Accessibility links

"Жалақыны жырымдап береді". Мұғалімнің еңбекақыны үш бөліп алуына кім кінәлі?


Мұғалім мен шәкірттер сабақ кезінде. Көрнекі сурет.
Мұғалім мен шәкірттер сабақ кезінде. Көрнекі сурет.

Ақмола мен Алматы облыстарының кей мектептерінде мұғалімдердің жалақысын кешіктіріп, бөліп төлейтіні жайлы жиі айтылып жүр. Бұған мұғалім жалақысының үш жерден – аудандық, облыстық және республикалық бюджеттен құралуы себеп дейді білім саласы шенеуніктері. Министрлік бұл еңбекақының уақытында төленуіне еш әсер етпеуі керек десе, мектептер "бюджеттен ақша түспегенін" айтады. Ұстаздар көптен бері осының зардабын тартып жүргеніне шағынады.

Райхан Тәжбекеева Ақмола облысының Аршалы ауданы Бұлақсай ауылындағы орта мектепте химия пәнінің мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Мұнда 2012 жылы қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданынан көшіп келіп, "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен несиеге баспана алған. Райханның сөзінше, мектептегі еңбекақысы бірнеше жылдан бері есепшотына уақытынан кешігіп әрі бөлініп түседі. Биыл күзге дейін қайта-қайта бөлінсе де, жалақы бір айда толық беріп келген. Бірақ қыркүйекте жарты айлығын алған ол қарашаның соңына дейін ештеңе көрмегенін айтады.

Айлықты толық бермейді. Шатастырып жібереді

– Былтыр айлығым 206 мың теңге болған. Биыл білмей отырмын. Өйткені бір айлықты толық бермейді. Шатастырып жібереді. Несием бар. Уақтылы төлемеген соң банк есеп-шотымды бұғаттап тастады. Не істейтінімді білмеймін. Бірнеше жылдан бері айлықты осылай төрт-беске бөліп беріп жүр, – дейді Райхан Тәжбекеева.

Райханның үш баласы бар. Жұбайының тұрақты жұмысы жоқ. Соның салдарынан банктегі несиелерін өтей алмай қалған. Ақшадан қысылғанда шешесінің зейнетақысына қарайды. Тұрмысы нашарлаған мұғалім "реті келсе, өзім туып-өскен Түркістан облысына қайта көшсем" дейді.

Ауыл мектебінде оқушыларға үй тапсырмасын дайындап отырған мұғалім. Түркістан облысы, 30 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Ауыл мектебінде оқушыларға үй тапсырмасын дайындап отырған мұғалім. Түркістан облысы, 30 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Уақытында айлығын ала алмай, несиесін төлей алмай жүрген тағы бір мұғалім – Тұрымтай Қаден. Екі жылдан бері еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген ол да жалақыны бөліп алатынын, соның кесірінен тұрмыс қиындағанын айтады. Тұрымтай бұған дейін өзі жұмыс істеген Ақмола облысы Олжабай ауылындағы бастауыш мектепте жалақы кешіктіру, оны бөліп төлеу мәселесі болмады дейді.

"БІЗДЕ СЕНІМНЕН ГӨРІ ҮРЕЙ БАСЫМ"

Азаттық сөйлескен тағы бір мұғалім Самал Рахметованың айтуынша, Аршалы ауданына қарасты басқа ауылдарда да мұғалімдер айлығын осылай бөліп алады. Дегенмен кей мектепте еңбекақы дер кезінде толық беріледі.

– Қыркүйекте 70 мың теңгедей ақша берді. Оны да үш рет бөліп түсірді. Қыркүйектегі ақшаның қалғанын, қазан айының еңбекақысын сұрасам, есепші "мемлекеттен қараша айының ақшасы түскенде береміз" дейді. Қарашаның айлығын сұрасақ, оны сосын көреміз деп отыр, – дейді Самал Рахметова.

Ақмола облысындағы ауыл мектептерінің бірі. 10 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Ақмола облысындағы ауыл мектептерінің бірі. 10 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Самалдың айтуынша, бұл проблема Бұлақсай мектебіндегі мұғалімдердің бәрінің басында бар, бірақ мәселені көтеріп, аудандық білім басқармасына бес-алтауы ғана хабарласып жүр.

– Бізде мәселені ашық айтуға қорқады, [өйткені] мектеп әкімдікке қарайды. Талай рет мұғалімдерге "Біз айтпасақ кім айтады?" дегенмін. Көбі орнынан қозғалмады. Себебі бізде сенімнен гөрі үрей басым. Банк "есеп-шотыңды бұғаттаймыз, несиеңді төле" деп жағамыздан алғанда, біз есепшіні қысамыз. Ол "республикадан ақша түспей жатыр, бізге не дейсіз?!" дейді. Бар жауабы – сол, – дейді ол.

Бізде мәселені ашық айтуға қорқады, [өйткені] мектеп әкімдікке қарайды.

Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов ауыл мұғалімдеріне жалақының әртүрлі уақытта, үшке бөлініп берілетінін және бұл мәселенің бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын растады.

– Еңбекақы аудандық, облыстық және республикалық бюджеттен үш бағдарлама бойынша төленеді. Бұған дейін аудандық білім бөлімінде тұрақты қызметкер болмады. Мәселенің туындауына ол да әсер етті. Жақында конкурс өткізіп, жаңа басшы алдық. Жаңа жылдан бастап жалақы ай сайын толық беріледі, – дейді басқарма басшысы.

"ТҮБІРТЕКТЕ – БАСҚА, ЕСЕПШОТТА – БАСҚА СОМА"

Мұғалімдер түсінбей отырған тағы бір мәселе – бөлек-бөлек түсетін ақшаның білім басқармасынан берілетін түбіртектегі сомадан азырақ шығатыны. Самал Рахметованың сөзінше, 10 желтоқсан күні оған қазан айындағы жалақының қалдығы мен қарашаның толық айлығы түскен. Мұғалім банк картасына түскен ақшаның аудандық білім бөлімінен берілген түбіртекте көрсетілген сомадан 7 мың теңгеге аз екенін, қазан айында да түбіртектегіден 4 мың теңге кем түскенін айтады. Оның сөзінше, айлықтың бірнеше мың теңгесі жетпей қалуы үнемі қайталанып отырады.

Банкоматтан ақша алып тұрған адам. Көрнекі сурет.
Банкоматтан ақша алып тұрған адам. Көрнекі сурет.

Ақмола облыстық білім басқармасының бас есепшісі Махаббат Жексенбаева педагогтардың айлығы үш бөлініп түсетінін мойындайды, бірақ жалақы кем түсуі мүмкін емес дейді.

Бұлақсайдағы мұғалімдердің қыркүйек, қазан, қараша айларындағы жалақысы тек 28 қараша күні толығымен төленген. Мұны Азаттыққа Ақмола облысы Аршалы аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Молдахан айтты. Оның сөзінше, қазір Бұлақсай ауылы мұғалімдері алдында ешқандай қарыз жоқ. Жалақының кеш төленуіне басқарманың есепшотына ақшаның кешігіп түсуі себеп болған.

"РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТЕН АҚША ТҮСПЕЙ ЖАТЫР"

Тек Ақмола облысы ғана емес, Алматы қаласының іргесінде де мұғалімдер жалақысын кешіктіріп жатқан мекемелер бар. Алматы облысының Қарасай ауданы Береке ауылындағы орта мектепте соңғы айдың жалақысы бөлек-бөлек төленген. 30 жылдан астам уақыт бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келе жатқан Мария Жалғасова жалақы кешігу бұған дейін тек 1990 жылдары ғана болған еді дейді.

– Қарашаның айлығын үш бөліп берді. [Мұндай жағдай] үнемі қайталанып тұрады. Жазғы еңбек демалысы кезінде де осылай болды. Есепшілер республикалық бюджеттің ақшасы кешігіп түсетінін айтады, – дейді ол.

Шамалған ауылындағы мектепте ашылған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың музейінде мұғалім оқушыларға ол жайлы әңгімелеп тұр. Қарасай ауданы, 28 қараша 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Шамалған ауылындағы мектепте ашылған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың музейінде мұғалім оқушыларға ол жайлы әңгімелеп тұр. Қарасай ауданы, 28 қараша 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Қарасай ауданындағы Шамалған орта мектебінде жұмыс істейтін Динара Есалина да әріптесінің сөзін растайды. Бұл мектепте де соңғы уақытта жалақы арасына апта салып, үш бөліп берілетін болған.

– Бухгалтерия республикалық бюджеттен түспей жатыр деп айтты. Бұған дейін айлықты үшке бөлсе де, бір күннің ішінде толық түсіретін. Әр айдың ортасында төлейтін етіп несие алғанбыз. Оған да кедергісін келтірді, – дейді Динара Есалина.

ВИЦЕ-МИНИСТР ЕҢБЕК КОДЕКСІНЕ СІЛТЕЙДІ

Азаттыққа берген жауабында Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мұғалімдер еңбекақысы жергілікті, облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен құралатынын айтты.

"Мектеп бюджетінің шығыстары үш бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады (оның ішінде еңбекақы төлеу қоры бар). Тиісінше, еңбекақы педагогтарға үш көзден аударылады" деді Асылова.

Бастауыш сынып оқушылары мен мұғалім сабаққа кіріп барады. Көрнекі сурет.
Бастауыш сынып оқушылары мен мұғалім сабаққа кіріп барады. Көрнекі сурет.

Дегенмен ол республикалық бюджеттен қаражат дер кезінде аударылатынын, айлықты беру уақытын жергілікті әкімдік пен білім бөлімдері белгілейтінін жекізді. "Бюджет шығыстарын, оның ішінде еңбекақыны жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ білім беру ұйымдары жеке қаржыландыру жоспарларына сәйкес төлейді. Педагогтардың еңбекақысын толығымен бір уақытта аударуға министрлік тарапынан кедергі жоқ" деп жазды Бибігүл Асылова Азаттыққа жауабында.

Вице-министр Қазақстан Еңбек кодексінің 113-бабына сілтеме жасады. Оның айтуынша, "заңға сәйкес, қызметкер еңбекақысы келесі айдың бірінші онкүндігінен кешікпей төленуі тиіс әрі еңбекақы төленетін күн еңбек туралы жеке, ұжымдық шарттарда көрсетіледі".

Әрбір мұғалім өз құқығын өзі қорғауы керек. Оның тапталған құқығын біреу келіп қорғап бермейді.

2016 жылы мұғалімдерге қызмет міндетінен тыс жүктеме беруге қарсы азаматтық белсенділігімен танылып, қысымға ұшыраған Айман Сағидолла "мұғалімге жалақыны уақытылы бермеу – ұстазды құрметтемеу", яғни ол құқықтық қана емес, моральдық жауапкершілік деп санайды. Ол мұндай мәселе туындамауы үшін әр ұстаз өз құқын қорғауы керек дейді.

– Әрбір мұғалім өз құқығын өзі қорғауы керек. Оның тапталған құқығын біреу келіп қорғап бермейді. Біз де кезінде осындай қиындықтардан кейін құқығымызды талап ете бастадық. Бұрын мұғалімнің өзін қорғауы қиындау болған шығар. Қазір Facebook тәрізді әлеуметтік желілер бар. Журналистер де көп, – дейді Айман Сағидолла.

Құрметті оқырман, еңбекақыны уақытында алып жүрсіз бе? Сіз жұмыс істейтін мекемеде айлықты кешіктірмей төлей ме? Ой-пікіріңізді Азаттықтың әлеуметтік желідегі парақшаларына жазуыңызға болады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG