Accessibility links

"Процессуалдық келісім жемқорлықты ұлғайтады". Суханбердиева ісінің жаңғырығы


Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева (оң жақта) сот залында. Нұр-Сұлтан, 10 шілде, 2019 жыл.

"Жемқорлық" айыбымен ұсталған Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева айыппұлмен сот залынан босатылды. Бұған дейін де Қазақстанда «пара алған, ақша жымқырған, қызметін асыра пайдаланған» ондаған мемлекеттік қызметкер айыппұл төлеген немесе шығынды өтеген. Сарапшылар мен желі қолданушылары "жемқорлық ісінде" сот үкімі әртүрлі шығатынына наразы.

СУХАНБЕРДИЕВА ІСІ

Шілденің 10-ы күні Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық № 2 сотында Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиеваға айыппұл салып, сот залынан босатты. Министрдің орынбасары маусымның 5-сы күні қамауға алынған. Тергеу изоляторында 34 күн отырды. Суханбердиева тергеу кезінде айыбын мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасасқан.

Судья Бақытжан Есенов айыпталушының қамаудағы бір күні 4 айлық есептік көрсеткішке тең екенін, яғни ол 6 миллион 312 мың теңгенің (2500 АЕК) 5 миллион 949 мың теңгесін (2356 АЕК) төлейтін айтты. Судья вице-министрді "мемлекеттік қызмет атқару құқығын өмір бойына шектеп, мемлекеттік ордендерінен айыру туралы" шешім шығарды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Суханбердиеваның апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

"Изоляторда кітап жазған" вице-министр қамаудан босады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

Эльмира Суханбердиева ұсталған кезде оған "пара алу", "қызметін асыра пайдалану" және "кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу" баптары бойынша айып тағылғаны хабарланған. Сот шешімі "қызметін асыра пайдаланды" және "кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты" деген айыптар бойынша шықты. Ал "пара алу" айыбына қатысты судья ештеңе айтпады.

Айыптау актісіне сай, "Суханбердиева тұрмысы төмен отбасылардың балаларына берілуі тиіс планшет пен смартфонды өзінің қол астындағылар мен оқулық шығаратын баспагерлерге алдыртқан. Ол мемлекеттік қызметте істеп жүріп, жеке меншік мектепті ашуға көмектескен. Суханбердиева Нұр-Сұлтандағы № 3 мектеп-гимназиясының директоры Елена Шеверняевамен бірге 154 миллион теңгеге ғимарат сатып алған. Кейін Суханбердиева осы мектепті бақылап, Шеверняевамен түскен пайданы бөлісіп отырған".

Соттан шыққаннан кейін Суханбердиева қамауда отырғанда "Түрме вице-министрдің көзімен" атты кітап жазғанын айтты.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар "Суханбердиеваға шыққан шешім Қазақстанда тенденцияға айналып кете ме" деп қауіптенеді. Олар "мұндай күрес әдісімен жемқорлықты жеңу қиын" деп есептейді.

Transparency Kazakhstan ұйымының бұрынғы атқарушы директоры, құқық қорғаушы Сергей Злотников жемқорлықпен ұсталғандардың прокурормен процессуалдық келісім жасасуына қарсы.

– Жемқорлықпен жүйелі түрде күресу керек. Ұстап ғана қоймай, істі соңына дейін жеткізу қажет. Мәселенің бір ұшы – сот жүйесінде. Екіншісі – процессуалдық келісім. Қылмыстық заңнамада келісім болуына қарсы шыққан едім. Жемқорлық өршіп тұрған сәтте келісімге келу әдісі, керісінше, парақорлықты ұлғайтады. Себебі қоғам олар қалай келіскенін білмейді ғой, – дейді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтис
Евгений Жовтис

Адам құқығы және заңдылықты сақтау бойынша қазақстандық бюроның директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис "пара алғандардың айыбын мойындап, шығынды өтеуі" жемқорлықпен күрестің тиімсіз әдісі деп санайды.

– Пара алған адам айыбын мойындады, шығынды өтеді делік. Бұлай жемқорлықпен күресуге болмайды. Себебі ол адам тергеу анықтаған шығынды ғана өтейді. Адамның нақты қанша шығын келтіргенін анықтау қиын, - дейді ол.

Ал саясаткер, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова "мұндай шешімдер халықтың ашу-ызасын тудырады. Біреулер бес тауық ұрлап, бес жыл сотталады. Енді бірі босап шығады" дейді.

"САЯСИ ТҰТҚЫНДАРДЫ ДА БОСАТСЫН"

Сот үкімі мен вице-министрдің "кітап жазғанын" әлеуметтік желі қолданушылары сынап, кекесін пікір білдірді.

Ұстаздар құқығын қорғаумен айналысып жүрген нұр-сұлтандық мұғалім Аятжан Ахметжанұлы Facebook парақшасында "қызметін асыра пайдаланған, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысады да, 6 миллион теңге айыппұлмен құтылады. Бұл анекдот емес, бұл – Суханбердиеваның сот нәтижесі. Әттең, бес том жазғанша ұстай тұру керек еді, түрме әдебиетінің жаңа туындысын құрбан еттік" деп жазды.

Желі қолданушысы Өмір Шыныбекұлы айыппұлмен құтылған вице-министрдің түрмеде жазған кітабын "мектеп мұғалімдеріне мәжбүрлеп алдыра ма" деп "қауіптеніп отыр".

Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында "Оны босатқанына еш сын айтпаймын. Өз басым, адамдар түрмеде отырмауы тиіс деп ойлаймын. Мен түрмеде отырған басқа адамдарды да, әсіресе саяси тұтқындарды да босатқанын қалаймын" деп жазды.

"Оян, Қазақстан" қозғалысының мүшесі, белсенді Әсем Жапишева шенеуніктің пара алғаны емес, түрмеде кітап жазғаны негізгі жаңалыққа айналып кеткеніне" қынжылды.

Басқа да желі қолданушыларының пікірі төмендегідей:

MQ Edige Ahmet

Әлемдегі ең әділ сот-біздің сот! Жемқорлықпен ұсталған вице-министр тағылған кінәсін мойындады. Көршінің тауығың ұрлап бас бостандығынан айырылғандар қаншама, бұл соның жанында кішігірім қателік екен! Қалай халайық, кешіреміз бе?

Айдос Жұқанұлы

Вице-министр болғым келеді...

Мұрат Сарбаев

Суханбердиева "Түрме вице-министр көзімен" деген кітап жазбақ. Кітап "жемқорлыққа қарсы профилактика" мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджет есебінен басылып шыға ма? Енді түрмеден шыққаннан кейін қымбат курорттарда 34 күннің ішінде қалай ес жиюға болатыны жайлы кітап күтемін.

ПАРАМЕН ҰСТАЛЫП, АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛҒАНДАР

Бұған дейін де Қазақстанда "парамен ұсталған, қызметін асыра пайдаланған, ақша жымқырған" ондаған шенеунік айыппұл төлеген немесе мерзімінен бұрын қамаудан шыққан.

  • 2016 жылы маусым "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы құрылыс департаментінің жетекшісі Қажымұрат Үсенов "қызметіне асыра пайдаланды, бюджет қаржысын шашты" деп айыпталып, 2 жылға сотталған. 2017 жылы сәуірде рақымшылықпен босап шықты.
  • "Мердігер компанияға тендер алып беру үшін ірі көлемде пара алды" деп айыпталған Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов 2016 жылы 13 жылға сотталған. Бірақ 2019 жылы сәуірде шартты мерзіммен босап шықты.
  • "Қорғас" шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, "1 миллион доллар пара алды" деп айыпталған Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаеваны сот қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Судья олардың "бұрын сотталмағанын, тағылған айыпты толық көлемде мойындағанын" ескерген. Үкім 2017 жылы сәуірде шықты.
  • "25 мың доллар (шамамен 10 млн теңге) пара алды" деп айыпталған Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновке сот 240 млн теңге айыппұл (631 мың доллар) айыппұл салды. Үкім биыл мамырдың 19-ы күні шықты.
  • 2010 жылы қарашаның соңында "Қазақстан инжиниринг" компаниясы төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанбеков "пара алғаны үшін" екі жылға сотталған. Кейін Әскери сот алғашқы инстанцияның шешімін өзгертіп, оған 2 миллиард 139 миллион теңге (1 доллар - 380 теңге) айыппұл салған.
  • "4,3 миллион теңге пара алды" деп айыпталған "ҚазМұнайгаз" өнімдері компаниясы директоры Қуандық Қалмұрзинге 129 миллион теңге (алған парасынан 30 есе көп) айыппұл салынды. Үкім 2019 жылы ақпанда шықты.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 366-бабында пара алғандарға мүлкін тәркілеу, өмір-бақи мемлекеттік қызметтен шеттету, 7-12 жыл түрме жазасына кесу жазасы қарастырылған. Немесе парамен ұсталғандар, ақша жымқырғандар шығынды 60-70 есе көп көлемде қайтаруы тиіс.

Бұдан бөлек ел билігі сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы жеке заң мен түрлі бағдарлама қабылдап, "парақорлықпен пәрменді күрес жүргізіп жатқаны" туралы жиі мәлімдеп келеді. Маусымның 9-ы күні президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев та "жемқорлықты жоюға" бірнеше рет уәде берген.

Қазір Қазақстан Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2018 жылға арналған Жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр.

"Вице-министрдің түрме туралы кітабын мұғалімдер ала ма?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:13 0:00

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG