Accessibility links

Еңбек министрлігі: Өндірістегі қайғылы оқиғалар негізінен жұмыс берушілер кінәсінен болады


Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Қарағанды облысы, 2010 жыл.
Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Қарағанды облысы, 2010 жыл.

Қазақстанда биыл алғашқы 9 айда өндіріс орындарында 140 адам қаза болған, мыңнан астам адам жарақаттанған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев жұма күнгі брифинг кезінде осылай деп мәлімдеді.

"Биыл алғашқы тоғыз айда кәсіпорындарда 1062 адам зардап шеккен, 140-ы қаза болды. Министрліктің зерттеу қорытындысы бойынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігін биіктен құлау, кәсіпорын көліктерінің апаты, опырылу, заттар мен материалдардың төбеден құлауы сияқты жайттар құрайды. "Еңбек қауіпсіздігі және қорғау туралы" заңның бұзылуы негізінен жұмыс берушілер кінәсінен болған" деді Нұрғалиев.

Комитет жетекшісінің сөзіне қарағанда, өндіріс орындарында негізінен төмендегідей заңбұзушылықтар жиі кездеседі: еңбек қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпеу, жұмысшыларға техника ережелерін ескертіп, нұсқаулық бермеу, арнайы киім сияқты жеке қорғаныс заттарымен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етпеу, еңбек қауіпсіздігі бойынша жауапты қызмет немесе тұлғалардың болмауы.

"Биыл 9 ай ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мың заңбұзушылықты анықтаған. Жұмыс берушілерге 2700 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 189 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, құқық қорғау органдарына 777 материал жіберілді. 102 қылмыстық іс қозғалды" деді Нұрғалиев.

2020 жылғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 367 мың жұмысшы зиянды ортада жұмыс істеп жатыр. Көбі Павлодар, ШҚО, Маңғыстау сияқты өнеркәсіптік аймақтарда істейді. 94 мың адам өте ауыр жұмыс түрлерімен айналысады.

Министрлік мәліметінше, жыл сайын кәсіби ауруға шалдыққан 400-ден астам адам тіркеледі. 2020 жылы 670 мың адамға жалпы сомасы 140 млрд теңге көлемінде өтемақы берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG