Accessibility links

Әлеуеті зор, өнімі аз «жасыл» энергия


Қолдан жасалған желден қуат өндіретін диірмен. Балқаш, маусым 2009 жыл
Қолдан жасалған желден қуат өндіретін диірмен. Балқаш, маусым 2009 жыл

Қазақстанда электр қуатының бір пайызға да жетпейтін көлемі табиғи қуат көздерінен өндіріледі. Ал дамыған елдерде әр бесінші киловатт-сағатты жасыл энергетика береді.

Қазақстанда «жасыл» энергетика саласы кенжелеп қалғанымен, ел билігі Астанада өтетін «Экспо – 2017» халықаралық көрмесін «Болашақ энергиясы» деп атады.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, көрме әлем жұртшылығын қайта қалпына келетін қуат көздерін және энергияның басқа да баламалы түрлерін пайдалануға ынталандыруды көздейді.

«ЖАСЫЛ» ЭНЕРГЕТИКАНЫ ДАМЫТУ

IEA халықаралық энергетика агенттігі мамандары қараша айында жариялаған «Әлем энергетикасының ахуалы туралы болжам» деген баяндамасында 2035 жылға қарай өндірілетін энергияның таза өсімінің жартысына жуығы табиғи қуат көздерінен (ТҚК) алынады деген қорытынды жасаған.

ТҚК-нің әлемде өндірілетін электр қуатының жалпы көлеміндегі үлесі 2011 жылғы 20 пайыздан 2035 жылы 31 пайызға дейін өседі. Мамандардың болжамы бойынша, таяудағы бір-екі жылда ТҚК табиғи газды (көмірден кейінгі негізгі қуат көзі) басып озып, ал 2035 жылы көмірмен деңгейлес болады.
Қытайлық жұмысшылар күн батареясын орнатып жатыр. 2 тамыз 2012 жыл
Қытайлық жұмысшылар күн батареясын орнатып жатыр. 2 тамыз 2012 жыл

2012 жылы әлем бойынша «жасыл» энергетика саласына 101 миллиард доллар құйылды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Оның көбі ЕО елдері (57 миллиард доллар) мен АҚШ (21 миллиард доллар) үлесінде. Мамандардың бағалауынша, 2035 жылға қарай субсидия деңгейін 220 миллиард долларға жеткізу қажет.

2035 жылы Қытай гидроэлектростанция, жел турбиналары және күн батареяларының көмегімен сағатына екі мың тераваттқа жуық электр қуатын өндіруді көздейді. Бұл ЕО, АҚШ және Жапония елдері бірігіп өндіретін энергия көлемінен де көп. Қытайда жел мен судың көмегімен өндірілетін қуат көлемі теңесетін болады. Ал ЕО елдері, АҚШ, Жапонияда желден қуат алу өндірісіне басымдық берілмек.

2012 жылдың қорытындысы бойынша жаңа қуат көздеріне инвестиция құю бойынша Қытай көш бастап келеді. Былтыр Германия күн қуатын, ал АҚШ жел және биоэнергияны көп өндірген.

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕУЕТІ

Қазақстан қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің деректеріне сәйкес, 2013 жылдың тоғыз айында елдің ТҚК саласының қуаты 116,8 мегаваттқа жетіп, сағатына 435 миллион киловаттан асатын энергия өндірілген. Оның 0,65 пайызы ғана кәсіби электр қуатын өндіруші мекемелердің үлесінде.

Қазақстанның «жасыл» энергетикасы «жылына бір триллион киловатт-сағаттан көп энергия өндіре алады» деген сарапшылар пікірін ескерсек, мұның мүлде аз екенін байқауға болады.
Қазақстанның желден энергия өндіру әлеуеті жылына 920 миллиард киловатт-сағат деп бағаланады.

Елдің желден энергия өндіру әлеуеті жылына 920 миллиард киловатт-сағат деп бағаланады. «Жасыл көпір-2013» халықаралық конференциясында БҰҰ-ның даму бағдарламасының Жаһандық экологиялық қоры (ПРООН/ГЭФ) жобасының кеңесшісі Геннадий Дорошин осы санды атады. Бұл бүкіл елдің бір жылда тұтынатын энергия мөлшерінен 10 есе көп.

Энергия тиімділігін бағалау саласында қызмет көрсететін Energy Partner инжиниринг және консалтинг компаниясының мамандары Қазақстандағы күн энергетикасы жылына 2,5 миллиард киловатт-сағат, ал гидроэнергетика саласы жылына 30 миллиард киловатт-сағат энергия өндіре алады деп бағалайды.

ЖОСПАР КӨП, ҮМІТ ЗОР

Желтоқсан айының басында Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Ernst&Young компаниясы, Қазақстанның табиғи қуат қауымдастығы және Данияның Vestas компаниясының ұйымдастыруымен «жасыл» энергетика мәселесі бойынша Астанада халықаралық форум өтті. Форумда Қазақстан қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мемлекеттің табиғи қуат көздерін дамытуды қолдау жоспарларымен таныстырды.
Германиядағы ауыл үйінің төбесіне орнатылған күн батареясы. 21 наурыз 2012 жыл.
Германиядағы ауыл үйінің төбесіне орнатылған күн батареясы. 21 наурыз 2012 жыл.

«Ел алдындағы ендігі мақсат - табиғи көздерден электр энергиясын өндіру көлемін 2020 жылға қарай үш пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу» деді министр.

Министр келешек тарифтерді де жариялады. Мысалы, жел қондырғылары арқылы өндірілетін электр энергиясының бір киловатт-сағатының тарифі 19 теңге (9,5 еуроцент шамасында), күн станцияларынан алынатын қуат үшін 29 теңге (14,5 еуроцент), шағын су станциялары үшін – 14 теңге (жеті еуроцент) және биогаз қондырғылары – 27 теңге (13,5 еуроцентке жуық) болады деп шамаланды. Егер осы күйінде бекітілсе, бұл тарифтер 15 жыл бойы өзгермеуі тиіс.

«Немецкая волна» радиосы сайтында жарияланған мамандар болжамына сәйкес, Германияның жаңадан іске қосылған электр станцияларында бір киловатт-сағат энергияның құны төмендегідей: құрлықтағы жел станциясы – 6-9 еуроцент, теңізде – 11 еуроцент; күннен қуат алатын ірі қондырғылар – 7-9 еуроцент, шағын қондырғылар – 11-13 еуроцент.
XS
SM
MD
LG