Accessibility links

Коммуналдық қызмет бағасын қалай реттеуге болады?


Электр бағандары. Көрнекі сурет

Қазақстанда коммуналдық қызмет бағасы жылдан жылға қымбаттап барады. Тұрғындар тарифтің өсетіні туралы алдын-ала ескертпейді деп шағымданады. Тарифтер қалай белгіленуі тиіс? Бағаны белгілеу процесіне тұтынушылар не үшін бақылаушы ретінде ғана қатысады?

Статистика жөніндегі комитет дерегі бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда суық судың бағасы - 4,2 пайызға, электр энергиясы мен орталықтан жылыту – 3,5 пайызға, газбен қамтамасыз ету – 2,8 пайызға, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару – 12,6 пайызға, үй ұстау – 2,3 пайызға қымбаттаған.

Бас прокуратураның жақында өткен отырысында коммуналдық қызмет бағасының өскені айтылды. Бас прокурор Қайрат Қожамжаров тариф белгілеу саласында жүйелік қателіктер бар екенін, энергетика министрлігі мен ұлттық экономика министрлігінің саланы дұрыс бақыламай отырғанын айтты.

"Тексеріс кезінде көп электр станцияларының ұзақ уақыт дұрыс емес тарифпен жұмыс істегені анықталды, соның салдарынан электр энергиясының бағасы өскен. Энергия беру және қамтамасыз ету ұйымдары да тарифті көбейткен, осылайша олар 29 миллиард теңге көлемінде пайда тапқан. Мысалы, "Астанаэнергосбыт" тарифті белгілеген кезде электр энергиясын бір бағамен сатып алатынын көрсеткен, бірақ іс жүзінде оны екі есе арзан бағаға сатып алған. Нәтижесінде Астана тұрғындары 2,6 миллиард теңге артық төлеген" деп жазылған бас прокуратураның ресми сайтында.

Сондай-ақ хабарламада "прокурорлардың араласуы арқасында монополистердің бес миллион тұтынушыға 13 миллиард теңге өтемақы төлегені" жазылған.

"БАҒА АЙ САЙЫН ӨСЕДІ"

Коммуналдық қызмет бойынша келген квитанция. Көрнекі сурет
Коммуналдық қызмет бойынша келген квитанция. Көрнекі сурет

​Алматы орталығындағы екі бөлмелі шағын пәтерде тұратын Аслима Қалауова су, жылу және электр бағасының жыл санап өсіп бара жатқанына шағымданады. Оның айтуынша, мұның бәрі отбасылық бюджетке айтарлықтай ықпал етеді, үнемдеуге тура келеді дейді.

– Ай сайын ақырындап көтереді, жыл соңында бұрынғыдай жұмсағаныммен, көбірек ақы төлеп жатқанымды байқаймын. Бір-екі жыл бұрын барлық коммуналдық қызметке бес мыңдай төлейтінмін, қазір 15 мыңға жетті. Оның үстне телефон, теледидарды өшіріп, ең арзан интернет-тарифке қосылдым. Коммуналдық шығынды азайту үшін бәрін істедім. Бірақ бәрібір бір жыл бұрынғыға қарағанда үш есе артық төлеймін, - дейді Аслима.

Оның айтуынша, мұндай жағдай ПИК-те (пәтер иелерінің кооперативі) де болып тұрады. Олар да кейде өздері төлеуі тиіс ақшаны келіспейтін тұрғындардың мойнына іліп қояды.

– Подъезді жөндеу жұмысына өмір бойы ақы төлеп келеміз, ол жөндеуден соң дереу бұзылып қалады. Құқығыңды қорғау үшін ПИК-пен және коммуналды қызмет берушілермен күресу керек, бірақ оған уақытымды кетіргім келмейді, - дейді Аслима Қалауова.

Алматыда қыркүйек айында қоқыс шығару қызметі 62,2 пайызға қымбаттаған, бұрын тұрғындар адам басына 341,39 теңге төлесе, қазір 553,04 теңге төлейді.

Алматылық Аслан Сәбитов (өтініші бойынша аты өзгертілді) жаңа түбіртек келгенде таң қалғанын айтады: ол тұратын жер үйге бес адам тіркелген, енді ай сайын қоқыстың өзіне ғана 2765 теңге төлеуі тиіс.

- Ең бастысы, бізге ол туралы ескертпеді. Түбіртек келгенде ғана бағаның өскенін білеміз. Коммуналдық қызмет үшін жазда шамамен 7500 теңге төлейміз, оның ішінде газға 700-1000 теңге кетеді. Қыста газбен жылыту жүйесі болғандықтан 15-20 мың теңге шығады. Биыл газ бағасы өскен жоқ, былтыр газдың текше метрі 29 теңгеден 34 теңгеге өсті, яғни бес теңгеге қымбаттады. Ол жайында да ешкім ескертпеді, - дейді ол.

Қарай отырыңыз: Тұрғындар тарифтің өсуіне наразы

ҮШІНШІ ТАРАП КЕРЕК

Қарапайым тілмен түсіндірсек, Қазақстанда коммуналдық қызмет бағасы былай қалыптасады: монополист өз шығынын есептеп, белгілі бір соманы табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік және тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитетке өтініш ретінде жібереді. Ал комитет өтінішті қарап, шешім шығарады.

Қазақстандық "Айқын тариф" бірлестігінің пікірінше, коммуналдық қызмет бағасын белгілеу процесіне монополистер мен мемлекеттен бөлек үшінші тарап – тұтынушылар да араласуы керек. Бірлестік президиумы төрағасы Петр Своиктің айтуынша, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитет кадрлық жағынан да, білікті мамандар саны жағынан да мүмкіндіктері шектеулі, сондықтан монополист ұсынған бағаға келісе салады.

- Тариф белгілеу процесінде білім керек. Монополист реттеуші мекемеге қандай да бір ақпарат береді, реттеуші мекеме оны тексерген түр жасайды, монополист ұсынған қағаздың орнын ауыстырып, өзінше бір қорытынды жасайды (кабинет ішіндегі процесс). Тариф процесін тиімді жүргізу үшін шығынның қалай жұмсалатынын білу керек. Онымен білікті, монополистке де, реттеушіге де тәуелсіз сараптама айналыса алады, - дейді Своик.

Петр Своик
Петр Своик

Петр Своиктің айтуынша, заңнамаға сәйкес тариф өзгертілмес бұрын қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Бірақ қазір оның бәрі көзбояушылыққа айналған. Сол себепті монополистер де, реттеуші мекемелер де оны өткізбейді. "Өткізген күнде де біз ештеңе білмей қаламыз" дейді сарапшы.

- Дәл осы қоғамдық тыңдау тариф белгілеу процесінің өзегі болуы керек, соттағы сияқты пікірталас болуы тиіс. Монополист "мынандай себептер бойынша бағаны өсіруім керек" дейді. Содан соң тәуелсіз сараптама институтының өкілі шығып, өз талдауын ұсынады. Монополистің кәсіпорнындағы шынайы жағдайды сипаттайды, былтыр қанша ақша жұмсағанын, ақшаның жеткен-жетпегенін, ұрлық болған-болмағанын айтады. Бұдан соң үшінші тарап – тұтынушылар өкілі сөйлейді, ол әрине тарифті өсіруге қарсы, себебі ақша жетпейді, тарығып жүр. Осыдан кейін тарифті реттеуші төреші ретінде шешім қабылдауы тиіс, - дейді Своик.

Своиктің айтуынша, үшінші тарап ретінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасын алса болады. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитетке қарағанда олардың облыс қана емес, аудан мен ауылдарда өкілдіктері бар.

– "Атамекен" төрағасы Абылай Мырзахметов соңғы бірнеше жиында мониторинг жасайтын сарапшылар тобын (пул - П.С) құру мәселесін қозғады. Ол әлі құрылмады, тариф процесінің бәрі реттеуші мекеме мен монополистердің құзырында ғана болып тұр, - дейді Петр Своик.

ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КООПЕРАТИВІ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстандағы көпқабатты үйлердің бірі. Көрнекі сурет
Қазақстандағы көпқабатты үйлердің бірі. Көрнекі сурет

​Коммуналдық қызметке қатысты тариф саясатын мемлекет анықтаса, көп пәтерлі үйлерді ұстау шығынын пәтер иелері кооперативі (ПИК) анықтайды. Олар үйлердің қазіргі жағдайы мен күрделі жөндеу жұмыстарына, газдандыру, ауланы және подъезді жинау, жарықтандыру, жылыту жүйесіне техникалық қызмет көрсету, ыстық және суық су беруге жауапты.

Бұл қызметтер үшін үй тұрғындары міндетті түрде ақша төлейді. Алайда әр ПИК-тің жеке тарифі бар. Ол тұрғындардың жалпы жиынында бекітіледі.

— Пәтер иелерінің жалпы жиынында тұрғын үйді ұстау төлемін бекітудің заңмен бекітілген бір ғана тетігі бар. Тұрғын үйді ұстау шығынын есептеуге арналған әдіс бар. Сол соманы шамалап есептеп алған соң ғана жалпы жиын өткізіп, бекіту керек. Соманы тұрғындардың кем дегенде үштен екісінен жазбаша сауалнама алған соң бекіту керек, - деді Азаттыққа Алматы ПИК бірлестігі төрағасы Аркадий Рубцов.

Кейде тариф тұрғындардың келісімінсіз-ақ бекітіле береді. Кейбір ПИК қызмет бағасын негізсіз қымбаттатады.

– Қазір әр үй – кондоминиум нысаны ретінде заң бойынша жиында толық есеп беруді талап ете алады. Басты қожайын – тұрғындар болуы тиіс, бірақ біздегі азаматтар немқұрайлы, бір-екі адам келеді, қалғаны үнсіз қалады. ПИК соны біледі де жиын өткізбей-ақ тарифті белгілей салады. Сосын адамдар жылдап соттасады, сот оған бас қатырғысы келмейді. Шынын айтқанда, тұрғындардың 70 пайызы келген квитанцияны автоматты түрде төлейді, әр тиынның қайда жұмсалғанын білгісі келетіндер сирек, - дейді заңгер Әділбек Жолдыбаев.

Заңгердің айтуынша, тіпті тарифпен келіспеген бір тұрғынның өзі сотқа барып, жиын өтпегенін, көпшіліктің келіспегенін, дауыс беру парақтарының қолдан жасалғанын немесе ПИК-ке жақын адамдардың пәтерлерді аралап, адамдарды қол қоюға үгіттегенін айтып, шағымдануға құқылы.

– ПИК құрамына бірнеше үй кіреді, бірақ кез келген үй көпшілік дауыспен кооперативтен шығуға, өз кооперативін құруға немесе басқару формасын өзгертуге құқылы. Көп адам ол туралы білмейді, бәріне көз жұма қарап, тып-тыныш жүре береді, - дейді Әділбек Жолдыбаев.

Ал парламент мәжілісіне тұрғын үй – коммуналдық-шаруашылық туралы заң жобасы түсті. Құжатта әрбір көп пәтерлі үйде "бір үй – бір МИБ – бір шот" принципі бойынша мүлік иелері бірлестігін (МИБ) құру мәселесі қарастырылған. Инвестиция және даму жөніндегі министрлік соның арқасында тұрғындар қаржының дұрыс жұмсалуын бақылай алады дейді.

Аркадий Рубцовтың пікірінше, бұл жүйенің іс жүзінде қаншалықты тиімді болатыны белгісіз.

– Қазір Алматыда сегіз мың үйде 800 астам төраға бар, енді сегіз мың мүлік иелері бірлестігі төрағасы болуы керек. Бұл қызмет көрсету және басқару саласын жақсарту мен оның ашықтығына қалай ықпал ететінін білмеймін. Заң жобасын ұсынушы бұл сұраққа нақты жауап бермейді, әр басқарушыға тым құрығанда ең төменгі жалақы төлеу керек. Мұның не үшін керектігін және қалай жұмыс істейтінін түсінбеймін, - дейді Рубцов.

  • 16x9 Image

    Пётр ТРОЦЕНКО

    Пётр Троценко - Азаттықтың Алматы бюросының тілшісі. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын "Уральская неделя" басылымында, "Инкар-инфо" интернет радиосында бастаған. 2007-2016 жылдары Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы, Оралдағы, Тараздағы және Ақтөбедегі басылымдарда жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG