Accessibility links

"Ақша жинауға" қарсы шыққан ұстазды жұмыстан қуып, желідегі үндеуінен соң қайта алды


Тараз қаласындағы №43 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова. Жамбыл облысы, 24 ақпан 2020 жыл.

Тараз мектебіндегі "заңсыз ақша жинауды" сынаған соң жұмыстан қуылғанын айтып, президент пен министрге үндеу жасаған мұғалім қызметіне қайта алынды. "Ақша жинау" дерегін тексеру аяқталғанша қызметтен шеттетілген мектеп директоры өзіне "жала жапқандарды" сотқа беретінін айтады.

Таразда қазақ және орыс тілінде білім беретін №43 мектептегі "ақша жинауға" қарсы шыққаны үшін жұмыстан қуылғанын мәлімдеп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдаған осы мектептің мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова ақпанның 25-інен бастап бұрынғы қызметіне қайта алынды.

Тараз қаласындағы №43 орта мектептің ғимараты. 24 ақпан 2020 жыл.
Тараз қаласындағы №43 орта мектептің ғимараты. 24 ақпан 2020 жыл.

Мектеп директоры Эльмира Өмірбекова бүкіл елге жайылған даудан соң қалалық білім бөлімінің жанынан құрылған келісім комиссиясының шешімі негізінде, Күнсұлу Бөрімбекованы бұрынғы қызметіне қайта қабылдау және бос жүрген күндері үшін айлық жалақысын төлеу туралы бұйрық шығарды. Арнайы комиссия мектептегі "заңсыз ақша жинау" мен басқа да келеңсіз жайттар туралы деректерді тексеруді аяқтағанға дейін директор жұмысынан уақытша шеттетілді.

ТОҚАЕВ ПЕН АЙМАҒАМБЕТОВКЕ ҮНДЕУ

28 жыл қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып еңбек етіп келе жатқан Күнсұлу Бөрімбекованың ақпанның 22-і күні YouTube сайтында жариялаған видеоүндеуін мыңдаған қолданушы көріп, қызу талқылады. Тәжірибелі ұстаз өзі жұмыс істейтін Тараз қаласындағы №43 мектепте "заңсыз ақша жинау" бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын, оған қарсы шыққан ұстаздар басшының қырына ілініп, қуғынға ұшырайтынын, аталған мектепте "адам құқықтары өрескел бұзылып жатқанын" мәлімдеген. Ол білім мекемесіндегі кемшіліктерді ашық айтқаны үшін басшының кәріне ілініп, жұмыстан қуылғанын айтып, Тоқаев пен Аймағамбетовтен бұл мәселеге назар бұруын сұраған.

Азаттық тілшісіне Күнсұлу Бөрімбекованың айтуынша, ақпанның 15-і күні мектепте өткен жиналыста екі күн бұрын 7-8 сынып оқушылары арасында болған төбелеске байланысты сол сыныптардың жетекшілеріне сөгіс жарияланған.

- Арасында 11-сынып жетекшісі менің де аты-жөнім де аталды. Себебін сұрап едім, директор жауап бермеді, - дейді ол.

Бөрімбекова жиналыста мектепте "Жаңа жыл мерекесіне" деп жиналған ақшаның қалай жұмсалғаны туралы сұраған тағы бір ұстаздың басшыдан сын естігенін айтады.

- Мен де мектепте түрлі шараға жиналған ақшаның есебін беріп тұрған дұрыс болар еді деген ойымды айттым. Ол сөзіме директор қатты шамданды. "Кабинетіме жүріңіз, сізге айтып беремін" деді, мен жеке барудан бас тартып, ұжымның көзінше түгел айтыңыз дедім. Ол жауап бермеді, - дейді мұғалім.

"АҚШАНЫҢ ЕСЕБІН СҰРАП, ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛДЫМ"

Жиналыстан соң екі күннен кейін, ақпанның 17-і күні мектеп директоры Эльмира Өмірбекова "тәртіптік жазасы болса тұра еңбек міндеттерін қайталап тиісінше орындамаған" Күнсұлу Бөрімбековамен жасалған еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарған.

Тараздағы №43 мектеп директорының мұғалім Күнсұлу Бөрімбековаға сөгіс жариялау туралы бұйрығы. 31 қаңтар 2020 жыл.
Тараздағы №43 мектеп директорының мұғалім Күнсұлу Бөрімбековаға сөгіс жариялау туралы бұйрығы. 31 қаңтар 2020 жыл.

- Бұйрықпен танысқан кезде маған қаңтардың 31-і күні сөгіс берілгенін алғаш рет естідім, ондай сөгіс алғанымды бұрын ешкім маған айтқан да, таныстырған да жоқ. Мені жұмыстан шығару үшін өтіп кеткен күнді көрсетіп, кейін жазылған ба деген күдігім бар, - дейді мұғалім.

Бөрімбекова мектепте мұғалімдерден ақша жинау үйреншікті құбылысқа айналғанын айтады.

- Бірінші қыркүйекте жаңа оқу жылының басталу шарасын безендіруге әр сынып жетекшісі 1000 теңге, мектепке түрлі тексеріс келгенде 1000-2000 теңге аралығында, жылына бір өткізілетін ашық сабақ үшін 5000 теңгеден жинаймыз. Ал жақында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты шараға 1000 теңгеден жинаған, - дейді ол.

Күнсұлу Бөрімбекова бұған дейін Эльмира Өмірбекова Тараздағы №25 мектептің директоры болып істеген кезде үстінен мұғалімдердің шағым түсіргенін, қалалық білім бөлімі оған қатаң сөгіс беріп, қызметінен босатқанын еске салды. Бірақ кейін сот шешімімен Өмірбекова бұрынғы қызметіне қайта тағайындалған.

Тараз қаласындағы №43 орта мектептің фойесі. 24 ақпан 2020 жыл.
Тараз қаласындағы №43 орта мектептің фойесі. 24 ақпан 2020 жыл.

Эльмира Өмірбекова 2017 жылдан бері басқарып отырған №43 мектепте "ақша жинау" әдетке айналғанын кей ұстаздар мен оқушылардың ата-аналары да растайды. 114 мұғалім еңбек ететін мектепте он жылға жуық өзін-өзі тану пәнінен сабақ беріп жүрген Раушан Нұркебаева былтыр жазғы демалысқа шығар алдында 5000 теңге бергенін айтады.

"Мектептің сыртын сырлауға, сыныптарды безендіруге деп ақша жинады. Ал күзде сабаққа келгенде ештеңе өзгермегенін көрдік. Мектептің сыртын сырлауға ақша жинағанда қарсы болдым, сол үшін ұнамадым. Бірақ ақшаны жинап алды, сырланады деген қабырғалар сол күйі тұр" дейді ол.

Осы мектепте балалары оқитын кей ата-ана Азаттық тілшісімен әңгімеде "мектеп сұратқасын еріксіз ақша жинайтындарын" айтады. Баян Садыбекованың алты баласының төртеуі осы мектепте білім алып жүр.

- Жыл сайын мектеп қоры, сынып қоры деп ақша жинатады. Балаларым қатардан қалмасын деп береміз, - дейді ол.

"ЖАЛА ЖАПҚАНДАРДЫ СОТҚА БЕРЕМІН"

Тараздағы №43 мектептің директоры Эльмира Өмірбекова өз атына айтылған барлық айыптауларды жоққа шығарады. Оның сөзінше, Күнсұлу Бөрімбекованы жұмыстан босатуға "заңды негіз" болған.

Тараз қаласындағы №43 орта мектептің директоры Эльмира Өмірбекова. Жамбыл облысы, 24 ақпан 2020 жыл.
Тараз қаласындағы №43 орта мектептің директоры Эльмира Өмірбекова. Жамбыл облысы, 24 ақпан 2020 жыл.

- Мұғалімді қызмет міндетін дұрыс орындамағаны үшін қызметтен босаттық. Ол тіпті өзінің оқу материалдарын дұрыс меңгермеген. Барлығы заңды түрде болды, - деді қызметінен уақытша шеттетілген мектеп директоры Азаттыққа.

Ал мұғалімді бұрынғы қызметіне қайта қабылдау туралы бұйрыққа жоғарыдан пәрмен түскесін қол қойдым деп түсіндіреді.

№43 мектеп директорының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекованы бұрынғы жұмысына қайта қабылдау туралы бұйрығы. Тараз, 25 ақпан 2020 жыл.
№43 мектеп директорының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекованы бұрынғы жұмысына қайта қабылдау туралы бұйрығы. Тараз, 25 ақпан 2020 жыл.

- Олар (қалалық білім бөлімі жанынан құрылған комиссия) мені шақырып алып, министрліктен тапсырма келді, жұмысқа қабылдау керек деп тұрып алды. Қайта қабылдауға мәжбүр болдым, - деді Эльмира Өмірбекова.

Ал "заңсыз ақша жинады" деп айыптағандарды сотқа беретінін айтты.

- Мені "ақша жинады" деген мұғалімдерді жала жапқаны және ар-намысыма тигені үшін сотқа беруге адвокатым арыз дайындап жатыр. Айтқандардың ешқайсысына келіспеймін, - деді ол Азаттыққа телефон арқылы.

Өмірбекова осы уақытқа дейін басқарған мектептердегі мұғалімдердің оның үстінен шағымдануының себебін де өзінше түсіндірді.

- Мен қай жерде жұмыс істесем де, барлығына бірдей талап қоямын. Талапқа көне алмағандар осылай шу шығарады. Барлық жерде тиісті деңгейде білім беретін педагогтар жұмыс істеуі керек, - деді ол.

"МЕКТЕПТЕ АҚША ЖИНАУ – ЗАҢСЫЗ"

Тараз қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Уәлихан Байдуановтың Азаттыққа айтуынша, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың тапсырмасынан кейін, білім басқармасы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын арнайы комиссия қазір №43 мектептегі "ақша жинау", мұғалімдерге "қысым" туралы деректерді тексеріп жатыр. Оның қорытындысы шыққан соң тиісті шаралар қабылданбақ.

Жемқорлықпен күресуге шақырған жарнама жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл.
Жемқорлықпен күресуге шақырған жарнама жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл.

Шенеунік мектепте қандай себеппен болсын ақша жинау – заңсыз іс дейді.

- Оқу жылының басында ол туралы түсіндірме жұмысын жүргізіп, әр мектеп директорына қол қойдырамыз. Ешбір мектепте ақша жинауға болмайды, - деді Уәлихан Байдуанов.

Өткен жылы күзде Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы жемқорлық проблемасы барын мойындап, оған қарсы кешенді және ашық түрде күрес жүргізу қажет деп санайтынын айтқан.

Қазақстандағы жемқорлық мәселесін зерттеген кей сарапшылардың пікірінше, елдің білім жүйесінде бұл үйреншікті құбылысқа айналған.

Transparency International халықаралық ұйымының өткен жылға арналған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында тұр.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Азаттық көрсеткен мүгедек ерлі-зайыптыға жұрт үй алып берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00
XS
SM
MD
LG