Accessibility links

Василий Нидің ісі және Қорғастың беделі


Қорғас кеден бекеті.

«Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, «1 миллион доллар пара алды» деп айыпталған Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаеваны қылмыстық жауапкершіліктен босату азаматтық белсенділердің күдігін тудырды. Алматы соты шешіміміз дұрыс деген уәжден танбайды.

Қазақстанға Қытайдан келіп жатқан тұтыну тауарларының көп бөлігі Алматы облысы шетіндегі Қорғас қалашығы арқылы өтеді. Кезінде арнайы қызмет кеден бекеті мен Қорғас кедені маңын жайлаған талай коррупцияны ашқан, сондықтан жаңа екі айыпталушының жұртты шулатқан ісінің қалай аяқталғанын әлеумет көбінесе скептицизммен қабылдады. Өзге «қорғастық» істер сияқты жұртты шулатқан Қорғас халықаралық шекаралас ынтымақтастығы орталығының (ХШЫО) бұрынғы президенті Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаева қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Іс материалдарына сәйкес, екеуін былтыр қыркүйекте жеке меншік компания өкілінен 1 миллион доллар пара алу кезінде ұсталған. Ни әлгі параны Қазақстан-Қытай шекарасында «қонақүй кешенін салуға келісімін беру алған» деп болжанады.

Резонанс тудырған Нидің ісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:06 0:00
Жүктеп алу

Қорғас кеден бекетінен өтіп жатқан адамдар.
Қорғас кеден бекетінен өтіп жатқан адамдар.

«Ни ісіне» қатысты екінші айыпталушы – Қорғас ХШЫО-ның инвесторлармен жұмыс бөлімінің бұрынғы бастығы, енді Василий Нидің қарамағындағы бұрынғы қызметкері Махаббат Сайдуллаева. Іс материалдарына сәйкес, Василий Ни өзінің қылмыстық ниетін іске асыру үшін қарамағында жұмыс істейтін Махаббат Сайдуллаеваны қылмысқа тартқан, Сайдуллаева оның пара алуына көмектескен. Өзгеше айтқанда, Василий Ниге 1 миллион доллар пара Сайдуллаева арқылы берілген. Тергеу болжамынша, ол былтыр қыркүйектің 5-інде Василий Нимен бірге пара алу кезінде ұсталған. Ол да қылмыстық жауаптан босатылды. Істі Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты қараған.

Василий Ни сияқты Махаббат Сайдуллаева да бұрын сотталмаған, жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша алған жақсы мінездемесі бар, тағылған айыпты толық көлемде мойындаған. Бұдан бөлек асырауында кішкентай баласы бар. Сот осы жайттарды ескеріп, қылмыстық кодекстің 65-бабының 1-бөлімі негізінде Василий Ни сияқты оны да қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Бірақ әлеумет оны босатуға онша мән бермей, көбінесе Василий Ни сынға алып жатыр.

Василий Нидің қылмыстық жауапкершіліктен босату шешімі әлеуметтік желілерде резонанс тудырды. Василий Ниді босатуға қатысты жайттарды анықтағысы келген тәуелсіз заңгерлердің оған шыққан үкімді сот актілері қорынан таба алмауы ды жағдайды қыздырып тұр. Ресми тұлғалардың оны босатудың заңдылығына қатысты ауызша уәждері жұрттың көбін әзірше иландыра алған жоқ.

Қорған кеден бекетінде кезекте тұрған жұрт.
Қорған кеден бекетінде кезекте тұрған жұрт.

НЕ ҮШІН СОТТАП, НЕ ҮШІН БОСАТТЫ?

Осы аптаның үш күнінде Алматы қалалық соты басшылығы іске қатысты екі мәрте комментарий берді. Сәрсенбі, сәуірдің 26-сында Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен кездесуінде Василий Ниді қылмыстық жауапкершіліктен босату себебін түсіндіруге тырысты.

Қылмыстық кодекстің 65-бабына сәйкес, егер адам қылмысына өкінсе және ешқандай зиян келтірмесе әрі істі ашуға көмектессе, оны бостауға болады.

Tengrinews агенттігі Ақжан Ештайдың «Негізі Ни мен Сайдуллаеваға қатысты іс аяқталмаған қылмыс саналады, біріншіден, бұл қылмыс жасамақ болу ниеті саналады. Ол кінәсін мойындап, оған өкінетінін айтты. Ешқандай зиян келген жоқ. Қылмыстық кодекстің 65-бабына сәйкес, егер адам қылмысына өкінсе және ешқандай зиян келтірмесе әрі істі ашуға көмектессе, оны бостауға болады. Заңда солай көрсетілген» деген сөзін келтіреді.

Ертеректе, яғни 24 сәуірде Василий Ниді босатуға қатысты БАҚ өкілдеріне Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Бақытжан Қараманов хабарлаған. Ол: «Прокурордың өтініші бойынша, сотталушылар бұрын сотталмағанын, жұмыс орны мен тұрғылықты жерінде жақсы жағынан сипатталатынын, тағылған айыптарды толық көлемде мойындағанын және сотталушы М.М.Сайдуллаеваның кішкентай баласы барын ескеріп сот қылмыстық кодестің 65-бабы 1-бөлімі негізінде В.В.Ниді, М.Сайдуллаеваны қылмыстық жауаптан босатты» деген.

Азаттықтың Алматы қаласы сотынан іске қатысты комментарий алуға тырысқан әрекеттері сәтсіз болды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ СКЕПТИЦИЗМ

Алматы қалалық соты басшыларының ауызша уәждері Василий Ни мен Махаббат Сайдуллаеваны қылмыстық жауапкершіліктен босатудың заңдылығына иландырмақ түгілі, қосымша сұрақтарға ұласты. Мысалы алматылық танымал адвокат Джохар Өтебеков Facebook желісінде «Қылмыстық құқық саласында «негізі» деген болмайды! Қазақстан Республикасының жоғарғы сотының нормативті актілерінің коррупция туралы 16-тармағы «Пара алу параны ҚАБЫЛДАУ сәтінен бастап аяқталған деп саналады» деп жазады.

Адвокат Джохар Өтебеков.
Адвокат Джохар Өтебеков.

Джохар Өтебеков Азаттықпен әңгімесінде Василий Ни мен Махаббат Сайдуллаеваны қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы үкімді сот актілері қорынан әлі күнге дейін таба алмай жүргенін айтып, «өйткені ол жерде әлгі (үкім) жоқ» дейді.

Қазақстан адвокаттар одағы президенті Әнуар Түгел Facebook желісіндегі парақшасында «Біздің Фемидамен танысу үшін сот шешімдерін жіті бақылаудың қажеті жоқ. Кейінгі екі істі білу жетіп жатыр» деп жазады. Бұған қоса, Әнуар Түгел «Алматы соты Василий Ниді қылмыстық жауапкершіліктен босатып жатқан тұста Ақтау қаласында сондай қылмыс жасағаны үшін ол да қылмысына өкініп, тергеушілерге көмектескеніне қарамастан жол-патруль экипажы қызметкерін жеті жылға соттады» деп жазады.

Екеуінің арасында жалғыз ғана айырмашылық бар. Біріншісі алған пара көлемі – 1 миллион доллар, екіншісі 10 мың теңге алған.

«Екі жағдай да бірдей. Екеуі де пара алу кезінде ұсталды, екеуі де қылмысына өкінді, екеуі де тергеу органдарына көмектесті. Екіншісі тіпті кінәсін мойындағаны жайлы процессуалдық келісім жазып берген. Екеуінің арасында жалғыз ғана айырмашылық бар. Біріншісі алған пара көлемі – 1 миллион доллар, екіншісі 10 мың теңге алған. Принципшіл Фемида кейде тіпті талғап үкім шығаратын сияқты» деп тұжырған Қазақстан адвокаттар одағы президенті.

Астаналық адвокат Нұрлан Бейсекеев Facebook желісінде қылмыстық кодекстің 65-бабы 1-бөлімі бойынша Василий Ниді қылмыстық жауапкершіліктен босатуға болады деп мәлімдейді. Бірақ оның пікірінше, Василий Нидің қылмысы аса ауыр қылмысқа жатуы тиіс, яғни 2-бөлім бойынша сот ондай шешім қабылдай алмайды. Қалай болғанда да, талдап, оны босатудың заңдылығына көз жеткізу үшін жоғарғы сот Василий Нидің ісіне қатысты үкімді жариялауы тиіс деп жазады Нұрлан Бейсекеев.

Оппозициялық журналистерді қорғаумен жиі айналысатын алматылық заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, Василий Ниді босатуға байланысты кей жайттарды бүгіп қалғандықтан, жұрттың көкейінде жаппай коррупция жайлаған деген ой қалды. «Әлгі ойды сейілту үшін ісі құпия болмағандықтан, Василий Нидің үкімі ашық жариялануы тиіс» дейді Уткин.

Адвокат Сергей Уткин.
Адвокат Сергей Уткин.

Алматы қалалық соты басшылығының «қылмыстық іске іліккен екі адамды босатуға заңды негіз барлығы» жайлы мәлімдемесі Уткинді иландырмайды. Ол Қазақстан заңы бұл тұста жемқорлықпен күреске емес,оны қолдауға бағытталған деген ойға келген. Уткин Қазақстан мен Ресейді салыстырады. Румын үкіметінің 50 мың доллардан аз көлемде жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың жазасын жеңілдету шешімі – қазақстандық өлшеммен алғанда ақша да емес – қаңтарда ол елде қарсылық шерулерін тудырып, үкіметтің бұрынғы сөзінен айнығанын айтады.

Алматылық адвокат Айман Омарова соттың Василий Ни мен Махаббат Сайдуллаеваны босатуға негізі болған дейді. Сондықтан, оның сөзінше, гәп оларды босатуды жайында емес, осы сияқты басқа істерді қарағанда мұндай жағдай неге есепке алынбайтынында болуы керек.

Соттың Василий Ни мен Махаббат Сайдуллаеваны қылмыстық жауапкершіліктен босату шешімін танымал саясаткерлердің арасынан билікшіл коммунистер партиясының басшысы, мәжіліс депутаты Владислав Косарев ашық қолдады. Ол заңның «адам ұрлаған нәрсесінің құнын өтесе, оны босату керек» деген заң дұрыс деп мәлімдеді.

ҚОРҒАСТЫҢ БЕДЕЛІ

Саясаттанушы Марат Шибұтов Василий Нидің «халықаралық «Қорғас» шекара ынтымақтастығы орталығы президенті» деген бұрынғы қызметіне қарап оны Қорғас кедені басшысы деп түсінбеу керегін айтады.

– Василий Ни кеден бекетінде емес, экономикалық зонада қызмет еткен. Ол параны тауарды тасымалдағаны үшін емес, өз зонасына өткізу үшін алған. Бұл – мүлдем басқа әңгіме. Олар көршілес маңда, бірақ басқа экономикалық объектілер, қызмет түрі де басқа – пара, – дейді ол.

Шибұтовтың айтуынша, бұл екі мекеменің қатар тұруы әртүрлі кәсіпкерлерге ғана емес парадан бас тартпайтын шенеуніктерге де ұнарын айтады.

Саясаттанушының сөзінше, Қорғасқа байланысты әйгілі жемқорлық дауларының ең ірісі – 2014 жылы 45 адам сотталған «Қорғас ісі». Олардың көбі – аймақтық кеден орындары мен ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері болған. Содан кейін Қорғас кеденіне қызметкерлеріне қатысты ондай шулы іс болмаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG