Accessibility links

"Директордың туған күніне де". Жөнсіз ақша жинауға шағынған мұғалімдердің оқиғасы қалай өрбіді?


Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында үш жыл бұрын ашылған №125 мектептің мұғалімдері Ләззат Әжібекова, Зәмира Темірова, Сәбира Ортаева, Зәмира Кеңілбаева "жөнсіз ақша жинау" туралы шағымданып тұр. 10 қараша 2020 жыл.
Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында үш жыл бұрын ашылған №125 мектептің мұғалімдері Ләззат Әжібекова, Зәмира Темірова, Сәбира Ортаева, Зәмира Кеңілбаева "жөнсіз ақша жинау" туралы шағымданып тұр. 10 қараша 2020 жыл.

Шымкент қаласында "жөнсіз ақша жинаудан" шаршаған бірнеше мұғалім Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады. Қалалық білім бөлімі мұғалімдерді кінәлады, әкімдік шағымданушы мұғалімдер көбейді деді. Сарапшылар мектептегі жемқорлықты жою үшін білім саласын реформалау керек екенін айтады.

МҰҒАЛІМДЕР ШАҒЫМЫ ЖӘНЕ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

8 қараша күні Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында үш жыл бұрын ашылған №125 мектептің бес мұғалімі Ділбара Түйтенова, Меруерт Қайырова, Рано Әбдіханова, Бағила Төлеева, Сапаркүл Апрежова Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шықты. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетовке датын айтты. Терезе пердесінен бастап, кітапқа, газетке, мектеп директорының туған күніне, есеп өткізуге, карантин кезінде оқып жатқан 1-сыныпты жаппау үшін де ақша жиналғанын ашық айтты. 9 қараша күні қалалық білім басқармасының жетекшісі Жанат Тәжиева арызданушы мұғалімдерді кабинетіне шақырды. Ал мектептің өзге 41 мұғалімін онлайн режимде қосып, жиналыс өткізді. Шағынған мұғалімдерден қайта-қайта дәлелдейтін құжаттарды сұрап, соңында өздерін ақша жинау дерегін айтпай келгені үшін кінәлады.

Азаттық тілшісі қатысқан жиналыс шамамен бір сағатқа созылды. Одан кейін Тәжиева бес мұғаліммен жеке үш сағат сөйлесті. Бас-аяғы төрт сағаттық жиналыстан шыққан мұғалімдер айтқан шағымынан айнығандай болды. "Әуелі өзара шешіп алайық, сосын дәлелдерімізді ұсынамыз" деді. Бірақ неге мұндай ортақ шешімге келгенін бұғып қалды.

Осы күні №125 мектептің директоры Әсет Сатыбалдиев қан қысымы көтеріліп қаладағы кардиология орталығына жатқаны хабарланды. Ол Азаттыққа мұғалімдер шағымы туралы қандай да бір пікір беруге денсаулығы көтермейтінін айтты.

Білім басқармасында өткен жиналыс туралы шыққан ақпараттан соң 10 қараша күні мұғалімдер шағымы қоғамда қызу талқыға түсті. Түске жақын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Facebook парақшасында білім басқармасы шағым бойынша арнайы комиссия құрғанын, "айыптылар жазаланатынын" мәлімдеді. Әкімнің орынбасары Азаттыққа мұғалімдер мәлімдемесінен кейін мектептерде ақша жинау туралы өзге де шағым көбейгенін айтты.

Мұғалімдер әкімшілікті "ақша жинайды" деп айыптап, Тоқаевтан араша сұрады

Мұғалімдер әкімшілікті "ақша жинайды" деп айыптап, Тоқаевтан араша сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Осы кезде №125 мектептің арызданған бес мұғалімін жақтап, олардың сөзін растап осы мектептің тағы бес мұғалімі шағынды. Олардың бірі мектептегі технология бірлестігінің жетекшісі Сәбира Ортаева әр бірлестікте бір-бірден кассир сайланып қойғанын да жасырмады. Кешке бір күн бұрын мұғалімдерді жұмыс кабинетіне шақырып, кінәлап төрт сағат шамасында ұстаған қалалық білім басқармасының басшысы Тәжиева оларды іздеп №125 мектепке келді, жақтаған кейіп танытты.

12 қараша күні арызданған бес мұғалім мен мектеп директорының орынбасары Салиха Майлабай қалалық білім басқармасына барды. Салиха Майлыбай басқарма қызметкерлеріне өзінің және мектеп директоры Әсет Сатыбалдиевтің "өз еркімен жұмыстан босау" туралы өтінішін тапсырды.

"ДИРЕКТОРДЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ АҚША ЖИНАДЫҚ"

120-дан аса қызметкері бар №125 мектептің мұғалімдері президент Тоқаев пен министр Аймағамбетовтен араша сұрауының себебін арыздарының елеусіз қалғанымен түсіндіреді. Олардың сөзінше, бұған дейін қалалық білім басқармасы мен қалалық білім сапасын бақылау департаментіне арызданған. Бірақ жауап болмаған.

Шымкенттегі №125 мектептің мұғалімі Сәбира Ортаева қалалық білім басқармасы жетекшісі Жанат Тәжиеваның қабылдауында. 9 қараша 2020 жыл.
Шымкенттегі №125 мектептің мұғалімі Сәбира Ортаева қалалық білім басқармасы жетекшісі Жанат Тәжиеваның қабылдауында. 9 қараша 2020 жыл.

Арызданған бес мұғалімнің жұмыс өтілі 8 жылмен 34 жыл аралығында. Үш жылдан бері "жөнсіз ақша беріп, шаршадым" деген мұғалімдердің бірі 30 жылдан бері сабақ өтіп жүрген Меруерт Қайырова мектепте ақша жинауға қарсы шыққан адам "бәлеқор, жалақор" деген атқа қалатынына налиды. Оның айтуынша, "СЭС-ке (Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін айтады – ред.) – 2 500 теңге, газетке – 6 000 теңге, директордың туған күніне – 1500 теңге, кітапқа – 500 теңге, есепке – 270 теңге" беріңіздер деген тапсырма мұғалімдердің ашуын келтірген.

– Бұған дейін де терезе пердесіне, әдістемелік бұрыштамаларды жасауға, гүл сатып алуға, білімін жетілдіру курсына баруға, қосымша сабақ алуға, тағы басқа мақсатқа түрлі соммада ақша жиналды. Ақша жинауға қарсы шыққандар "бәлеқор, жалақор" деген атқа қалды. Мектепішілік жиналыстарда ақша бермеген мұғалімдердің аты аталып, көпшіліктің алдында психологиялық қысымға ұшырады. Біреудің еңбекақысын емес, өз ақшамызды даулап отырмыз. Мектеп әкімшілігі мен кәсіподақ жиналған ақшаның есебін берсін дедік. Бұл сонда айып па? – дейді Меруерт Қайырова.

Бес мұғалімді қолдап, олардың сөзін растаған №125 мектептің мұғалімі Зәмира Темірованың сөзінше, осы уақытқа дейін "ұят болады", "өзіміз үшін" деген сылтаумен шыдап келген. Мысалы, мектеп әкімшілігі өздері тізімдеп қойған газеттерге жазылуды талап етеді. Осы жылы газетке жазылу үшін әр мұғалімнен 6 мың теңге жиналған. Бірақ кім қай газетке жазылғанын білмейді.

Ал биология пәнінің мұғалімі Ләззат Әжібекова ақша жинауға қарсы шығып, психологиялық тұрғыдан қысым көргенін жасырмайды. "Ұжымда ақша жинауға қарсы шығатындар көп. Олар іштей тынып отыр. "Бала-шаға бағып отырмыз, кредитіміз бар, жұмыстан айырылып қалғымыз келмейді" деп қорқады" дейді ол.

Десе де №125 мектепте "ақша жиналады" дегенді жоққа шығаратын мұғалімдер бар. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Салиха Майлыбайдың сөзінше, білімін жетілдіру курсына мұғалімдер сұраныс арқылы барады, газетке өз еріктерімен қажеттіліктері үшін жазылады, ал сағат жүктемесі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқанына қарай беріледі. Майлыбай ол үшін ешкімнен ақша жиналмағаны, әдістемелік кітаптарды әркім өзі үшін сатып алатынын айтады.

– Сыныбымда үйде оқитын оқушы бар. Сол оқушыны оқыту үшін қосымша екі сабақ алдым. Бірақ ешкім ақша алған жоқ. Қоғамдық жұмыстарға араласқаным үшін берді. Ақша алады дегенді естіген емеспін, – дейді №125 мектептің мұғалімі Ақмарал Ерөскенова.

Шымкентте директордың "жөнсіз ақша жинайтынына" шағымданған мұғалім көбейді

Шымкентте директордың "жөнсіз ақша жинайтынына" шағымданған мұғалім көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

"АҚША ЖИНАУ ЕРІКТІ БОЛА МА, МӘЖБҮРЛІ БОЛА МА, МӘСЕЛЕ БАСҚАДА"

№125 мектеп мұғалімдерінің арызымен танысқан қлалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева бірнеше күннің ішінде бір-біріне қарама-қайшы әртүрлі ой айтты. Әуелі "жөнсіз ақша жинау" туралы ашық айтқаны үшін мұғалімдерге алғыс білдірді. Іле-шала әуелі "басқармаға айтпадыңдар" деп ренжіді. Артынан бірнеше жыл бойы "мәселені айтпай, жасырғаны" үшін шағымданушыларды кінәлады. Кейін ақшаны мәжбүрлі түрде берген-бермегенін, талап еткен-етпегенін сұрады.

– Cіздерге "осы затты аласың" деп талап етіп, міндеттеді ме? Кейбір мектептерде айлық алып отырған соң мұғалімдер үлесімізді қосамыз деп жатады. Кейде мәжбүрлейді. Сіздерді мәжбүрледі ме? Ақша жинала бастағанда неге тоқтатпадыңыздар? Сіздер де осыған жауаптысыздар – деді ол 9 қараша күні басқармада шағымданушы мұғалімдермен өткен жиында.

Мұғалімдер бір ауыздан мектеп әкімшілігі ақша жинауды міндеттегенін, мәжбүрлегенін жеткізді.

Маржан Аспандиарова.
Маржан Аспандиарова.

Мұғалімдердің құқығын қорғап жүрген құқық қорғаушы Маржан Аспандиарова мұғалімдердің ертелі кеш жөнсіз ақша жинау туралы шағымдануын дұрыс санайды. Мектепте ақша жинау бұрын да болған, қазір де бар. Кеш те болса мәселені ашық айтқан мұғалімдердің шығуының өзі өзгеріс. Шағымын айтып, араша сұраған мұғалімдерге білім басқармасы басшысының "бұған өздерің де кінәлісіңдер, жауаптысыңдар" деп айту айып, білімсіздік.

– Тек қана мұғалімдер емес, Қазақстан қоғамында құлдық психология деген бар. Әсіресе мемлекеттік мекемеде істейтін адамдар басшылыққа тәуелді. Мектепте барлық билік мектеп директоры мен оның орынбасарларының қолында. Мұғалімдердің қорқып, жасыратыны содан, – дейді құқық қорғаушы.

Асфендиярованың сөзінше, мұғалімдер соңғы үш жылда болған ақша жинау дерегін заңмен даулай алады. Мектепте ақшаны бір адам ғана жинамайды, бір адам тапсырма берсе, бірнешеуі жасырын жинап береді. Мұның өзі ұйымдасқан қылмыстық топ болып саналады. Мәжбүрлі түрде берілді ме, әлде өз еркімен берді ме мәселе онда емес. Мәселе қаржының жиналғанында. Негізгі факт – осы. Ал ақша жинау туралы айтқан мұғалімдердің жұмыс істеуіне кедергі жасалып қысымға ұшырайды. Бұл – бәріне белгілі нәрсе.

– Білім басқармасы не қалалық әкімдіктің құрған арнайы комиссиясы "ақша жинау дерегін" ашпайды. Өйткені "қарға қарғаның көзін шұқымайды". Арызды анықтау үшін әуелі мектеп директорын уақытша болса да, жұмыстан босату маңызды. Арнайы комиссияның құрамына білім басқармасы мен жергілікті әкімдіктің қызметкерлері кірмеуі керек. Комиссия мүшелерін сырттан тарту, мысалы, өзге облыстардан шақыру маңызды, – дейді құқық қорғаушы.

"ДИРЕКТОРДЫҢ ЖҰМЫСТАН КЕТУІ ШЕШІМ ЕМЕС"

Astana Garden Schools жекеменшік мектебінің бас директоры Нұрмұхамед Досыбаев.
Astana Garden Schools жекеменшік мектебінің бас директоры Нұрмұхамед Досыбаев.

Astana Garden Schools жекеменшік мектебінің бас директоры Нұрмұхаммед Досыбаевтың пікірінше, мәселенің бірнеше қыры бар. Біріншісі, мұғалімдердің қамқоршысының жоқтығы, жан-жақты қолдаудың жетіспеуі. Қазақстанда мектеп директорын білім басқармасы тағайындайды. Мектеп директоры жұмысын дұрыс атқармай, оның үстінен шағым түссе, таяқтың бір ұшы білім басқармасының басшысына тиеді. Басқарманың мектеп директорын қорғауы содан.

Досыбаевтың пайымдауынша, білім басқармасы, білім сапасын қадағалау департаменті мен прокуратура, ұлттық бюро арызданушы мұғалімдерді бірінші кезекте тыңдауы керек. Тыңдау – бұл қолдау. Директор мен оның орынбасарының жұмыстан кетуі шешім емес, айыпты болса, заң жүзінде жазасын алуы керек. Соңына дейін күресу маңызды. Бұл өзге мектеп директорларына сабақ.

– Мысалы, Англияда 25 мыңдай мектептің білім сапасын 2 мың мемлекеттік инспектор бақылайды. Қазақстанда жеті мыңнан аса мектепті бақылайтын инспектор саны жиырмаға жетпейді. Арыз түскен мектепті тексеретін комиссияны білім басқармасының деңгейінде емес, ең болмағанда әкімдік деңгейіне көтеру керек. Комиссия құрамында тек мемлекеттік қызметкерлер емес, белсенді мұғалімдер болғаны дұрыс, – дейді сарапшы.

P.S. Азаттықтың мақаласы шыққан соң, 16 қараша кешкісін №125 мектептің директоры Әсет Сатыбалдиев мен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Салиха Майлыбайдың қызметінен босағаны белгілі болды. Олар бұл мектепте мұғалім ретінде жұмысын жалғастырмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG