Accessibility links

Кіріс пен мүлік декларациясы алдындағы күдік


Көрнекі сурет.

2020 жылдан бастап Қазақстан жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкін жаппай жариялауға көшеді. Билік осылайша "қалтарыстағы экономикамен" күреспекші. Сарапшылар азаматтардан табысы мен меншік заты туралы ақпарат талап ететін мемлекеттің өзінде ашықтық жоқ екенін айтады.

Қазақстан билігі 2020 жылдың қаңтарынан жалпыхалықтық кіріс пен мүлік декларациясы басталатынын жариялады. Бұл саясаттың мақсаты – заңсыз табыспен және жемқорлықпен күрес. Мемлекет азаматтарының қанша айлық алатынын, қосымша табыс қайдан түсетінін, банк пен үйде қанша ақша сақтайтынын, қандай мүлік-мүкәмалы бар екенін білгісі келеді. Тұрғындардың бағалы қағазы, өнер туындылары, антиквариат пен биологиялық активтері (жануарлар мен өсімдіктер) бар-жоғын түгендемек. 2021 жылы билік жинаған мәліметін бір жыл бұрынғы есеппен салыстырмақ. Табысын жасырып қалғандарға айыппұл салмақшы.

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратына сәйкес, 12 миллион 900 мың кәмелетке толған азамат, миллионға жуық оралман мен тұру ықтиярхаты (ұзақ мерзім тұру рұқсаты – ред.) бар адам, 132 мың кәмелетке толмаған тұрғын және 81 мың шетелдік кірісі мен мүлкін жария етуге тиіс болады. Бұл міндет фрилансерлерге (штаттан тыс жұмыс істейтіндер – ред.) және дәстүрлі емес бизнес түрімен шұғылданатындарға да жүктеледі.

БІРЖАҚТЫ ЕРЕЖЕ МЕН КҮМӘН

Қаржы министрлігі соңғы апталарда түсіндіру науқанын жандандырып, шенеуніктер баспасөз мәслихатын өткізумен әлек. Жергілікті БАҚ кіріс пен мүлік жариялау саясаты туралы мақалалар басып жатыр. Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары мен түрлі форумға қатысушылар арасында бұған наразы болғандар бар.

Алматыдағы Financial Freedom қоғамдық қорының директоры Расул Рысмамбетов бұл наразылықтың себебі табысты жасырып қалу ниеті емес, азаматтардың "мемлекет ақшамызды жинап алып, ары қарай дұрыстап сақтай алмайды" деген қорқынышы екенін айтады.

- Банк менеджері қылмыскерлермен жең ішінен жалғасты деген жаңалықтарды жиі естиміз. Салық инспекторының осылай жасамасына кім кепіл? Бұл – әлденені жасырып қалу ниеті емес, мемлекетке деген сенімсіздік, - дейді ол.

Сарапшы мемлекеттің "қалтарыстағы экономиканың" көлемі ұлғайып барады деген қаупімен келіседі. Бірақ мемлекеттің өзіне деген сенімді күшейтпей тұрып бұл саясатты жүзеге асыру қиын екеніне нұсқайды.

Тәуекелді бағалау тобының директоры, алматылық саясаттанушы Досым Сәтпаев әлемнің көптеген елінде жаппай кіріс жариялау саясаты барын айтады. Алайда ондай елдерде азаматтардың мемлекеттен ашық болуды талап ете алатынын ескертеді. Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанда мемлекеттің азаматтарға беруінен алуы көп.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

- Қазақстанда екіұдай стандарт орныққан. Бір жағынан мемлекет азаматтарынан ашық болуды талап етеді. Ал азаматтар биліктен мемлекеттік жобаларды, мысалы ұлттық қорды немесе зейнетақы қорын қаржыландыруға қатысты ашықтық талап еткенде мұндай ақпарат бермей қояды, жасырып қалады немесе үндемей құтылғысы келеді. Бұл біржақты ережені еске түсіреді, - дейді Досым Сәтпаев.

Батыс Қазақстан облысында шығатын "Уральская неделя" газетінің редакторы Лұқпан Ахмедияров жалпыхалықтық табыс декларациясы мемлекет үшін "ыңғайсыз азаматтарды" бақылап отыру құралына айналу мүмкін екенін ескертеді.

"Уральская неделя" қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров.
"Уральская неделя" қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров.

- Қазақстанда мәслихат пен өзге де органдарға өз кандидатурасын ұсынған адамдарды салық қызметінің есебіне ілінбеген бір-екі теңгесі үшін сайлауға қатыстырмай тастаған оқиғалар болды. Яғни кіріс жариялау саясатын керек адамға қатысты қолданып, азаматтарды саяси процестерге маңайлатпауға болады, - деп санайды журналист.

ТАБЫС ЖАРИЯЛАУДЫ ҚОЛДАУШЫЛАР

Астанадағы "Правовой медиа-центр" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова жаппай кіріс пен мүлік декларациясынан қауіп көрмейді.

- Қатер көріп тұрғам жоқ. Бұл – халықаралық практика. Жай адамдарға қорқатын дәнеңе жоқ. Оның үстіне қойған талап бойынша аса қомақты сома көрсетілуі тиіс. Егер жоспарға сәйкес жүзеге асса, жариялылық пен ашықтықты көрсететін жақсы процеске айналады, - дейді ол.

"Правовой медиа-центр" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова.
"Правовой медиа-центр" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова.

Заңгер Қазақстанда "Ақпаратқа қол жеткізу" заңы қызу талқыланған кезді еске алады. Заңның дау тудырған бір бабы мемлекет қызметкерлерінің табысын жариялау шарттары туралы еді.

- Ұйымымыз "А" корпусындағы мемлекет қызметкерлеріне қатысты осы норманы енгізуді сұраған. Заң жобасын жасаушылар бас тартып, бұл шарттың 2020 жылы жаппай кіріс декларациясына кіретінін айтқан. Қайтіп жүзеге асар екен, көрелік, - дейді Біржанова.

Transparency Kazakhstan ұйымы қамқорлық кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов кіріс жариялау саясатын мақұл көргенімен дәл қазір іске асыру тиімсіз деп санайды.

- Кіріс пен мүлік жариялау мемлекет қызметкерлеріне, судьяларға, құқыққорғау органдарының өкілдеріне, мәслихат пен парламент депутаттарына, квази-мемлекеттік және бюджеттік мекеме басшыларына да қатысты болғанын қалаймыз. Бұл – мемлекет құлшынып отырған табыс декларациясынан да ауқымдырақ. Жемқорлықпен күресуге де сеп, - дейді ол.

Шибұтов қаржы министрлігінің базасы аз уақыт ішінде 10 миллионнан астам декларацияны қабылдап алады дегенге күмән келтіреді.

Transparency Kazakhstan ұйымы қамқорлық кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов.
Transparency Kazakhstan ұйымы қамқорлық кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов.

Наурыздың 6-сында Астанада баспасөз мәслихатын өткізген қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев пен Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Талғат Мамаев жалпыхалықтық табыс декларациясын "сәтімен жүзеге асыру" кезінде біраз мәселені шешу үшін тағы уақыт керектігін айтты. Сол себепті мекеме бұл саясатты біртіндеп жүзеге асырмақ. Шенеуніктер жүзеге асыру мерзімдерін қазірден жариялау ерте екенін айтты.

АШЫҚТЫҒЫ ЖОҚ АШЫҚТЫҚ

Жаппай табыс декларациясын Қазақстан алты жыл бұрын жоспарлаған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке 2010 жылы осындай тапсырма бергенімен жоспар жүзеге аспай бірнеше мәрте шегерілген. 2008 жылы "Нұр Отан" партиясының жемқорлықпен күрес форумында Назарбаев "Шенеунік "қайтіп ақша табасың?" деген сұрақтан қорықпай өмір сүруі керек" деген еді.

- Зәулім үйлерінің фотосы жарияланып кетеді деп қорықпауы тиіс. Өмірі мемлекет қызметінде жүріп ауласын неге биік дуалмен қоршап қойғанын, отбасының қалайша бес иномаркамен (шетелдік автокөлік – ред.) жүргенін түсіндіре білуі керек, - деген президент Назарбаев.

Билік партиясы жетекшісінің үндеуін қағып алып, "Өзіңнен баста!" деген ерікті акция ұйымдастырған. Келесі жылы облыс пен аудан көлеміндегі партияға мүше лауазымды шенеуніктер ресми сайттарында табыстары мен мүліктерін жариялай бастаған. Акция әлі де жалғасып жатыр, бірақ соңы сұйылып кетті. Соңғы жылдары министрлер мен әкімдердің арасында жылдық табысының қанша екенін айтып қалғандар да болды. Бірақ бұл шара үрдіске айналмады. 2018 жылдың соңында Азаттық "Нұр Отаннан" партия жетекшілерінің жалақысын жариялауды сұрағанда "бұл мәлімет жеке бас ақпаратына жатады және жалпыға жарияланбайды" деген жауап естіген.

"Көпке қымбат партия"

Көпке қымбат партия
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

Қазақстанда ел президенті мен туыстарының табысы қанша екені туралы сұрақтар қойылмайды. 2000 жылдары Назарбаев жалақы қанша болса да, ақша жетпейді деп әзілдеген. Оның ортаншы қызы мен күйеу баласы әлемнің ең бай адамдарының тізіміне енген. Үлкен қызы мен жиенінің аты-жөндері офшорда табыс көзі бар адамдар туралы "Панама құжаттарында" көрініп қалған.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев билік "қалтарыстағы экономиканы" табыс жариялау арқылы азайтқысы келсе, офшордағы есеп-шот иелерінен бастауы керек, мемлекет қазынасын басқарып отырғандардың ашық болуын қадағалауы тиіс деп санайды.

- Қарапайым азаматтардың кірісін жарияласаңдар өздеріңнің де шешім қабылдау процестерін және мемлекеттік жобаларды қаржыландыру механизмдерін жария етіңдер. Ұлттық компанияларды, банк жүйесін, әсіресе, мемлекеттен алған қаржыны жұмсау саласын ашық етіңдер, - дейді саясаттанушы.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG