Accessibility links

Бір сыныптағы 46 оқушы. Шымкентте үш ауысыммен оқитын мектеп көбейді


Самал ықшамауданындағы №87 мектептің бастауыш сынып оқушылары сабаққа кіріп барады. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.

Шымкентте үш ауысыммен оқитын мектеп саны биыл 15-ке жетті. Қалада мың балаға шақталған мектептерде төрт-бес мың оқушы білім алады. Мектептер оқу кабинеттері жетпегендіктен қосымша сабақтарды алып тастаған.

"БЕС КҮНДІК ОҚУҒА КӨШЕ АЛМАЙМЫЗ"

Шымкенттегі Сайрам ықшамауданында орналасқан №65 мектеп-гимназиясы екі жылдан бері үш ауысымда оқиды. Мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Керімбаеваның Азаттыққа айтуынша, 1250 балаға шақталған гимназияда жаңа оқу жылында оқушы саны 3700-ге жеткен. Оқу кабинеттері аз, ал сыныптағы оқушы саны көп.

Айгүл Керімбаева, №65 мектеп-гимназиясы директорының міндетін уақытша атқарушы. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.
Айгүл Керімбаева, №65 мектеп-гимназиясы директорының міндетін уақытша атқарушы. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.

- Біздегі қиындық сол – бала саны көп, ата-ананың сұранысы жоғары. Кейбір сыныптарда оқушы саны қырықтан асады, – дейді ол.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Садықбек жаңа оқу жылында 275 бала бірінші сыныпқа қабылданып, оларды тоғыз сыныпқа сыйдыруға мәжбүр болғанын айтады. Оның сөзінше, бір сыныпта 25 оқушы болуы тиіс, бірақ алты сыныпта қазір оқушы саны отыздан асқан.

- Кейбір сыныптарда 46 оқушы бар. Бала санын 25-тен асырмай оқытайық десек, кабинет тапшы. Соның өзінде бастауыш сыныптардағы алты сынып аралық уақытта (сағат 11-ден 14.00-ге дейін – ред.) сабақ оқуға мәжбүр. Пән кабинеттері жетпей тұр. Оқушының шамадан көп болуы мұғалімдерге салмақ, бірақ оларға қосымша ақы төленбейді, – дейді ол.

Сайрам ықшамауданындағы №65 мектеп-гимназияның ауласы. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.
Сайрам ықшамауданындағы №65 мектеп-гимназияның ауласы. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.

65 мектеп-гимназиясындағы оқушы санын азайту үшін мектеп жанынан мың оқушыға шақталған жекеменшік мектеп ашылған. Мектептің бес жүзге жуық оқушысы сол мектепке ауысқан. Қалған ата-аналар балаларын ол мектеп ауыстыруға келіспеген.

Үш ауысымды оқу мәселесі алдағы бір-екі жылда шешілмейді.

- Біз бес күндік оқуға көше алмаймыз. Үш ауысымды оқу қиындықтан шығудың бір жолы ғана. Мысалы, 7-сыныпта 400 бала оқиды. Бұл – ауылдағы бір мектептегі оқушы саны. Бала санының көптігінен ауысым кезінде қызметкерлер кабинеттерді жуып, тазалауға үлгермейді. Кабинеттерді көбейтуге еш мүмкіндік жоқ. Үш ауысымды оқу мәселесі алдағы бір-екі жылда шешілмейді, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Керімбаева.

Самал ықшамауданындағы №87 мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгүл Исабекова мектептің үш ауысымға көшуін соңғы жылдары бірінші сыныпқа келетін балалар санының көбейгенімен байланыстырады. Оның сөзінше, биыл мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін 20 сынып ашқан. Мектеп 1200 балаға шақталғанымен, бала саны бес мыңға жуықтаған.

Айгүл Исабекова, №87 мектеп директорының оқу-тәрибе ісі жөніндегі орынбасары. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.
Айгүл Исабекова, №87 мектеп директорының оқу-тәрибе ісі жөніндегі орынбасары. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.

- Бастауыш сынып оқушылары үш ауысыммен оқиды. Бірінші сабақ таңертеңгі сағат сегізден басталса, соңғы сабақ 18:20-да аяқталады. Жоғарғы сынып оқушылары екі ауысыммен білім алады. Үш ауысымға көшкелі қосымша сабақтарды алып тастадық. Өйткені кабинет жоқ, – дейді ол.

Айгүл Исабекова Самал ықшамауданына көшіп келгендер жыл сайын көбейіп жатқанын, олардың арасында көп балалы отбасылардың барын айтады. Оның сөзінше, ықшамауданның аумағы кеңейген.

Қазір бір мектеп жұмыс істеп тұр. Мектеп жанынан қосымша ғимарат салуға жер телімі жоқ, – дейді мектеп қызметкері.

Самал ықшамауданындағы №87 мектеп ғимараты. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.
Самал ықшамауданындағы №87 мектеп ғимараты. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ МӘСЕЛЕМЕН ТАНЫС

Шымкент қалалық білім басқармасы №87 мектеп пен №65 мектеп-гимназиясының мәселесін біледі. Мекеме қалада тағы 13 мектеп үш ауысыммен оқып жатқанын мәлімдеді. Бұл мектептер қосымша ғимаратты немесе жаңа мектепті қажет етеді.

- Қазір қалада үш ауысымда оқитын 15 мектеп бар. №1 мектепте, №9 мектеп-лицейде, №23 мектепте, №87 мектепте мәселе күрделі. Мысалы, №1 мектепте 1500-ден аса артық бала оқиды, – дейді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Серік Бабақұлов.

Самал ықшамауданындағы №87 мектептегі сынып саны жазылған тақта. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.
Самал ықшамауданындағы №87 мектептегі сынып саны жазылған тақта. Шымкент, 3 қазан 2019 жыл.

Бөлім басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында үш ауысымда оқып келген төрт мектептің мәселесі шешілген. Бірінің жанынан жекеменшік мектеп, екі мектептің жанына қосымша ғимарат салынған. Тағы бір мектеп жаңа ғимаратқа көшкен. Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылынан бері әр мектептегі оқушылар саны нақтыланып, үш ауысымға өту қаупі бар мектептер анықталған.

"БҰЛ МӘСЕЛЕ ДҰРЫС ЖОСПАРЛАМАУДАН ПАЙДА БОЛДЫ"

Республикалық "Зияткер - Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлының пікірінше, Қазақстанда үш ауысымды мектептер проблемасының пайда болуы – абсурд.

"Зияткер - Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы.
"Зияткер - Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы.

- 20 ғасырдың алғашқы жартысында бала туу көбейді. Медицина дамып, бала өлімі азайды. Содан бері демография өсті. 2018 жылы Шымкент қаласында 22 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барды. Қазір мектеп тапшы. Үш ауысымды мектептердегі кейбір сыныптарда 45 оқушыға дейін отыр. Сыныпта оқушы саны 25-тен артық болса, білім сапасы төмендейді. Мұғалім 40 минут уақытының бір бөлігін балаларды тыныштандыруға жұмсайды. Бұл – дұрыс жоспардың болмауынан пайда болған мәселе, – дейді мектеп мұғалімі.

Бірлестік жетекшісі билік бұл мәселені кешенді түрде шешуі тиіс деп санайды.

Сыныпта оқушы саны 25-тен артық болса, білім сапасы төмендейді.

- Халық тығыз шоғырланған ықшамаудандарда мектеп салуға артық жер жоқ. Ал мектептің жанынан қосымша ғимарат салу мәселені шешпейді. Проблеманы кешенді түрде шешу керек. Мәселен, оңтүстіктен солтүстікке еңбек ресурстарын тартудың мемлекеттік бағдарламасына өзгеріс енгізіп, азаматтарды қызықтыратын қосымша төлемақылар мен жеңілдіктер қарастырған жөн. Сонда бір емес бірнеше мәселе шешіледі. Мысалы, оңтүстіктегі жұмыссыздықпен бірге солтүстіктегі жабылған немесе оқушы санының аздығынан жабылу алдында тұрған мектептерді cақтап қалуға сеп болады, – дейді ол.

Шымкент қалалық білім басқармасының дерегінше, жаңа оқу жылында 190 мыңға жуық бала мектепке барған. Олардың 22 мыңға жуығы бірінші сыныпқа барды. Қалада 131 мемлекеттік, 17 жекеменшік мектеп бар. 2017 жылы қалада үш ауысымды мектеп саны үшеу болған. 2018 жылы олардың саны 19-ға өскен.

Қазақстанда үш ауысымды мектеп мәселесі бұрыннан бар. Бұл туралы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бірнеше рет айтқан. Ол 2014 жылы қаңтарда үкіметке үш жылдың ішінде, 2017 жылға дейін, елдегі үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуді бұйырған. Сол кездегі елдің білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов "мәселе бес жылдың көлемінде шешіледі" деген.

Бұл мәселе биылғы педагогтардың дәстүрлі Тамыз мәслихатында тағы айтылды. Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін мектеп салынатынын, бірақ үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы әлі барын" мәлімдеді.

Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

- Демография және миграция – үш ауысымды мектептердің басты себебі. 2000 жылдары елімізде 222 мың бала дүниеге келсе, 2016 жылы шамамен 400 мың балаға жетіп отырмыз. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, 320 мыңнан астам азамат ел ішінде басқа аймаққа қоныс аударған. Мысалы, 2017 жылы Нұр-Сұлтанға еліміздің басқа өңірлерінен 80 мыңға жуық адам көшіп келді, олардың 17 мыңға жуығы – бала. Демек, астанаға жыл сайын жаңа 15 мектеп керек деген сөз, – деген еді министр.

Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы Қазақстанда 127 үш ауысымда оқитын мектеп пен 44 апатты жағдайдағы мектептің барын хабарлаған.

Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) іргесіндегі үш ауысымды мектеп. 17 қыркүйек 2018 жыл.

Үш ауысымды мектеп
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG