Accessibility links

Шахтадағы еңбек. Денсаулығынан айрылған кеншілер моральдық өтемақы талап етеді


Қарағанды облысындағы шахта. Көрнекі сурет.
Қарағанды облысындағы шахта. Көрнекі сурет.

Жылдар бойы жер астында жұмыс істеп келген кеншілер кәсіби сырқаты салдарынан еңбекке жарамай, мүгедек болып қалады. Осындай кеншілердің бір тобы сотқа жүгініп, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан моральдық өтемақы талап етіп отыр.

ЕҢБЕККЕ ЖАРАМСЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ

Юрий Бейзер 35 жыл кенші болып істеген. Қазір ол – үшінші топ мүгедегі, омыртқа ісігі (грыжа) мен төрт түрлі кәсіби сырқаты бар: жер астында көп жыл істеген басқа кеншілер сияқты Юрийдің де өкпесі, арқасы, тізесі мен шынтағына дерт жабысқан. Соған қарамастан, шахтер мемлекеттен мүгедектік санатын әзер алған.

2013 жылы Бейзерге еңбекке жарамсыздық деңгейі 29 пайыз болғаны үшін бір жолғы өтемақы төленген, бірақ мүгедектік санаты берілмеген. Компания кеншіні жер үстіндегі жұмысқа қойған. Бейзер денсаулығына байланысты жұмыс істей алмай, кәсіпорыннан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Осыдан кейін кеншінің денсаулығы күрт нашарлап, еңбекке жарамсыздық деңгейі 55 пайызға жеткен.

Жер астында 35 жыл еңбек еткен бұрынғы шахтер Юрий Бейзер.
Жер астында 35 жыл еңбек еткен бұрынғы шахтер Юрий Бейзер.

Қазір 62 жастағы Юрий Бейзер өзін қарт адам сияқты сезінеді. Таяққа сүйеніп жүреді, арқасын ұстап тұратын арнаулы белдік тағады. Бұрынғы кенші тынысы тарылып, жиі тұншығып қалады, ал қатты жөтел қысқанда жедел жәрдем шақыруға тура келеді. Тамырдан ине салғаннан кейін науқастың жөтелі бірнеше күнге бәсеңдегендей болғанымен, кейін қайта басталады.

Азаттық тілшісімен әңгіме барысында Юрий Бейзерді әлсін-әлсін жөтел буып, қиналып отырды. Жақында пульмонологқа қаралыпты, дәрігер оның ауруы асқынып бара жатқанын айтқан.

Юрий сырқатының себебін жер астындағы жұмыспен байланыстырады. Ол бірнеше шахта мен метталургия комбинатына иелік ететін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан моральдық шығын үшін қосымша өтемақы төлеуді талап етіп, сотқа арыз берген. Бұрынғы кенші денсаулық жағдайына қарамастан, бірнеше сот инстанциясынан өтіп, апелляция сотына дейін жеткен. Бірақ сот Юрий Бейзердің моральдық шығын үшін қосымша өтемақы төлеу жайлы өтінішін қанағаттандырмады.

– Кеудемді толтыра тыныстай алмаймын, еңкейіп, арқамды жаза алмаймын. Олар ("АрселорМиттал Теміртау" компаниясы менеджерлері) сауатсыздығымызды пайдаланып, ақша төлегісі келмейді. Бірінші инстанциядағы сот істі менің пайдама шешіп, компанияны маған қосымша өтемақы төлеуге міндеттеген еді. Ал апелляция соты компанияны жақтап шықты. Қалай сонда? Сот үкіміне адвокатым да таңғалды. Бұл күмән туғызады, – дейді Бейзер.

Апелляция соты осыған дейін шығарылған үкімнен заңбұзушылық тауып, қосымша өтемақы төлеу туралы өтінішті қанағаттандырмаған. Қазір Бейзердің заңгері жоғарғы сотқа кассация шағымын дайындап жатыр. Бұрынғы кенші ақыр соңына дейін күресуге дайын. Ол компаниядан бір жарым миллион теңге төлеуді талап етіп отыр. Бейзер "бұл ақша емделуге жақсы көмек болар еді" деп үміттенеді.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахтерлері мен металлургтері наразылық акциясында тұр. 2012 жылғы сурет.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахтерлері мен металлургтері наразылық акциясында тұр. 2012 жылғы сурет.

"БҰРЫН 50 ЖАСТА ЗЕЙНЕТКЕ ЖІБЕРЕТІН, ҚАЗІР…"

Бейзердің жылдар бойы жұмыс істеп, денсаулығын берген компаниядан өтемақы өндіріп алудан басқа да уайымы көп. Юрий келер жылы зейнетке шыққаннан кейін денсаулығынан айрылуына байланысты берілетін төлемнен қағылады. Қазір ол осы ақшаға күнелтіп, емделіп отыр.

– Зейнетке шыққаннан кейін бұл төлемге ілінбей қаламын. Өйткені маған мүгедек санатын бірден емес, 2016 жылы бір-ақ берді. 2015 жылға дейін мүгедек ретінде тіркелген адамдарға зейнетке шыққаннан кейін де денсаулығынан айрылуына байланысты тағайындалатын төлем беру тоқтамайды. Бұл қандай заң өзі? Біз дұрыс жұмыс істемедік пе? Ауыр жағдайда еңбек еттік, кейінгі жылдары тіпті қиын болды: жұмыс қолы жетіспеді, материал болмады, ауыр заттарды көбіне арқамызға артып алып таситынбыз, жүктеме көбейіп, денсаулығымыз бұрынғыдай емес, нашарлай түсті, – дейді Юрий.

Юрий Бейзердің ауыр өндірісте істеген адамдарды мүлде қорғамайтын зейнетақы жүйесін құрған үкіметке өкпесі қара қазандай.

– Бізде шахтерлардың орташа жасы – 50 жас, бұл тым аз. Совет одағы тұсында 10 жыл жер астында істесең, мүгедек болып қалмасын деп, 50 жаста зейнетке жіберетін. Қазір шахтер жұмыстан мүгедек болып қалған кезде бір-ақ кетеді. Капитализмнен көрген жақсылығымыз – осы. Шахтерлар мен мүгедектердің жағдайын жақсарту үшін үкіметті ауыстыру керек. Бізді қорғайтын заң жоқ, бәрі бізге қарсы. Денсаулығы мен жұмысынан айрылғандар маңдай терімен тапқан тиын-тебенін алу үшін сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр, – дейді Бейзер.

"МЕНІМЕН БАЗАРДА ТҰРҒАНДАЙ САУДАЛАСТЫ"

Әнуар Жиенқұлов та сот арқылы қосымша төлемге қол жеткізуге тырысып, күресіп жүр. Азаттық тілшісі хабарласқан кезде Әнуар денсаулығы нашарлап, шипажайда ем қабылдап жатқан еді. Ол 2012 жылы шахтада кенеттен метан газы шығып, ірі апат болған кезде әзер тірі қалған. Әнуарға миы уланған, радикулопатия және қатты жарылыстан құлақ жарғағы жарылған деген сияқты диагноздар қойылған. Апаттан кейін Жиенқұловтың еңбекке жарамсыздық деңгейі 29 пайыз деп белгіленіп, оған бір жолғы өтемақы төленген. Кейінірек кезекті медициналық тексеру кезінде Жиенқұловтың денсаулығы бұрынғыдан едәуір нашарлағанына қарамастан, комиссия еңбекке жарамсыздық деңгейі бұрынғыша – 29 пайыз деген қорытынды шығарған. Жиенқұлов комиссия шешімімен келіспей, өз мәселесіне назар аудару үшін бас прокуратураға дейін барған. Құзырлы органдар араласқаннан кейін комиссия Әнуардың денсаулығы нашарлағанын растаған.

Бұрынғы шахтер Әнуар Жиенқұлов кәсіби дерт кесірінен мүгедек болып қалғанын айтады.
Бұрынғы шахтер Әнуар Жиенқұлов кәсіби дерт кесірінен мүгедек болып қалғанын айтады.

– Еңбекке жарамсыздық деңгейін анықтайтын кезде менімен базарда тұрғандай саудаласты. "Сізге еңбекке жарамсыздық деңгейі 50 пайыз, үшінші топ мүгедегі деп жазып берсек жете ме?" деп сұрады. "Одан артық бермесеңдер, жетеді" дедім. Кейін 2017 жылы жағдайым күрт нашарлап кетті: басым қатты ауыратын болды. Профессор мидың екінші деңгейлі улануы деген диагноз қойып, еңбекке жарамсыздығым 59 пайыз деп жазып берді. Бірақ компания 30 пайыз үшін қосымша ақша төлегісі келмеді. Олар маған 1,9 миллион теңге беруі керек, – дейді Әнуар Жиенқұлов.

"ОЛАР ТАҒДЫРЫМЫЗДЫ ШЕШЕДІ, АЛ БІЗ СОЛ ТИЫН-ТЕБЕНГЕ ӨМІР СҮРЕМІЗ"

63 жастағы Әнуар Жиенқұлов заңгермен кеңесіп, сотқа арыз жазған. Бірінші инстанция соты компанияның қарсылығына қарамастан, өндірісте зардап шеккен кеншінің арызы орынды деп тапқан. Бірақ бұрынғы жұмыс беруші бұл шешіммен келіспей, апелляцияға шағым берген. Қазір Жиенқұлов апелляция сотын күтіп отыр. Ол облыстық сотта жеңіліп қалған әріптесінің тәжірибесін ескеріп, апеляция соты компанияның пайдасына шешім шығаруы мүмкін деп алаңдайды.

2022 жылы Әнуар Жиенқұлов тағы бір рет дәрігерге қаралып, тексеруден өтуі керек. Қазір бұрынғы кеншінің денсаулығы қайтадан сыр бере бастаған. Ол биыл төрт рет ауруханаға жатып, емделген. Әсіресе, магнит толқыны өткен кезде хал-жағдайы қиындайды. Кейде есінен танып қалатынын, басы ауырып. Көру және есту қабілеті де нашарлаған.

– Осының бәрі – шахтадағы жұмыстың салдары. Қазір үшінші топ мүгедегімін. Екінші топ мүгедегі деп тануға бір пайыз ғана жетпей тұр. Профессор "сізге қазірдің өзінде екінші топ мүгедегі деген санат беруі керек" дейді. Бірақ маған бермейді. Олар комиссия құрамында отырып, адамның тағдырын шешеді. Ал біз кейін сол тиын-тебенге өмір сүреміз. Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Неге сот үнемі зардап шегуші тараптың жағында болмайды? Жоғарыдан қысым жасалған шығар деп топшылаймын. Бұл – жеке пікірім, – дейді Жиенқұлов.

"АрселорМиттал Теміртау" шахтасында жұмысты доғарып, ереуілде отырған кеншілер, 2017 жыл. Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынған фото.
"АрселорМиттал Теміртау" шахтасында жұмысты доғарып, ереуілде отырған кеншілер, 2017 жыл. Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынған фото.

"ТЫРАШТАНЫП ЖҰМЫС ІСТЕП, КЕЙІН ДЕНСАУЛЫҒЫҢНАН АЙРЫЛҒАНЫҢДЫ ДӘЛЕЛДЕП ӘУРЕ БОЛАСЫҢ"

Сотқа арыз беріп, әділдік іздеп жүргендер арасында көп жыл бойы тау-кен саласында жұмыс істеген 61 жастағы Сергей Авраменко да бар. Ол 2013 жылға дейін шахтада жөндеу жұмысымен айналысып, мүгедек болып қалған. Сергей сотта әзер жеңіске жеткен. Кәсіби сырқаты салдарынан Сергейдің денсаулығы екі есе нашарлағанына қарамастан, аудандық және облыстық сот болған кезде жұмыс беруші "қосымша өтемақы төлеуге міндетті емеспіз" деп қарсыласқан.

Жылдар бойы жер астында зиян әрі қауіпті өндіріс орнында жұмыс істегеннен Сергейдің арқасы мен аяғы ауыратынды шығарған. Авраменко зейнет жасына жетпей үшінші топ мүгедегі болып қалған. Ол қазіргі жағдайын айтып, өзіне екінші топ мүгедегі деген санат берілуі керегін айтады. Сергей қазір таяққа сүйеніп жүреді.

– Кәсіби сырқатымның салдарынан денсаулығым нашарлап, еңбекке жарамсыздық деңгейі 29 пайыздан 50 пайызға дейін көбейгені үшін өтемақы мөлшерін қайта есептеп, қосымша ақша төлеген жоқ. Компанияны сотқа беруге тура келді. Ақысын ала алмай жүрген жалғыз мен емес, бірақ бәрі бірдей сотқа бара бермейді. Бар күшіңді сарп етіп жұмыс істеп, кейін денсаулығыңнан айрылғаныңды дәлелдеп әуре боласың. Бәрін жылы жауып қойғысы келеді. Кәсіби сырқатыңды дәлелдеп, мүгедек санатын алу қиын. Билік осының бәрін бақылауға алса жақсы болар еді, – дейді Сергей Авраменко.

Облыстық сот Авраменконың ісі бойынша аудандық сот шығарған шешіммен келісіп, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын бұрынғы қызметкеріне "еңбекке жарамсыздық деңгейі – 50 пайыз" деген есеппен (884 мың теңге) өтемақы төлеуге міндеттеген. Бірақ компания жарты жыл ішінде жоғарғы сотқа кассация шағымын бере алады.

ЗАҢГЕР: ЖҰМЫСШЫ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА БОЛАДЫ, БІРАҚ ҚИЫНДАТУҒА БОЛМАЙДЫ

Кеншілер тобы көмек сұрап барған заңгер Александр Пак зардап шеккен жұмысшылар мен бұрынғы шахтерларға моральдық шығын үшін өтемақы алғысы келсе сотқа жүгінуге тура келетінін айтады. Ол соттар көбіне бірдей шағым бойынша екі түрлі шешім шығаратынын айтады. Заңгер бұрын да дәл осындай жағдайға кездескен: сот өндірісте зардап шеккен кеншілер ісі бойынша екі түрлі шешімге келген.

Заңгер Александр Пак.
Заңгер Александр Пак.

– Апелляция соты бірінші инстанция сотының кенші арызын қанағаттандыру туралы шешімінің күшін жойды. Бұл – барып тұрған бассыздық. Сот үкіміне қарсы шағым береміз. Жақында тағы бір кеншінің апелляция соты болады. Өндірісте зардап шеккен адамның денсаулығы нашарласа, ол сотқа жүгініп, компаниядан қосымша өтемақы талап ете алады. Өйткені кенші еңбекке жарамсыз деп танылған кезде бұрынғы нормалар күшінде болған. Сондықтан бұл құжаттарды пайдалануға болады. Олардың кері күші жоқ. Ұжымдық келісімшарт, қандай да бір қосымша тармақтар не салалық келісімдер жұмысшылар мен бұрынғы қызметкерлердің жағдайын қиындатпауы керек. Мұндай ережелер күші жойылған болып саналады және қолдануға жарамайды. Жұмысшылар жағдайын жақсартуға болады, бірақ қиындатуға болмайды, – дейді заңгер Александр Пак.

Бірінші инстанция соты мақала кейіпкерлерінің жазған шағымын қарап, кезекті медициналық тексеру еңбекке жарамсыздық деңгейі артқанын анықтаған адамға қосымша өтемақы төлеуі керек деген шешімге келген.

Сот шешімінде "Құқықтық тұрғыдан бұл тармақты қолдану мүмкіндігі кәсіби еңбекке жарамсыз болған күні мен қызметкердің қайта медициналық тексеруен өту уақытына байланысты" деп жазылған. Мысалы, азамат 2013 жылы еңбекке жарамсыз деп танылса, одан кейінгі медицина тексерістері де осы келісімшарт тармағына кіреді.

"АРСЕЛЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУ" АПЕЛЛЯЦИЯҒА ШАҒЫМ БЕРГЕН

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бұрынғы жұмысшылардың шағымы қанағаттандырылмауы керек деген позиция ұстанады. Кәсіпорын жұмысшылар еңбекке жарамсыз деп танылған кезде оларға бір жолғы өтемақы төленгенін алға тартады.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы металлургия комбинатынан ауаға тарап жатқан түтін. Қарағанды облысы, 19 ақпан 2021 ж. Жергілікті экобелсенді Олег Гусевтің видеосынан скриншот.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы металлургия комбинатынан ауаға тарап жатқан түтін. Қарағанды облысы, 19 ақпан 2021 ж. Жергілікті экобелсенді Олег Гусевтің видеосынан скриншот.

Компания дәл осы позиция бойынша апелляция шағымын берген. Кәсіпорын өкілдері бірінші инстанция соты үкімінің күшін жойып, арыз берушінің шағымын қанағаттандырмауды және істі осыған дейін қараған судья материалды құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деген шешім шығаруды сұраған.

Жауап беруші тарап "бұл жағдай" болған кезде осындай төлем беруді қарастыратын ұжымдық келісімшарттың күші жойылғанына назар аударады. Компания дерегінше, қазіргі заңға сәйкес, "өндірісте алған бір жарақат не сырқат үшін екі рет өтемақы төленбейді".

"Казуглепроф" салалық кәсіподағы өкілдері еңбекке жарамсыз деп танылып, кейін денсаулығы нашарлаған кеншілерге қосымша өтемақы төленуі керек деп есептейді.

– Адамның дені сау болса, ауруы асқынбас еді. Адам ауырып қалса және ол кезде ұжымдық келісімшарт күшінде болса, демек оған қатысты сол құжатта жазылған ережелер қолданылады. Сондықтан бұрын берілген өтемақы мен кейін бекітілген жұмысқа жарамсыздық деңгейі бойынша тиісті төлемнің айырмасы есептеліп, берілуі керек. Ұжымдық келісімшарт өзгеруі мүмкін, бірақ одан кенші жағдайы нашарламауы керек. Соттардың неге кенші шағымын қанағаттандырмайтынын түсінбеймін. Жергілікті жерде ғана күреспей, заңнамалық деңгейде өндірісте жарақат алған және кәсіби сырқатқа шалдыққан кезде барлық жауапкершілік 100 пайыз жұмыс берушіге жүктеледі деп бекіту керек. Сонда жұмысшы сотқа жүгіріп, жарақат алғанын не кәсіби сырқатын дәлелдеп, ақшасын талап етіп, әуреге түспейді, – дейді "Казуглепроф" салалық кәсіподағы төрағасы Марат Мирғаязов.

Кәсіподақ төрағасы өзі мүше болып отырған "жұмыс тобы" кеншілерді кәсіби сырқатқа шалдықтырмау я мүгедек болып қалатын жағдайға дейін жеткізбеу үшін олардың зейнет демалысына шығу жасын төмендету мәселесін жиі көтеріп жүргенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG