Accessibility links

Кеншілер аймағында көмір қымбат


Алматыдағы көмір қоймаларының бірі
Алматыдағы көмір қоймаларының бірі

Қарағанды облысының тұрғындары аймаққа келетін көмірдің қымбат әрі сапасыз екеніне шағымданады. Жергілікті билік жылыту маусымы басталар шақта кейбір аудандарда отын қоры болмай, әкімдікке оның орнын тез толтыру туралы өтініш түсетінін айтады.

ҚЫМБАТ ӘРІ САПАСЫЗ

"Бізде көмір мәселесі қиын" дейді Қарағанды облысы Ахмет Ауылы елді мекенінің тұрғыны Любовь Битнер. Ол тұратын Нұра ауданында тұрғындар шұбаркөлдік көмірді ертерек сатып алып, қысқа қам жасайды.

Битнердің айтуынша, осы маусымда басқа разрездің көмірі сатылған. Жаңа көмірдің "жылуы жоқ, тез жанып кетеді" дейді тұрғын.

- Бүгін көлік Шұбаркөл көмірін алуға барады. Түні бойы Қарағандыда тұрады, ал таңертең алып келуі керек. Тоннасы 20-22 мың теңгеден деді. Бұл өте қымбат. Мүгедектігім үшін 43 мың теңге ғана жәрдемақы аламын. Жас бұқаны өткізіп, көмір аламыз. Басқа амалымыз жоқ, көбі солай істейді. Үйім кішкентай, бес тоннадай керек. Қыста қатты суық болмаса, көмір қалатын шығар, - дейді Любовь Битнер.

Қарағанды облысындағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрған көмір толтырылған шелектер
Қарағанды облысындағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрған көмір толтырылған шелектер

Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылының тұрғыны Юлия Франк жақсы көмір табудың өте қиын екенін айтады. "Сататын жерден шаң-тозаң аралас бірдеңені береді, оның өзі удай қымбат" дейді.

- Таныстарың болса жақсы көмір табуға болады. Қазір көмір тасушылар жеткізгені үшін де бағасын қымбаттатып тастаған. Танысың болса ЗИЛ-мен ауылға әкелгені үшін 7 мың теңге алады, әйтпесе 9 мыңнан кем емес. Разрезден алдырсаң, бағасы тіпті қымбат – 35 мың теңге болады. Анам жазда разрезден алды, тек жеткізгені үшін 22 мың теңге төледі, - дейді Юлия Франк.

Қарағанды облысының бірқатар шалғай аудандарында тұрғындар әлі көмір алған жоқ. Ақтоғай ауданында да сондай жағдай байқалады. Тұрғындардың айтуынша, бәрі ақшаға тіреліп тұр. Ауыл халқы азырақ көмір сатып алады, оны үнемдеп жағады. Аудан әкімдігі "қазір көмірге қатты сұраныс жоқ" дейді.

- Мүмкін ақшалары жоқ шығар немесе суық түспеген соң шығар. Ешкім үш-төрт тонна көмір алып жатқан жоқ. Жарты тонна, бір тонна ғана алады, - деді Азаттық тілшісіне Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев.

Ақшасы бар, ертерек қор жинап үйренген кейбір тұрғындар көмірді жазда алып қойған.

- Жазда тоннасын 10 мың теңгеден алып қойдым. Абыр-сабыр басталмай тұрып алып алдым. Қазір ол жерде ұзын-сонар кезек. Қатарынан 20 көлік тұр, - дейді Теміртауға жақын Чкалова ауылының тұрғыны.

КЕЙБІР АУДАНДАРДА КӨМІР ҚОРЫ ЖОҚ

Қарағанды облысының бірқатар аудандарында көмір жоқ екенін аудан басшылығы біледі. "Көмір өндіретін Қарағанды, Жезқазған, Қаражал және Шахтинскіде жеткілікті мөлшерде бар" деді облыс әкімдігі.

Олардың айтуынша, көмір қоры бірнеше ірі аудан мен Теміртау және Балқашта жоқ.

"Ауданда барлығы 38 көмір сату орны бар. К-10 және К-20 көмір маркасына сұраныс көп болғандықтан отынның осы түрлерін көбірек шығаруға тырысамыз. Қазір ондай көмірді "Рапид" ЖШС ғана емес, Екібастұздағы "Богатырь" разрезі де шығарып жатыр. Теміртау, Балқаш, Ақтоғай, Бұқар жырау мен Жаңаарқа аудандарында көмір қоры жоқ", - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолой Шкарупа жақында Қарағандыда өткен жиында.

Былтыр көмір тапшылығы болып, бағасы күрт қымбаттап, халық арасында шу туған. Сондай жағдай қайталанбас үшін облыс әкімі Ерлан Қошанов жергілікті әкімдіктерден "кемшіліктерді" түзеп, қыркүйектің 24-не дейін нәтижесін хабарлауды талап еткен.

Аймақ басшылығы Азаттыққа көмір өндіруші кәсіпорындардың осы маусымда қайырымдылық көмек ретінде әлеуметтік жағдайы төмен Қарағанды облысының 480 тұрғынына көмір жеткізгенін айтты.

Көмір сату орны
Көмір сату орны

БЫЛТЫРҒЫ ЖАҒДАЙДЫ "ҚАЙТАЛАМАУ" ТУРАЛЫ УӘДЕ

Азаттық тілшісі көмір қоры жоқ аудандардың әкімдігіне хабарласты. Олар "былтырғы жылдың қателігінен сабақ алдық" дейді.

- Біздегі қоймадан ешқашанда көмір түсіріліп, тиелген емес. Онда көмір жоқ, көбіне көлікпен әкеледі. Былтырғы жағдай қайталанбауы керек. Халық арасында дүрбелең тудырмауға тырысамыз. Өткен жылы әлсіз тұстарымызды анықтадық, мысалы, техника жағынан осал екенімізді білдік. Көмір өндіретін кәсіпорындармен келісім бар. Олар техника мен экскаваторды көбірек жеткізеді. Көмір өндіруді тоқтатпайды, разрездерде адамдар кезекке тұрып қалмауы керек. Биыл көмірді көбірек өндіреміз, - деді Азаттық тілшісіне Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов.

Көмір қоймасындағы жүк көлігі
Көмір қоймасындағы жүк көлігі

Ақтоғай ауданының өз қоймасы жоқ, ол жақта көмір мәселесін басқаша шешеді. Ауданда теміржол да жоқ, сондықтан жергілікті тұрғындарға көмірді Қарағандыдан автокөлікпен тасиды.

- Бір отын базасы бар, екі жылдан бері жұмыс істеп тұр. КамАЗ-ы бар жергілікті тұрғындар да көмір тасушы болып жүр. Олар Қарағанды қоймасынан көмір әкеледі, кезекке тұрады. Қоймада 16 мың теңгеден сатады. Өздері мыңнан қосады, солайша тура үйіне апарып береді. Олар КамАз-ға таразы орнатып қойған, көмірді 200 литрлік бөшкеге тиейді, тұрғындарға қарызға береді. Олар алыс ауданға кезексіз жіберсе дейді, бірақ жібермей жатыр. Өткен жылы бұл мәселені шешуге тырыстық - бұл өте күрделі сұрақ, - дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев.

Көмір қоры жоқ Теміртау тұрғындары бірнеше сату орнынан түрлі маркадағы көмірді тоннасына 11-12 мыңнан сатып ала алады. Теміртау кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің айтуынша, Қарағандыда да сататын жерлер бар, сол жақтан әкеп сататын жеке тұлғалар бар. Қаланың алыс аудандарында Қарағандыдан сатып алған көмірді машинадан сататын екі сауда орны бар.

- Қазіргі кезде Теміртау мен Ақтау ауылына 60 мың тоннадан астам көмір керек. Әзірше тұрғындар шағымданған жоқ, былтырғыдай жағдай туындамады. Ақтау ауылына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ол жаққа жеке тұлғалар бірнеше машинамен барып, көмір сатады. Адамдар сатып алып жатыр, таңдау бар. Әкімге күн сайын жағдайды баяндап тұрамыз, - деді Азаттық тілшісіне Теміртау қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің жетекшісі Айғаным Исенова.

Ресми дерек бойынша, Қарағанды облысында биыл көмір өндіру қоры 38 миллион тоннаға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары көрсеткіш. Тұрғындарға арналған коммуналды-тұрмыстық көмірдің көлемін бір миллион тоннаға ұлғайту жоспарланған.

Болжам бойынша, тұрғындардың қатты отынға сұранысы биыл 745 тоннаға жетеді. Қазақстанның инвестиция және даму жөніндегі министрі Жеңіс Қасымбек қыркүйектің 18-і күні елде көмір мөлшері "жеткілікті", қордағы көмір сапасы "өте жақсы" екенін, тасымалдау вагондары жеткілікті екенін айтты. Министрдің айтуынша, ауданға байланысты көмір бағасы тоннасына 14-18 мыңнан айналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG