Accessibility links

Қарындасы: Арон Атабектің жағдайы өте ауыр


Диссидент ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан 2021 жыл.
Диссидент ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан 2021 жыл.

Жуырда түрме жазасы жеңілдетіліп, үйіне жіберілген диссидент ақын Арон Атабектің жағдайы өте ауыр. Бұған дейін туыстары коронавирус пневмониясына шалдыққан Атабектің реанимацияға түскенін айтқан.

– Сатурациясы азайды. Реанимацияда жатыр. Жағдайы өте ауыр. Кеше дәрігерлер келіп, жиналыс өткізді, бірақ палатадан шығармады. Біз оны палатаға шығарып қалар деп үміттенгенбіз. Бірде есі бар, бірде есі жоқ. Сөйлей алмайды. Мен бүгін барайын деп ойлағанмын, бірақ дәрігерлер бәрібір келсеңіз де, сізді ол жаққа кіргізбейді, – деді Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева 21 қазанда Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Арон Атабекте коронавирустан өзге жанама аурулары көп. Солар да жағдайын қиындатып отыр.

21 қазанда Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері ҚазТАГ агенттігіне Арон Атабек коронавирустың ауыр түріне шалдыққанын айтқан. Басқарма өкілдері "науқас пен оның жақын туыстары келіссе, дәрігерлер консилиумын жинап, емдеу тактикасын анықтауға әзір" деген.

Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарған.

Арон Атабек бостандыққа шыққан соң Азаттыққа сұхбат беріп, 21 қыркүйекте оқыс құлап, басын жарғанын, содан кейін Павлодар ауруханасында он күн кісендеулі күйі төсекке танылып жатқанын мәлімдеген. Диссидент ақын билік өзіне білдіртпей, Павлодардағы ауруханадан тікелей әуежайға апарып, Алматыға баратын ұшаққа салып жібергенін айтқан.

Бостандыққа шыққаннан кейін туыстары Арон Атабектің халі нашарлап Алматыдағы ауруханаға жеткізілгенін, бірақ оның ауруханаға жатудан бас тартқанын хабарлаған. Ол осыған дейін пробация бақылауында болған кезде тұратын мекені ретінде белгіленген Алматыдағы қарындасының үйінде тұрған.

Видео: Арон Атабек реанимацияда жатыр (20 қазан 2021 жыл).

Арон Атабек реанимацияда жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG