Accessibility links

Теңгенің еркін айналымы шағын бизнесті ақсатты


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Үш жыл бұрын Қазақстан билігі валюта дәлізін реттеуден бас тартып, "еркін айырбас бағамына" көшетінін жариялады. Бұл қадам Қазақстанның негізгі экспорт көзі - шикізат ресурстарының арзандауы мен Ресей рублінің құлдырауы кесірінен түсіп кеткен экономикалық өсімді қалпына келтіруге алғышарттар жасайды делінді. Теңгені еркін айналымға жіберу Қазақстан экономикасына, оның ішінде бизнеске не берді?

Билік ұлттық валютаны белгіленген дәлізде ұстап тұрудан бас тартқан соңғы үш жылда теңгенің долларға шаққандағы бағамы 383 теңгеге дейін құлдырап, кейін 310 теңгеге дейін нығайды. Айлар бойы 345 теңгеден аспай тұрған доллар бағамы биыл тамызда биржалық саудада 360 теңгеден асып кетті. Ұлттық банк мұның себебін "әлемдік трендпен", яғни дамушы елдердегі геосаяи жағдайдың әсерінен болып жатқан ұлттық валютаның құнсыздануымен түсіндірді.

ТЕҢГЕНІҢ ЕРКІН АЙНАЛЫМЫ

2015 жылы 20 тамызда Қазақстан үкіметі мен ұлттық банкі теңгенің нарықтық бағамын қалыптастыруға бұдан ары араласпайтынын мәлімдеді. Сол күннің ертесінде теңге бірден 30 пайызға (188,4 теңгеден 255,7 теңгеге ) арзандады.

Теңге күрт құлдырағаннан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды долларды ұмытып, "теңгеге өмір сүруге" шақырған. Бұған қоса, 2016 жылы қаңтарда президент "мұнай бағасы арзандап жатқан тұста жаңа ақша-валюта саясатына көшкеніміз өзін ақтады, олай етпегенде, қазақстандықтар бұдан әлдеқайда көп кедейленер еді" деген. Бір қызығы, 2015 жылғы көктемде қайта сайланғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жұртты "девальвация болмайды" деп жұбатқан.

Теңгені "еркіне жіберген" соң Назарбаев бизнес өкілдерімен кездесуінде теңге бағамын ұстап тұру елге қымбатқа түскенін іле-шала мойындаған - 2014 және 2015 жылдары бұл мақсатқа 28 миллиард доллар жұмсалған (Салыстыру үшін: 2018 жылғы республикалық бюджет шығындары тоғыз триллион теңгеге тең, бұл қазіргі айырбас бағамы бойынша - 25 миллиард доллар). Нұрсұлтан Назарбаев валюта дәлізін реттеуден бас тарту шешімі экспортерлердің, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының және шағын және орта бизнес өкілдерінің өтінішімен қабылданғанын айтып, билік кәсіпорындар мен экономикадағы жағдай едәуір жақсарады деп күтіп отырғанын мәлімдеген.

ШАҒЫН БИЗННЕСТІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Алматылық ресторатор Юрий Паальдің қала орталығынан кафе ашқанына 30 жыл болған. Кәсіпкер Азаттыққа теңгенің еркін айналымы бизнесіне қалай әсер еткенін айтып берді. Оның сөзінше, түсім қатты азайып кеткен.

ВИДЕО: Теңгенің құнсыздануы. Соңғы жағдай.

Теңге әлсірегенде азық-түлік қымбаттай ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

- "Еркін айырбас бағамы" тенденциясынан еш жақсылық та, пайда да көрген жоқпыз, - дейді Юрий Пааль. – Макроэкономика жағынан алғанда мұның қаншалықты тиімді екенін білмеймін. Бәлкім, солай істеу керек те шығар, бірақ өзіміз одан пайда көрмедік. Тұтынушының да қалтасы жұқарып кетті. Бізде түскі астың орташа чегі 1-1,5 мың теңгеден аспайды. Ал кешкі ас немесе әлдебір отбасылық я мерекелік кештегі баға – 2,5-3 мың теңге.

Пааль өзін мысалға келтіріп "Бизнесіңді дамыту үшін несие алу мүмкін емес" дейді. Оның айтуынша, кепілге қоятын мүлкі барына және бизнестегі көп жылдық тәжірибесіне қарамастан банктер рестораторға несие беруден бас тартқан.

Қазақстанда шағын бизнестің жағдайы мәз еместігін статистика да растайды. Жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілер саны 2015-2017 жылдары 882 мыңнан 747 мыңға дейін, яғни 15 пайызға азайған. Статистика комитеті дерегінше, шағын бизнес саласында жұмыс істейтіндер саны да үш жылда болмашы болса да азайған.

Шағын және орта бизнестің елдің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) үлесі мүлде өспей тұр. Үкімет дерегінше, ол 2017 жылы - 27 пайызға жуық, 2016 жылы 26 пайызға жетпеген, 2015 жылы 26,2 пайыз болған (Қазақстан билігі 2050 жылға қарай ЖІӨ-де шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға дейін ұлғайтуды көздейді).

Halyk Finance брокерлік компаниясының сарапшылары Асан Құрманбеков пен Мұрат Темірханов Қазақстанның шағын және орта бизнесіне арналған биылғы шолуда "ұлттық валютаны дүркін-дүркін девальвациялау бизнесті көп жылдарға артқа "лақтырып" тастайды, банкротты көбейтеді я болмаса макродинамиканың тым белгісіздігі кесірінен бизнес-белсенділік тоқтайды" деп жазады. Сарапшылар шағын және орта бизнестің баяу дамуын шикізат секторына тәуелділік, экономикадағы мемлекеттің үлкен үлесі, сыбайлас жемқорлық, жосықсыз реттеу шаралары мен көлеңкелі экономика, қол жетімді несиенің шектеулілігі және халықтың мардымсыз кірісі сияқты жүйелі проблемалармен байланыстырған.

Теңге еркін айналымға жіберілген күнгі кафелердің біріндегі жазу. Алматы. 20 тамыз 2015 жыл
Теңге еркін айналымға жіберілген күнгі кафелердің біріндегі жазу. Алматы. 20 тамыз 2015 жыл

Қарағандыдағы Еуразия кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Жомарт Алдоңғаров теңгенің еркін айналымы экономикалық жағдайға еш әсер етпейді деп санайды.

- Қазақстанда бизнес бір ғана себеппен орнықты дамымай отыр – біз совет жүйесінің өніміміз. Өкінішке қарай, сол күйі шикізат шылауында қалып қойдық. Қазақстан тәуелсіздік алған 25 жылда "мұнай онсыз да сатылып жатыр, олай болса, миымызды қатырып неміз бар, ғылымға ақша құйып қайтеміз" деген керенау психологияны қалыптастырдық, - дейді ол.

ҮШ ЖЫЛДА ЭКОНОМИКАДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Экономист әрі Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайыновтың пікірінше, кейінгі үш жылда Қазақстан экономикасында, оның ішінде, банк жүйесінде оң өзгерістер болған. Мысалы, Құсайыновтың сөзінше, теңге девальвациясына байланысты біраз тоқырағанымен, қазір кредиттеу деңгейінің өскені байқалады.

- Қазір жаңадан берілген кредит былтырмен салыстырғанда, 30 пайызға көбейген, - дейді статистикалық деректерді келтірген экономист. – Бізде төрт банк лицензиясынан айырылды, демек олар берген кредиттердің бәрі есептен шығарылады. Бірақ несиелердің жалпы көлемі азайған жоқ, өйткені олардың орнын жаңа, сапалы несиелер басты. Тиісінше, экономиканы сапалы несиелендіру деңгейі өсіп келеді.

Бұдан бөлек, Айдархан Құсайынов теңге бағамының биыл жаздағы құлдырауын алаңдататын жағдай деп санамайды. Экономистің пікірінше бұл үшін өзге елдердің – Қазақстанның экономикалық әріптестерінің ұлттық валюталарына не болып жатқанына қарау керек.

- Макроэкономикаға қарасақ, өзге елдердің валюталары да шамамен 6-10 пайызға құнсызданды. Ал мұндай жағдайда теңге құнының өзгермеуі күлкілі болар еді. Теңге бір жылда жеті пайызға жуық құнсызданды. Ресей рублі немесе Қытай юаны бұл кезеңде құнын әлдақайда көп жоғалтты. Біз Ресей экономикасына "қосақтаулы" емеспіз. Олай ойласақ, жаңсақ болар еді. Біз еуро, рубль және юаньмен тең баланстамыз, олармен паритеттеміз, бұл өте маңызды, өйткені олар - негізгі сауда әріптестеріміз.

Қазақ теңгесі мен Ресей рублі. Аңсаған Мұстафаның карикатурасы
Қазақ теңгесі мен Ресей рублі. Аңсаған Мұстафаның карикатурасы

Тағы бір экономист Алмас Чукиннің пікірінше, теңгенің еркін айналымы елдегі экономикалық жағдайды түсінуге мүмкіндік берген. Бұдан бөлек, үш жылда Ұлттық банкке инфляцияны тежеудің сәті түскен, қазір оның деңгейін бес-жеті пайыздан асырмай ұстап тұр - 2015 жылы инфляция 13,6 пайыз болса, 2017 жылы 7,22 пайыз болған.

- Теңге девальвациясынан бүкіл экономика ұтты. Өйткені біздегі ЖІӨ-нің 70 пайызы экспорт құрайды, шикізат, металл сатамыз, - дейді Алмас Чукин. – Мысалы, "Қазақмыс", "АрселорМиттал", мұнай саласы компанияларының кірісі - валютамен, ал шығыны теңгемен есептеледі. Демек олардың жалақыға жұмсайтын шығыны азайып, қазақстандық шикізаттың бәсекеге қабілеті артып келеді. Шағын және орта бизнестің жағдайы нашар. Өйткені бұл сала халықтың өсе бермейтін кірісіне тәуелді.

Алматылық ресторатор Юрий Пааль мен өзге бизнесмендер болашаққа үмітпен қарауға тырысады, бірақ Юрий ілгерілеу боларына әзірше онша сеніңкіремейді.

- Егер тұтынушылардың қазіргі мүмкіндігін есепке алсақ, әлдебір үміт бар. Ал негізі, бәрі банктерге байланысты шешіледі ғой. Егер банктер бізді сауатты қаржыландырса, ақшасы болуы үшін әлеуетті клиенттерімізді қаржыландырса, біздің нарықтағы жағдай оңалар еді. Бірақ әзірше бұлай болмай тұр, сондықтан ертең бәрі керемет болып кетеді деп айта алмаймыз, - дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG