Accessibility links

Қырғызстан Қытайға қанша қарыз?


Қытайдың Қырғызстанға берген несиесі есебінен тұрғызылған "Кемин" подстанциясы құрылысын салуға қатысқан қытайлық компания жұмысшылары. 28 тамыз 2015 жыл.

Қырғызстан Жогорку Кеңеші депутаты Камчыбек Жолдошбаев кәсіпкерлерге ақша жинап, Қырғызстанның Қытайға қарызын өтеу туралы ұсыныс айтты. Депутаттар Қытайға қарыздың өсіп бара жатқанынан қауіп етеді. Қазір Қырғызстанның мемлекеттік қарызының 40 пайызы – Қытайға берешек және бұл миллиондаған долларлық несиенің тиімділігі де күмәнді.

2018 жылғы наурыздың 31-індегі мәлімет бойынша, Қырғызстанның мемлекеттік қарызы 4 миллиард 425 миллион доллар болған. Республика ең көп қарызданған мекеме – Қытай үкіметіне қарасты Экспорт-импорт банкі. Мемлекет оған 1,7 миллиард доллар берешек, яғни бұл – жалпы қарыздың 38,6 пайызы. Пекин Қырғызстанда негізінен инфрақұрылым жобаларын қаржыландырып отыр.

"СОЛТҮСТІК – ОҢТҮСТІК" ТАС ЖОЛЫ. 400 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Өкімет Қырғызстанның қазіргі тарихындағы ең ірі жоба деп атаған "Солтүстік – Оңтүстік" балама тас жолын салуға Қытай Эксимбанкі 400 миллион доллар несие берген.

433 километр болатын жолдың жалпы құны – 850 миллион доллар, оның құрылысы үш кезеңмен салынады. Қырғызстан жобаға 847 миллион доллар инвестиция тартқан, соның 747 миллионы – несие қаржысы.

Тогуз-Торо ауданындағы жол туннелі құрылысы. Қырғызстан, Қазан, 2016 жыл.
Тогуз-Торо ауданындағы жол туннелі құрылысы. Қырғызстан, Қазан, 2016 жыл.

Жобаны Азия және Ислам даму банктері де қаржыландырып отыр. Жолды Қытайдың China Road компаниясы салып жатыр.

"ДАТҚА" подстаницяСЫ. 208 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

2013 жылы Қырғызстан Жалал-Абад облысындағы "Датқа" подстаницясын салып бітірді. Қытайдың Эксимбанкі бұл жобаға жылына 2 пайыздық үстемемен 208 миллион доллар несиені 9 жылға берген.

"Датқа" подстанциясы. Жалал-Абад облысы, Қырғызстан, 28 қазан 2012 жыл.
"Датқа" подстанциясы. Жалал-Абад облысы, Қырғызстан, 28 қазан 2012 жыл.

Бұл сомаға қуаты 500 кВт болатын "Датқа" подстаницясы салынып, бұрыннан бар "Кристалл", "Октябрьская", "Узловая", "Алай" подстаницялары жөнделді. Бұған қоса Курпсай су электр станциясының (СЭС) релелік қорғаныс және автоматика жүйелері жөндеуден өткізілген.

Құрылысты Қытайдың TBEA компаниясы салған.

"ДАТҚА-КЕМИН" ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ. 389 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

"Датқа" подстаницясының салынуы құны 389 миллион долларлық "Датқа-Кемин" электр қуаты желісін тарту жөніндегі ірі жобаны қолға алуға себеп болды. Бұған да ақшаны Қытайдың Экспорт-импорт банкі бөлген.

"Датқа" мен "Кемин" подстаницяларын жалғап жатқан, ұзындығы 405 километр болатын бұл электр желісінің құрылысы 2015 жылы аяқталды.

"Кемин" подстанциясы. 28 тамыз 2015 жыл.
"Кемин" подстанциясы. 28 тамыз 2015 жыл.

Бұл жоба Қырғызстанды Орталық Азия елдерін жалғап жатқан энергетика шеңберіне тәуелділіктен құтқарады деген үміт бар. Мұны да TBEA компаниясы салған.

БІШКЕК ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫН ЖАҢҒЫРТУ. 386 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

2017 жылы сол TBEA компаниясы Бішкектің жылу-электр орталығын (ЖЭО) жаңғырту жұмыстарын атқарған. Қытай Эксимбанкі бұл мақсатқа деп жылына 2 пайыздық үстемемен 20 жылға 386 миллион доллар несие берген. 11 жыл жеңілдік мерзімі саналады.

Бішкектің жылу электр орталығы. 30 қаңтар 2018 жыл.
Бішкектің жылу электр орталығы. 30 қаңтар 2018 жыл.

Жаңғыртылғаннан кейін ЖЭО қуаты 812 мегаватқа жетті, оның 300 мегаваты жаңа екі энергоблоктың арқасында өндіріліп отыр. Әр жаңа энергоблоктың қуаты – 150 МВт.

ҚАРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРАДЫ?

Тек ақшалай. Наурыз айында Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Сяо Цинхуа журналистерге берген сұхбатында Қырғызстанның қарызды қайтарудан басқа жолы жоқ деді.

Соңғы 8 жылда Қытай Қырғызстандағы төрт ірі жобаға деп 1,3 миллиард доллар қарыз берген. Эксимбанк несиені жеңілдік мерзімімен береді, алғашқы жылдары Бішкек тек пайыздық үстемені ғана төлейді.

Ресей Қырғызстанның 240 миллион доллар қарызын кешірген. Бірақ, Қытайдан мұндай мәрттік күтудің реті жоқ

Қырғыз үкіметінің есептеуі бойынша, қарыздың ең көп салмағы 2020-жылдарға түседі. Тек энергетика секторы бойынша жылына төлейтін ақша 11,8 миллиард сомға жетеді. Салыстырып қарасақ, тек 2017 жылы ғана Қаржы министрлігі барлық мемлекеттік қарызды төлеуге 20 миллиард сом жұмсаған.

Мамырдың басында The Times of Central Asia басылымы Қырғызстанның сыртқы қарызы туралы материал жариялады. Сарапшы Мария Левинаның жазуына қарағанда, Ресей Қырғызстанның 240 миллион доллар қарызын кешірген. Бірақ, Қытайдан мұндай мәрттік күтудің реті жоқ. Мәселен, Қытай несиесін қайтара алмаған Тәжікстан көмір және алтын кеніштерін игеру құқығын Пекинге беруге мәжбүр болды.

Қырғызстан үкіметі қарыз уақтылы қайтарылып жатыр деп сендіреді. Дегенмен, наурыз айында үкімет бір кредиторға берешек жалпы сыртқы мемлекеттік қарыздың 50 пайызынан аспауы керек деген шек қойған. Қазір Қырғызстанның Қытайға қарызы жалпы сыртқы қарыздың 41 пайызына жетіп тұр. Үкімет қатердің алдын алу үшін қарызды әр тараптан алуға әрекет жасап жатыр.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗЫ ҚАНША?

Тәуелсіз сарапшы Сергей Смирновтың жазуынша, жыл басындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанның сыртқы қарызы 168 миллиард доллардан асып, жалпы ішкі өнімнің 119 пайызына жеткен.

"Қазақстан әлемнің 173 еліне және халықаралық ұйымдарға берешек. Сыртқы қарыздың үштен екісі негізгі бес кредитордың үлесіне тиеді, олар: Нидерланд (49,8 миллиард доллар), Ұлыбритания (27,7 миллиард), АҚШ (13,2 миллиард), Қытай (12,3 миллиард) және Франция (11,9 миллиард). Қарыздың ең көп бөлігі мұнай саласына жұмсалған", – деп жазады Смирнов.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын жаңа жүк тасымалы бағытын ашу рәсімінде. Астана, 8 маусым 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын жаңа жүк тасымалы бағытын ашу рәсімінде. Астана, 8 маусым 2017 жыл.

2017 жылы маусымда "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елдің Қытайға қарызы 12,5 миллиард доллар екенін айтқан. "Сонымен қатар, Қытай жағының Қазақстан алдындағы қарызы да (біз де құнды қағаздарға ақша салып жатырмыз) 12 миллиард доллар болады. Яғни, айырма шамамен 579 миллион доллар. Таза қарыз – 580 миллион доллар", – деген министр.

lsm.kz сайтының дерегінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызында банк секторының үлесі – 7,55 миллиард доллар, мемлекеттік сектордың үлесі – 12,68 доллар.

(Ырысбек Ұлыкбек уулуның мақаласы орысшадан аударылды)

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары 19.10.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:39 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG