Accessibility links

"Сот тыңдап, естіді". Судья бұрынғы вице-министр Шкарупаны ақтады


Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Анатолий Шкарупа (сол жақта) өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сотқа қатысып отыр. Қарағанды, 17 қараша 2020 жыл.
Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Анатолий Шкарупа (сол жақта) өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сотқа қатысып отыр. Қарағанды, 17 қараша 2020 жыл.

"Бюджет қаржысын жымқырды" деген айып тағылған бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісін бір жылдан астам уақыт бойы қараған сот оны ақтады. Бұрынғы шенеунік пен басқа айыпталушылар соттан өздерін толық ақтауды, ал прокурор қаржы жымқырылғанын айтып, оларды ұзақ мерзімге түрмеге қамауды сұраған еді.

СОТ ҮКІМІНЕ РЕАКЦИЯ

"Рақмет сізге!". Бұрынғы энергетика министрі Анатолий Шкарупа мен "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиев сот үкімін естігенде осылай деп, қол шапалақтап қуанды.

Судья Жанат Егембердиева бірнеше сағат бойы, арасында үзіліс жариялап отырып, соттың аталған істі қарау барысында қандай қорытындыға келгені туралы актіні оқыды. Осыдан кейін сот процесіне қатысушы тараптар мен журналистерге түсініктеме берді.

– Сот бұл тұлғалардың кінәсі дәлелденген жоқ деген шешімге келді. Оның үстіне, "сотқа дейінгі тергеу заңсыз басталған" деген қорытынды жасалды. Қылмыстық іс материалдарында қылмыс жасау мақсатында сөз байласу фактісі болғанын растайтын дәлелдер болмады. Сәйкесінше, материалдық шығын көлемі де расталған жоқ. Сот тыңдап қана қоймай, естуге де тырысты, – деді судья.

Сот тергеу барысында "қылмыстық-процестік заң нормалары аясында заңбұзушылықтарға жол бергені үшін" бас прокуратураға қарсы жеке қаулы қабылдап, бұл шешімді бас прокурорға жеткізіп, қолға алынған шаралар туралы "бір ай ішінде" сотқа хабарлауды тапсырды.

Сот үкімін жариялау кезінде айыпталушылар мойнынан ауыр жүк түскендей терең тыныстап, көтеріңкі көңіл күйде судьяны соңына дейін тыңдады.

– [Айыптау] үкімі болуы мүмкін деген үмітімді үзбедім. Бұған судьяның істі жан-жақты қарап, барлық тарапты мұқият тыңдап, қосымша сұрақтар қойып отыруы себеп болды. Осыдан-ақ судьяның сот процесін ресми өткізумен ғана шектелмей, әр оқиға, жағдай мен фактіге назар аударып, құжаттармен танысып отырғаны көрінді. Бұл – өте маңызды әрі үлгі боларлық әрекет. Өкінішке қарай, барлық кезде бұлай бола бермейді. Сот куәгерлерді тыңдауға мүмкіндік берді, кедергі келтірмеді, ешқандай сұрақты алып тастаған жоқ, бұл да – үлгі боларлық дүние, – деді Шкарупаның адвокаты Нұрлан Бейсекеев.

ТЕРГЕУ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ?

Сот процесінің ақпарат құралдары мен қоғам назарына ілігуіне айыпталушылардың қатарында көп жыл энергетика саласында қызмет еткен 45 жастағы Анатолий Шкарупаның болуы әсер етті. Ол тергеуге алынардан бұрын екі ай бойы энергетика вице-министрі болған.

2018 жылы қарашада Ақордада өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаров Шкарупаны Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі болған кезде бюджеттен 215 миллион теңге жымқырды деп айыптаған. Шкарупа Саран қаласын 2014-2017 жылдары басқарған. Бас прокурордың мәлімдемесінен кейін Шкарупа үкімет қаулысымен қызметінен босатылған.

Анатолий Шкарупа.
Анатолий Шкарупа.

Анатолий Шкарупаның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу процесі екі жылға созылған: бұрынғы вице-министр 2018 жылы 16 қарашада тұтқындалып, 2020 жылы маусымда үйқамаққа алынған.

Сот процесі 2019 жылы желтоқсанда басталған. Шкарупа, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорының" бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиевке орталық жылыту жүйесі жоқ Саран қаласына жылу есептегіш құралдар орнату кезінде миллиондаған теңге жымқырды деген айып тағылған.

Сот процесі басталған кезде жымқырылған қаржы көлемі екі есе қысқарып, 215 миллион емес, 104 миллион теңге деп көрсетілген. Тергеу нұсқасы бойынша, "жымқырылған қаржы" "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына" жылу есептегіш құрылғылар сатып алып, орнатуға бөлінген; ал қор Сарань қаласында орталық қазандық пен жылу құбырларының жоғына қарамастан, бұл ақшаны заңсыз түрде ENERCO компаниясына аударған.

Айыпталушылар "Аса ірі көлемде адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, қаладағы тұрғын үйлерге жылу есептегіш құрылғылар орнатылғанын, оларды қазір салынып жатқан қазандық іске қосылған кезде пайдалануға болатынын айтқан.

Іске қатысушы азаматтар мен олардың адвокаттары қазандық 2015 жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілгенін, бірақ айыпталушыларға қатысы жоқ себептермен құрылыс жұмыстары аяқталмай қалғанын мәлімдеген. Олар жылу есептегіш құрылғыларды орнату сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асқанын айтқан. Ол 2013 жылы қазанда үкіметке 2014 жылдың соңына дейін "республика бойынша" жылу энергиясын есептейтін құрылғылар орнатып шығуды тапсырған. Осы талаптан кейін ұлттық экономика министрлігі сәйкес бағдарлама дайындаған. Бұл бағдарлама орталық жылыту жүйесі жоқ Сарань қаласына да жеткен.

Айыпталушылар жәбірленуші тарап – Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және модернизациядан өткізу орталығына ("Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорының" жалғыз акционері) залал келтіргенін де жоққа шығарды.

Мемлекеттік айыптаушы "бюджет қаржысы жымқырылған" деген нұсқаны қорғады. Жарыссөз кезінде прокурор "қалада орталық қазандық болмаған соң, көпқабатты үйлерге жылу есептегіш құрылғы орнатудың қажеті жоқ еді" деп мәлімдеді. Айыптау тарабының дерегінше, "қазандық құрылысының аяқталмайтыны 2015 жылдың өзінде белгілі болған".

Нәтижесінде прокурорлар айыпталушыларға ұзақ мерзімді жаза беруді талап етіп, Шкарупаны мүлкін тәркілемей, 10 жылға бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметпен айналысуына өмір бойы тыйым салуды; қалған екі айыпталушы – Байдалы мен Нәбиевке сегіз жыл түрме жазасын кесуді, айыпталушыларды сот залында тұтқындауды сұраған.

Қайсар Байдалы (сол жақта) мен Анатолий Шкарупа өздерінің үстінен қозғалған іс бойынша өтіп жатқан сотта отыр. Қарағанды, 13 наурыз 2020 жыл.
Қайсар Байдалы (сол жақта) мен Анатолий Шкарупа өздерінің үстінен қозғалған іс бойынша өтіп жатқан сотта отыр. Қарағанды, 13 наурыз 2020 жыл.

Сот процесі кезінде Шкарупа мен басқа айыпталушылар бұл істің "тапсырыс бойынша ұйымдастырылғанын", айыптаулардың "ойдан құрастырылғанын" айтып, шулы мәлімдемелер жасаған. Бұрынғы вице-министр өзін сотқа дейінгі тергеу кезінде "қылмыстық іс бойынша түсініктеме алып, кінәсін мойындату үшін" азаптағанын, құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратураның ұстанымы объективті болмай отырғанын айтқан.

– Қылмыстық қудалау қызметкерлері тарапынан жеке мүдде, тергеу барысында объективтілік сақтамау және құжаттарды қолдан жасау фактілері байқалды. Айыптау кезінде жалған куәлік жиналды, мені жақтырмайтын тұлғалар түсініктеме берді, ал кей куәгерлерге қысым көрсетілді. Процестік прокурорлар тобының басшысы заңсыз түрде әрекетсіздік танытқаны жөнінде сот шешімі бар. Осы әрекетсіздіктің кесірінен маған едәуір зақым келді. Бұл барып тұрған бассыздық, – деді соттағы жарыссөзде Анатолий Шкарупа.

Сот процесі кезінде бұл іске қатысты көп сұрақ туғанын қарағандылық журналист Ирина Московка да растайды.

– Басында 215 миллион теңге шығын келген деді, іс сотқа жеткенде сараптама қорытындысы бойынша 104 миллион жымқырылғаны белгілі болды. Осы кезде тағылған айыптардың растығы және мемлекеттік айыптаушылардың әрекеті күмән туғызды. Олар айыптау кезінде соттың алдына "судья өзі түсініп алсын" деп, құжаттарды тастай салмай, салмақты дәлелдер келтіруі керек еді. Мен іске қатысушы азаматтармен, тараптармен сөйлестім. Бірақ бюджеттен қаржы жымқырылғанын растайтын нақты дәлел көрмедім. Бұл жерде "астыртын" тартыс жүріп жатқандай әсер қалды, – дейді Московка.

Судья Егембердиева ақталып шыққан айыпталушылар Шкарупа, Байдалы және Нәбиев оңалтудан өтуге және шығын өндіріп алуға құқылы екенін айтты. Үшеуі осы құқығын пайдалана ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Олар Азаттық тілшісіне бұл мәселені талқылап үлгермегенін айтты.

Прокуратура сот үкіміне шағым бере ме, жоқ па, ол жағы да әзірге белгісіз.

"Көп дау туғызған іс өте ұзаққа созылды, бірақ нәтиже бар. Енді маған Шкарупа бұрынғы қызметіне оралуға тырыса ма, мұның бәрі қалай жүзеге асады деген мәселе қызық. Жақында мұны да көретін шығармыз" дейді журналист Ирина Московка.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG