Accessibility links

Орталық Азиядағы энергияның болашағы


Күн көзінен қуат өндіретін құрылғы. (Көрнекі сурет.)
Күн көзінен қуат өндіретін құрылғы. (Көрнекі сурет.)

Азия Даму банкінің қалпына келетін энергия ресурстарын пайдаланып, халықты көбірек энергиямен қамтамасыз етуді көздейтін Орталық Азияға арналған бағдарламасы бар. Бірақ, жасыл әрі арзан энергия көзіне ауысу Орталық Азиядағы бәзбіреулердің жеке мүддесіне қайшы келуі мүмкін.

Қыркүйектің 11-12-сі күндері Грузияның Батуми қаласында өткен Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығының (CAREC) үшінші Энергетика форумында аймақтың ірі қалаларына ғана емес, шалғай ауылдарына да жарық пен жылу жеткізетін, қазіргіден арзан энергия көздерін пайдалану мәселесі талқыланды.

CAREC – Азия Даму банкінің транспорт, сауданы дамыту, энергетика және сауда саясаты сияқты төрт басым салада "аймақтық ынтымақтастықты" арттыруға бағытталған жобасы.

Үкімет өкілдері мен корпорация жетекшілері CAREC-ке мүше елдер – Ауғанстан, Әзербайжан, Қытай, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Түркіменстанды энергияның балама, табиғи көздерін игеруге бастайтын жолдарды талқылап, идеяларын ортаға салды.

Спикерлердің айтуынша, бұл – тек экология мәселесі ғана емес. CAREC елдерінің көбінде, әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінде ондаған жыл жұмыс істеп, тозығы жеткен, көмірді, газ бен мұнайды пайдаланатын электр станциялары жаңартуды қажет етеді. Әрі көмірсутегін пайдаланатын станциялар құрылысының бағасы геотермал, күн, жел және су электр станцияларына қарағанда анағұрлым қымбат.

Қазба отынды пайдаланатын станциялардың тиімділігі де төмен. Шалғайдағы шағын ауылға энергия жеткізу үшін мыңдаған километрге электр бағандарын тартуға тура келеді, жол-жөнекей көп энергия ысырап болады. Тіпті технологияның ең озық түрін пайдаланса да, станциядан шыққан энергияның 10 пайызы далаға кетеді.

Электр станциялары орналасқан ірі қалалардан жүздеген километр шалғайда жатқан шағын қалалар мен ауылдар үшін ең тиімді жол – жасыл энергия болар еді. Елдімекендердің қасында орналасатын күн және жел электр станциялары оларды тек жарықпен, жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, шағын фабрика, дүкен сияқты жаңа сауда, өнеркәсіп орындарын ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туғызар еді.

Күн – аса құнды қуат көзі. "Адамзат өркениеті арқасын қыздырған күннен ұзақ уақыт бойы жүзін көлегейлеп келеді", – деді конференция кезінде Азия Даму банкінің басшысы Сохаил Хасни. 100 ватт энергия өндіретін күн батареясы 2016 жылы шамамен 37 доллар тұрса, осы жылдың соңында оның бағасы 24 доллар болмақ, кейін де арзандай бермек.

Орталық Азия – Күн энергиясын өндіруге өте қолайлы аймақ. Мұнда орта есеппен жылдың 250 күні ашық болады. Қырғызстан су энериясын өндіруде көш бастап келе жатқанына қарамастан, бұл елдің Транспорт министрі Марина Асанқұлова күн және су энергиясын өндіруді арттырудың жолдарын қарастырып жатқанын айтты.

Су және күн энергиясын қатар өндіруге болатыны да айтылды. Бір презентацияда Қытайдың "Үш шатқал" аймағында жасыл энергияның осы екі түрін қатар өндіретін қалқымалы күн батареяларын орнату қолға алынып жатқаны баяндалды. Бір қызығы, опырылып түсіп, іші суға толған бұрынғы көмір шахтасының орнына құны 151 миллион долларлық қалқымалы күн батареяларынан тұратын электр станциясы салынады. Ол 50 мың үйді қуатпен қамтамасыз ететін 150 мегаватт энергия өндірмек.


Қарашада Тәжікстанның Рогун су электр станциясының алғашқы турбинасы іске қосылмақшы. Толық жұмысқа кіріскенде 6 бөліктен тұратын Рогун станциясы 3600 мегаватт энергия өндіретін болады. Ал су қоймасының аумағы – 110 шаршы километр, бұл қалқымалы күн батареяларын қоюға таптырмайтын мүмкіндік.

Әрине, су электр станциялары тек қар еріп, су көтерілген мезгілдерде қарқынды жұмыс істейді. Оның үстіне, күн сайын жел соғып, күн шыға бермейді. Батумидегі конференция кезінде электр энергиясын жинап, сақтау мәселесі, соның ішінде Tesla басшысы Илон Маск айтып жүрген супер литий-йон батереялары туралы да сөз болды. Компаниялар артық қалған күн және жел энергиясын сақтауда тиімділікті арттырып, шығынды азайтуға күш салып жатыр.

Осы тұста көрген-білгенімді баяндап өтейін. Бұл технологиялардың кейбірінің Орталық Азияда өте шағын көлемде жұмыс істеп тұрғанын байқадым. Қырғызстанның Таш-Курмыр ауданындағы шағын ғана жел генераторынан электр энергиясын алып тұрған тау басындағы жалғыз үй есімде. Осы елдің оңтүстігіндегі Баткен облысының шалғай ауданында арыққа орнатылған, мәшине дөңгелегінің көлеміндей ғана "су электр станциясын" көргенмін. Бұл құрылғы бір үйді қуатпен қамтамасыз етіп отыр.

Бұл қуат көздері әрі арзан, әрі таза. Оның үстіне, бұларды кез-келген жерге дерлік орнатуға болады. Бұдан артық дүние жоқ сияқты. Бірақ мұнда бір үлкен кедергі бар. Ол – қазба отын өнеркәсібі.

Орталық Азияда мұнай, газ, көмір өнеркәсібін басқаратын адамдардың көбі – үкіметке жақын адамдар, немесе сол үкімет мүшелерінің өздері. Арзан, жасыл энергияға қарай бетбұрыс болса, бұл адамдардың басынан бақ таяды. Күн және жел энергиясы батареяларын ірі электр станцияларына қосуға болады, десе де олар (және шағын су электр станциялары) өз бетімен де жұмыс істеуі мүмкін. Яғни, ірі энергия компаниялары мүлде кірістен қағылады деген сөз.

Блог авторының пікірі Азат Еуропа - Азаттық радиосының көзқарасын білдірмейді.

(Ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG