Accessibility links

Шұқырсай тұрғындары мектепке зәру


Шұқырсай ауылында автобус күтіп тұрған оқушылар. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шұқырсай ауылының тұрғындары биліктен елдімекенге мектеп салып беруді талай жылдан бері сұрап келеді. Шұқырсайлық жарты мыңдай бала көрші ауылға қатынап оқиды. Жергілікті билік Шұқырсайдан мектеп салу жоспарда барын айтқанымен уәделі құрылыстың қашан басталары белгісіз.

Біртілек ауылдық округіне қарасты Шұқырсай ауылы аудан орталығы Сарыағаштан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырымдай жерде орналасқан. 1939 жылы іргесі қаланған Шұқырсайда қазір, ауылдық әкімдіктің есебі бойынша, 264 отбасында 2370 адам бар. Тұрғын халқы егін салып, мал өсірумен айналысатын ауылға ауыз су құбыры, электр желісі тартылған. Ауыл ішіндегі орталық көшелерге асфальт төселген.

Шұқырсай тұрғындары өздеріне би сайлап алған 60 жастағы Ялдашбай Абдикадировтың айтуынша, мектеп жасындағы 490 баласы бар ауылдағы көкейкесті мәселе – мектептің жоқтығы.

- Жергілікті әкімдікке мектеп салып беруін сұрап өтініш айтып жүргенімізге 10 жылдан асты. Нәтиже жоқ, - дейді ол.

Шұқырсайдағы оқушы балалар қазір жеті шақырымдай жердегі Аққорған ауылындағы Бекманова атындағы №114-мектепке қатынап оқиды. Ол жаққа таңертең және түс мезгілінде балаларды арнайы бөлінген автобуспен тасиды.

Шұқырсай ауылында тұратын Муниса Ганибаеваның бес баласы Аққорғандағы мектепте барып оқиды.

- Балаларды көрші ауылдағы мектепке таситын автобус ескі әрі тарлық етеді. 70 баланы мінгізіп бірден алып кетеді. Кейде балалар автобусқа сыймай қалады, - дейді ол.

Көршісінің сөзіне қосылған Инобат Юсупова да мектепке баратын жолдың алыстығы мен автобустың ескі екеніне шағым айтты.

50-ден аса бала мінген автобус.
50-ден аса бала мінген автобус.

- Ескі автобуспен жеткенше шаң болады. Балаларым мектепке барып келгенше киімдері кірлеп кетеді. Күнде мектеп киімдерін жуып үлгермейміз, - дейді ол.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Замира Рахимованың айтуынша, таңертең автобустан қалып қойған немесе симай қалған балалар 6-7 шақырым жердегі мектепке шаңды кешіп жаяу барады, кейде жаяу қайтады.

- Жол жүріп шаршаған баланың миына сабақ кіре ме? - дейді 33 жыл мұғалім болып жұмыс істеген Замира Рахимова.

33 жыл мұғалім болып жұмыс істеген зейнеткер Замира Рахимова ауылда мектеп пен бірге балабақша жоқ екенін айтып тұр.
33 жыл мұғалім болып жұмыс істеген зейнеткер Замира Рахимова ауылда мектеп пен бірге балабақша жоқ екенін айтып тұр.

Бес баласы Аққорғандағы мектепте оқитын Шұқырсай тұрғыны Халима Анарбаева 114-мектептегі ата-аналар жиналысына ауылдан балаларды оқуға таситын автобуспен арнайы барып көргенін айтады.

- Бір автобусқа 70 шақты бала мінді. Бәрі бастауыш сынып оқушылары. Ауасы тар көлік ішінде балалар бірінің үстіне бірі мінгендей болып тұрып барды. Бірінің сөмкесі, бірінің бантигі жерге түсіп жатты. Терлеп, ыстықтан шөлдеп су сұрағандар да болды, - дейді ол.

Мектепте өткен жиналыста «балалардың үсті-басы кір, сабаққа үнемі кешігіп келеді, үлгерімі нашар» деген сын естіген тұрғын мұғалімдерге өз уәжін жеткізгенін айтады.

- «Бір күн балалармен бірге автобусқа мініп, кезекшілік жасап көріңіздер» дедім. Сонда бәлкім, балаларымыздың қалай қиналғанын өздері көретін еді, - дейді Халима Анарбаева.

Шұқырсай ауылының тұрғындары ескі автобуспен мектепке қатынайтын балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтады.
Шұқырсай ауылының тұрғындары ескі автобуспен мектепке қатынайтын балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтады.

Азаттық тілшісі сөйлескен Біртілек ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері Шұқырсайдағы мектеп оқушыларын таситын автобус проблемасы жайлы хабардар болып шықты. Ауылдық округ әкімінің орынбасары Асқар Құлыбаевтың айтуынша, Шұқырсайдан Аққорғандағы мектепке оқушыларды апарып, алып қайтатын қосымша автобустар шығару мәселесі қаралып жатыр.

- Қазір Шұқырсайдағы оқушы балаларды мектепке екі автобуспен екі реттен тасымалдап жатырмыз. Тағы 2 автобусты қосу жоспарда бар, - дейді әкімнің орынбасары.

Әкімдіктің сектор меңгерушісі Мұхамедәлі Әзімбаев Азаттыққа Шұқырсай ауылынан 300 орындық мектеп салу жоспары туралы айтты.

[Мектепті] қай жерге салу керектігі талқыланып жатыр.

- Қай жерге салу керектігі талқыланып жатыр, - деген ол мектеп құрылысының қашан басталатыны туралы нақты жауап бермеді.

«Қазір күн жылы. Ертең қыс түскенде жағдай бұдан да қиындайды» дейді Шұқырсай тұрғындары. Өткен аптада Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуалиевтің қабылдауында болған Шұқырсай ауылы тұрғындарының бір топ өкілі елдімекенге мектеп салу жайлы өтініштерін тағы да жеткізген. «Әкімдіктің бөлім басшылары жақын күндері Шұқырсай ауылына барып, мектеп салынатын жердің орнын анықтайтын болады» деп хабарлады Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған жергілікті басылымдар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Мектебі жоқ Шұқырсай

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, Біртілек ауылдық округінің құрамына кіретін 13 ауылда жиыны 21 мың адам тұрады. Округте 10 мектеп (6 - жалпы орта мектеп, 1 - негізгі орта мектеп, 3 - бастауыш мектеп) бар. Бес ауылдан 980 оқушы бала көрші ауылдардағы 8 мектепке 12 автобуспен тасымалданады. Оқушылар тасымалдауға айына жергілікті бюджеттен 1 миллион 180 мың теңге бөлінеді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG