Жұма күні Нұр-Сұлтан қаласының №2 Байқоңыр аудандық соты бұрынғы екі энергетика вице-министрін ақтады. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат агенттіктері жазды.
Vlast сайтының жазуынша, бұрынғы энергетика вице-министрлері Бақытжан Жақсалиев пен Ғани Садыбеков "қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан" ақталған. Судья сонымен бірге олардың заңсыз қылмыстық қудалануына байланысты өтемақы өндіру құқығы барын айтқан. Істі судья Кемеңгер Имашев жүргізген.
Ақпаратқа қарағанда, Жақсалиев пен Садыбеков Щучинск-Бурабай шипажайы аймағындағы көлді тазалауға бөлінген 2,7 млрд теңге қаржыны жымқырды ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену немесе талан-таражға салу") деген күдікке ілінген. Істе тағы бірнеше адамның аты аталған.
"2020 жылы 2 шілдеде сот аталған істі қылмыстық-процестік заңның бұзылуына байланысты прокуратураға қайтарған. Оған шығын мөлшерін анықтау қажеттілігі негіз болды. Іс сотқа 2021 жылы 9 маусымда қайта түсті. Айыптау және қорғау тараптарының дәлелдері қаралды. 2,7 млрд теңге көлемінде шығын келді деген дерек расталмады. Шығын көлемін анықтаған сараптамаларды жүргізу кезінде заң өрескел бұзылған. Бастапқы сараптамада зерттеу әдісі бұзылған, жарамдылық мерзімі аяқталған жабдық пайдаланылған" деді сотта.
Үкім әлі күшіне енбеген.
Бұған дейін "бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісін бір жылдан астам уақыт бойы қараған сот биыл қаңтарда оны ақтаған.
ПІКІРЛЕР