Accessibility links

Қазақстан қашанғы көмірге қарап отырады?


Мұрат Нұрышев (сол жақта), Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл.
Мұрат Нұрышев (сол жақта), Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл.

Германия елшілігі Астанада заманауи табиғи қуат көзін пайдалану жолдарына арналған көрме өткізді. Азаттық тілшісі көрмені қазақстандық эколог ғалыммен бірге тамашалап, сұхбат алды.

Астанада қыркүйектің 10-ы күні Германия елшілігі «Табиғи қуат көздері. Германияда жасалған» атты көрме өткізді. EXPO-2017 көрмесінің алдында ұйымдастырылған шараға ғалымдар, дипломаттар мен Астана тұрғындары келді.
Германияның Қазақстандағы елшісі Гидо Херц Азаттыққа қазіргі кезде Германияда жел мен күн көзінен алынған энергияның үлес салмағы 12 пайызға жеткенін айтты. Ол бұл энергияның көп бөлігі желден алынатынына назар аудартты. Елшінің ойынша, тек қана табиғи қуат көздеріне және арқа сүйеуге болмайды. Өйткені жел мен күннен алынатын қуатта тұрақтылық жоқ. Сондықтан қосымша тұрақты қуат көздері керек. Бірақ осы көрмені Азаттық тілшісімен бірге тамашалап, сұхбат берген Еуразия университетіндегі экология кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Мұрат Нұрышевтің пікірінше, Қазақстан барынша табиғи қуат көздеріне жүгінуі тиіс. Әйтпесе мемлекет экологиясы зор зардап шегеді.
Германияның Қазақстандағы елшісі Гидо Херц. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл.
Германияның Қазақстандағы елшісі Гидо Херц. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл.

Азаттық: - Еуропаға ғылыми жобалар бойынша жиі барып жүрген ғалымсыз. ЕО елдерінде табиғи қуат көздерін игеру жағы қалай дамыған?

Мұрат Нұрышев: - Германияның Ганновер, Дюссельдорф сияқты қалаларында болғанымда әрбір төбеге секундына 5 метр желді қуат көзіне айналдыратын қондырғылар қойғанын көрдім. Осының өзі жоғарғы электр қуатын беруге қауқарлы. Оның сыртында, Германияда жақсы жолға қойылған қоқыс өңдеу ісі бар. Мәселен, ескі радио, электро қондырғылардан алтын алып отыр. Ал кәдімгі тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы газ алады. Одан кейін қалған қалдықтардың көмегімен 40 мың үйге жылу беретіндей қуат алады. Онымен бірге, Ганновер қаласының көшелеріне қалдықты өңдеу арқылы берілетін электр жарығы да бар. Әсіресе Германия мен Норвегия елдері қалдықсыз технологияға ұмтылып отыр.

Азаттық: - Ал Қазақстандағы жағдай қалай?

Мұрат Нұрышев: - Бір қызық мысал айтайын. Афина қаласынан метромен Парфенон қаласына кетіп бара жатқан жолда үлкен глобус көрдік. Сол глобуста Скандинавия елдері жасыл бояумен көрсетілген. Ал біздің Қазақстан қаралау түспен бедерленген. Қазақстанда 30 миллиард тонна түрлі қалдықтар жиналған. Бұл деген еліміз қоқыс-қалдықтар еліне айналып бара жатыр деген сөз ғой. Біз бұдан арылуымыз керек. Жиналған қоқысты өңдеуге көшуіміз керек. Сонда ғана біз дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз. Егер біз жасыл экономика құру үшін Германия секілді мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасасақ, онда болашақта дамыған елдердің қатарына кіре аламыз.
Мұрат Нұрышев, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл.
Мұрат Нұрышев, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы. Астана, 10 қыркүйек 2013 жыл.

Азаттық: - Жасыл елге айналу үшін әуелі көмір жағудан құтылуымыз керек болар?

Мұрат Нұрышев: - 18-ғасырдың аяғында Лондон қаласының мэрі көмір жағуға тыйым салған. Содан бері ол жақта көмір қолданылмайды. Ал біз әлі күнге дейін қара көмір жағып, өз жерімізді ластап жатырмыз. Біздің Сағат Мұхамеди мен Ғаббас Құсайынов сияқты қазақстандық ғалымдар көмірді тазартып қолдану технологиясы бойынша жобалар жасап шыққан. Осы технологияны пайдалансақ, тазалығы аса жоғары көмір аламыз. Бұл көмір қолданыстағы отыннан әлдеқайда зиянсыз. Біз осы жобаны «EXPO-2017» көрмесіне шығарсақ дейміз. Алайда жоба әлі күнге дейін қаржыландырылмай отыр. Айта кетер жайт, осы кезге дейін біз энергияның 80 пайызын көмір арқылы алып отырмыз. Ал іргемізде тұрған Ресейде 80 пайыз газға көшкен. Бізде газ қуаты әлі 12 пайыз. Неге олай? Ол тағы бір үлкен проблема. Егер біз тезірек газдандыруға көшпесек, шөлейттену жоғарылай береді. Неге десеңіз, ормандар құрып жатыр. Кезінде Ақтаудан бері қарайғы өзендердің бойында орман болатын. Қазір оның бәрі жоқтың қасы. Міне, сондықтан да көмір жағудан газдандыру ісіне көшу үшін жылдам қимылдауымыз керек.
Осы кезге дейін біз энергияның 80 пайызын көмір арқылы алып отырмыз. Ал іргемізде тұрған Ресейде 80 пайыз газға көшкен. Бізде газ қуаты әлі 12 пайыз.
Мұрат Нұрышев

Азаттық: - Қазақстанның жаңа экологиялық стандарттарға көшіп, табиғи қуат көздерін пайдалана алмай жатуының басты себебі неде?

Мұрат Нұрышев: - Орташа есеппен алғанда, біз бір өнім өндіру үшін жеті есе артық энергия жұмсап отырмыз. Бұл көрсеткіш алда келе жатқандармен салыстырғанда емес, орта деңгейдегілермен салыстырғанда осылай болып тұр. Неге олай? Өйткені, біздегі барлық өндірістік қондырғылар 60-80 пайызға дейін ескірген. Ал егер Қазақстан үкіметі ғалымдарды қолдаса, ғылыми жобаларға қаржы бөлінсе, мүлде басқаша болар еді.

Азаттық: - Мұнай мен газ қорына бай Қазақстанның табиғи қуат көздерін пайдалануға мұқтаждығы бар ма, одан қандай пайда бар?

Мұрат Нұрышев: - Егер бір ғана Қызылорда облысының аумағын күн батареясымен жауып тастайтын болсақ, дүние жүзіне жетер қуат өндіруге болар еді. Яғни, біздің елімізде күн де, жел де бар. Ал осының бәрі бізде неге жылдам іске қосылмай жатыр? Неге біздің ғалымдар табиғи қуат көздерінен энергия ала алмай жатыр? Өйткені біздің елдің ғалымдарына өзге елдің ғалымдарымен бірігіп жұмыс істеу керек, қарым-қатынасты күшейту керек. Үкімет тиісті көңіл мен қаражат бөлуі тиіс. Сонда ғана, ұйымдасқан жағдайда ғана нәтиже болады. Ал біздің ғалымдар әр университетте бытыраңқы түрде жұмыс істейді. Нәтиже шығару үшін ғалымдар бір ұйымға, бір ортаға шоғырлануы қажет.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG