, мектеп бұған қарсы болмауы тиіс.

Бұл білім стандарты 2018 жылы бекітілген. Бірақ былтыр көп мектеп қашықтан оқығандықтан, осы өзгеріс қолданысқа енбеген. Биыл оқушылар мектепке оралған соң бірқатар мәселенің басы көріне бастады.

МҰҒАЛІМНІҢ САҒАТЫ НЕГЕ ҚЫСҚАРДЫ?

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы еңбек пәні мұғалімі Қарлығаш Құрманова жаңа оқу жылы басталғалы бірнеше сыныпқа сабақ беріп үлгерген. Ұстаздың айтуынша, әзірге сабақты қалай өткізу керегі түсініксіз. Өйткені оқушылар бірге отырып оқығанымен, оларға арналған ортақ оқу бағдарламасы берілмеген.

– Бағдарлама жоқ. Мәселенің шешімі де жоқ. Кеше 9-сыныпқа сабақ бердім, оларда 16 оқушы бар. Қыздардың оқу бағдарламасы бойынша кілем тоқуды өтуіміз керек. Ұлдарда интерьер нобайын жасау деген тақырып тұр. Әзірге теорияны ғана өтіп жатырмыз. Ары қарай практика басталады. Сол кезде қиын болады, – дейді Қарлығаш Құрманова.

"Балаларды қалай оқыту керек?" деген сұрақпен бірге тағы бір мәселе бар. Жаңа оқу жылында көп мұғалімнің жалақысы азайған. Еңбек сабағында ұлдар мен қыздарды бір сыныпқа біріктіргеннен кейін арнайы құрылғымен жұмыс істейтін мұғалімнің сағаты қысқарған. Олар бұл туралы тамыздың аяғында хабарлаған. Ондаған адам жағдайды түсіндіруді сұрап, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасына барған.

– Сонда бір сыныпта бір мұғалім ғана қалады, бұрын екі мұғалім болатын: біреуі – қыздарға, екіншісі ұлдарға сабақ беретін. Қазір оқушылармен қалай жұмыс істеу керегі түсініксіз. Не бір шеберханадан екіншісіне жүгіріп жүреміз (бірақ қауіпсіздік техникасы бар, әр бала үшін жауап береміз), не олар шеберханада кезекпен жұмыс істейді, – дейді облыстық білім басқармасына келген азаматтардың бірі, Раздольное ауылындағы мұғалім Людмила Григоренко.

Батыс Қазастан облысы Раздольное ауылындағы мектептің еңбек пәні мұғалімі Людмила Григоренко. Орал, 26 тамыз 2021 жыл.
Батыс Қазастан облысы Раздольное ауылындағы мектептің еңбек пәні мұғалімі Людмила Григоренко. Орал, 26 тамыз 2021 жыл.

Тамыздың аяғында Оралға Бәйтерек ауданындағы мектепте істейтін Қарлығаш Құрманова да келген. Оны бірнеше жылдан кейін зейнетке шығатын мұғалімдердің жағдайы толғандырады. Қазір мұғалімдердің жұмыс сағаты мен жалақысы қысқарып жатыр, ал бұл болашақта зейнетақы мөлшеріне әсер етпек. Мұғалімдер зейнет жасына таяған шақта жаңа жұмыс табу не басқа мамандықты игеру қиын екенін айтып шағынды.

– Жеті жылдан кейін зейнетке шығамын. Қазір мектептегілер "жүктемеңізді қысқартпаймыз, жұмысыңызды жалғастыра бересіз" деп отыр. Бірақ менімен бірге істейтін әріптесімнің сағаты қысқарады. Оның екі не үш жұмыс сағаты ғана қалады. Ал мұғалімдердің жұмыс ставкасы 16 сағат болуы керек, – дейді Бәйтерек ауданының мұғалімі Қарлығаш Құрманова.

Облыстық білім басқармасы өкілдері мұғалімдерге жағдайды түсіндірген жоқ. Тек үш мұғалімге білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиеваға жолығуға рұқсат берді.

Темірғалиева жаңартылған білім стандарты былтырғы оқу жылында күшіне енгенін, соған қарамастан бір жыл бойы оқушыларға еңбек сабағы "жергілікті бюджет есебінен" оқытылып келгенін айтты. Бірақ енді оқушылар топқа бөлінбейді. Білім басқармасы өкілі бұл туралы мұғалімдерге алдын-ала ескертілгенін алға тартты.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева. Орал, 26 тамыз 2021 жыл.
Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева. Орал, 26 тамыз 2021 жыл.

– Олардың басқа қаладан болса да, жаңа жұмыс табуға бір жыл уақыты болды. Басқа жаққа көшуге де уақыт болды. Оларға алдын-ала ескертілген, мамыр айында мұғалімдерге хат жібергенбіз, – деді Темірғалиева.

Ол сондай-ақ "Бізде ер немесе әйелге арналған мамандық" деген жоқ" деп мәлімдеді.

– Мұғалімнің жұмыс сағаты неге қысқарып жатыр? Өйткені бұрынғыдай топқа бөлу деген жоқ. Бір сыныпта 10-13 оқушы ғана оқитын шағын елдімекенде балаларды қалай бөлеміз? – деді басқарма басшысының орынбасары.

МИНИСТРЛІК МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ШАҒЫМЫНАН "МӘСЕЛЕ КӨРМЕЙДІ"

Былтыр білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. Ол Facebook парақшасында еңбек сабағында ұл және қыз балаларды бөліп оқытуға байланысты пікір білдіріп, "қоғамда ер немесе әйел адамға арналған мамандық" деген түсінік 5-10 жыл бұрын жойылып кеткенін" атап өтті.

"Бүгінде аспаз, кондитер, ресторатор, шаштараз, тігінші немесе басқа да мамандықтар ер адамның да кәсібіне айналды, ал шаруа, мәшине я трактор жүргізуші, комбайншы, бокс, күрес, футбол және басқа да мамандықтар әйелдер спорты мен еңбек саласына енді. Бизнестің әртүрлі саласында ерлермен қатар әйелдер де табысты еңбек етіп жүр. Әрине, мұндайда "Мектеп осы өзгерістерге қарай бейімделуі керек емес пе?" деген заңды сұрақ туындайды" деп жазды Каринова.

Ол бұл бастаманы "оқушыларды топқа бөліп оқыту "қаржыға қатысты заңбұзуға және бюджеттен бөлінген ақшаны тиімсіз пайдалануға соқтырады" деп түсіндірді. "Балалар мен ата-аналардың қалауы бойынша топқа бөліп оқытуды жалғастыруға болады, оқушыларға таңдау құқығы беріледі" деді білім вице-министрі.

Алайда Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы еңбек сабағында сыныпты гендерлік сипатына қарай бөліп оқытуға болмайды деген ұстанымда отыр.

Жаңа оқу жылы қарсаңында орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр Каринова білім министрлігінің БҚО-дағы жағдаймен таныс екенін айтты.

– Бұл – биылғы жылдың жаңалығы емес. Өзгерістер 2018 жылы енгізілген. [Сыныпты топқа бөлу не бөлмеу] министрлік бұйрығымен емес, жергілікті органдар мен жекелеген мекемелердің оқу жоспарымен шешіледі. Үлкен мәселе бар дей алмаймын. Батыс Қазақстан облысындағы мәселеге келсек, олармен байланыстамыз. Бірақ жалпы алғанда, мұғалімдерді қысқарту деген мәселе жоқ, – деді 27 тамызда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген вице-министр.

Еңбек мұғалімдерінің жұмыс жүктемесін азайту мәселесі Батыс Қазақстан облысында ғана тіркелген сияқты. Әзірге басқа өңірдегі мұғалімдерден мұндай шағым түскен жоқ. Соған қарағанда, жергілікті билік мектептердегі еңбек сабағын бұрынғы форматта қалдырып, мұғалімдер сағаты өзгермегенге ұқсайды. Ірі қалалар мен халық тығыз қоныстанған оңтүстіктегі облыстарда бір сыныпта 25-тен көп бала оқиды, мұндайда оқушыларды топқа бөлуге байланысты мәселе туындамайды.

Білім басқармасы дерегінше, Батыс Қазақстан облысында 520 еңбек мұғалімі болса, оның ішінде 260 адамның жұмыс сағаты қысқарған. Бір адам мүлде жұмыссыз қалған, осы мақала жарияланғанға дейін тағы сегіз адам басқа жұмысқа орналасқан.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы маңына жиналған еңбек пәні мұғалімдері. Орал, 26 тамыз 2021 жыл.
Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы маңына жиналған еңбек пәні мұғалімдері. Орал, 26 тамыз 2021 жыл.

Облыстық білім басқармасы "мектеп әкімшілігі жұмыссыз қалған мұғалімдерді басқа бос жұмыс орындарына орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр" деп хабарлады, бірақ мұғалімдерге мектептен басқа қандай жұмыс ұсынылуы мүмкін екенін нақтыламады.

9 қыркүйекте Азаттық редакциясына білім және ғылым министрлігінен Шолпан Каринова қол қойған жауап хат келді. Онда еңбек пәні мұғалімдерінің жұмыстан қысқармағаны жазылған.

Министрліктің жазбаша жауабында "Өңірлік білім басқармалары дерегінше, еңбек пәні мұғалімдерін жұмыстан қысқарту фактісі тіркелмеген. Қазір ел аумағындағы мектептерде 5375 еңбек пәні мұғалімі бар. Сабақ барысында шеберлікке баулу жұмыстары белгіленген тәртіпте жүреді" делінген. Министрлік сондай-ақ "мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлығы оқулықтармен қамтылғанын" атап жазған.

АТА-АНА МЕН ШӘКІРТ НЕ ДЕЙДІ?

Батыс Қазақстан облысында оқушылар жаңа оқу жылының алғашқы аптасынан кейін еңбек сабағына қатысты өзгерістердің білім процесіне қалай әсер ететіні туралы қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтады. Азаттық тілшісі сөйлескен сегізінші, тоғызыншы сынып оқушылары еңбек сабағын бүкіл сыныппен бірге оқу жайлы теріс пікір айтқан жоқ.

Бірақ жаңартылған білім стандарты кей ата-ананың көңілінен шықпаған сыңайлы. Орал тұрғыны Регина Аксентьеваның ұлы қаладағы орта мектептердің бірінде 8-сыныпта оқиды. Әдетте бұл кезде еңбек сабағында қыздарға үй шаруасын, ұлдарға ағаш, темірмен жұмыс істеуді үйрете бастайтын. Бірақ енді еңбек сабағының қалай өтетіні белгісіз.

– Мұғалімдердің қайсын қалдырады? Ағаш пен темір кесетін ұстаны ма, әлде алжапқыш тігетін апайды ма? Болмаса, мұғалімдерді қайта оқыта ма? Өз басым еңбек пәнінен беретін ағайдың алжапқыш тағып, тамақ дайындағаны немесе тігін тіккені, ал апайдың қолына ағаш не темір кесетін құрал ұстағаны ерсі көрінеді деп ойлаймын. Ұл бала тігінші болғысы келсе, мектептен кейін сондай оқуға барсын. Бірақ барлық баланы бір қалыпқа салу… ақылға сыймайды ғой. Қалтасына сүңгітіп тауысқан бюджетті қалай толтырарын білмей, енді ойына келгенді қысқартып отыр, – дейді Аксентьева.

Үкімет мектеп қазіргі шынайы өмір сұранысын ескеріп, қоғам ер не әйел ғана істейтін мамандық деген таптаурын көзқарасты жеңіп, адамдарды гендерге байланысты бөліп-жарудан, сексизмнен арылуы керек деп есептейді. Ұлттық заңнама мен халықаралық нормаларға сәйкес, ел азаматтары жынысына, ұлтына, жеке көзқарасына қарамай, еш кедергісіз білім алуға құқылы.

Бір жарым жылдан соң мектеп дәстүрлі форматқа оралды. Ата-ананы не алаңдатады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:15 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG