Accessibility links

Көр қазу құны «105 мың теңге» дегенде ел ренжіді


Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылдық округінің әкімдігіне зират дауымен келіп тұрған белсенділер (ақсақалдар). 19 қыркүйек 2017 жыл.
Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылдық округінің әкімдігіне зират дауымен келіп тұрған белсенділер (ақсақалдар). 19 қыркүйек 2017 жыл.

Ақтөбе маңындағы мыңдаған бейіті бар 50 зират «АК Trade solution» серіктестігіне 5 жылға сенімгерлікпен басқаруға берілді. Бірақ серіктестік көр қазып, адам жерлеудің бағаларын белгілеген бетті жұрт тіксініп, дау басталған. «Жұрт қайғысын пайдаланып, бизнес жасауға бола ма?» деген кей тұрғындар әкімдікте шу шығарып, дауды шешу үшін комиссия құрылды.

Ақтөбе қаласы маңында тұрғындар өз бетімен кісі жерлеген, кейбірі тіркелген, енді бірі тіркелмеген 50 зират бар болып шықты. Бұл зираттардың кейбірінің күтіміне қала бюджетінен бұған дейін ақша бөлініп те келген екен. Бірақ ендігі жерде жергілікті билік зираттардың күтіміне қаржы жұмсамайтынын мәлімдеп, бұл міндетті атқаратын мекемелерге тендер жариялаған. Сол тендердің нәтижесінде зират күтімі алдағы бес жылда «АК Trade solution» серіктестігіне жүктелген.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

Алайда әкімдіктің жаңа бастамасынан дау шықты. Қала іргесіндегі Қурайлы ауылының тұрғындары мұсылмандар мен христиандар зиратын сенімгерлікпен басқаруға беруге қарсы. Қурайлының он шақты белсендісі қала басшыларына ауыл тұрғындарының қолы қойылған шағым хат тапсырып, зиратты «халыққа қайтарып беруді» талап етіп жатыр. Наразылық білдірушілер жиыны қыркүйектің 19-ы күні Қурайлы селолық округі әкімдігі ғимаратында өтті.

Зираттардың «АК Trade solution» серіктестігіне берілгендігі туралы хабар тұрғындардың құлағына тамыз айында тиген. «Содан бері ауыл ақсақалдарында маза жоқ» деген Қурайлы тұрғыны, зейнеткер Федор Гриценко:

- Бұл хабар бізге бірден ұнамады. Өйткені, осыдан төрт жыл бұрын жергілікті жұрттан жиналған қаржыға зираттарды қоршап, бақылаушы қойғанбыз. Қоғамдық кеңес құрылды, халықтан ара-тұра азғантай тиын-тебен жинаймыз. Оны барынша үнемдеп, зираттардың күтіміне жұмсап отырмыз. Қурайлы маңындағы зираттардың күтіміне ешқашан бюджеттен бір тиын бөлінген емес. Енді кеп біреулер дайын асқа тік қасық болғысы келеді, - дейді.

Федор Гриценко, Қурайлы ауылының тұрғыны. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.
Федор Гриценко, Қурайлы ауылының тұрғыны. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.

Қурайлы тұрғындарын зиратқа қожалық етпекші серіктестік ұсынған баға да алаңдатып отыр. Қазір «АК Trade solution» салттық қызметтердің бірыңғай орталығы ұсынған прейскурантта мұсылман көрін күрекпен қазу күн жылы кезде - 70 мың теңге, жердің тоңы қатқан кезде 75 000 теңге деп көрсетілген.

Бұл - жерлеу рәсіміне қажетті материалдарды марқұмның туыстары әкелген жағдайда алынатын төлем. Ал көрдің ішіне қалайтынкірпіш, бетін жабатын рубероид, басқа да материалдар салттық қызметтердің бірыңғай орталығынан берілген жағдайда 105 мың теңгеге шығады. Күн суытып, жердің тоңы қатқанда қызмет құны тағы 10 мың теңгеге қымбаттайды.

«АК Trade solution» салттық қызметтердің бірыңғай орталығы ұсынған прейскурант. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.
«АК Trade solution» салттық қызметтердің бірыңғай орталығы ұсынған прейскурант. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.

Христиандар үшін де нақты тариф белгіленген. Жерді экскаватормен қазу маусымына қарай 25-30 мың теңге, күрекпен қазу 70-75 мың теңге аралығында. Бұл тарифтерден бөлек мұсылмандардан да, христиандардан да марқұмның аты-жөнін тіркеу кітабына енгізгені, жерленгенін куәландыратын құжат бергені үшін 10 мың теңгеден алынады. Қурайлының жасы 70-терді алқымдаған тұрғыны Валентина Ленник:

- Қалалық әкімдік бізге монополистің қызметін ұсынып отыр. Прейскуранттарын көрдік. Өте қорқынышты. Басқалай сипаттай алмаймын. Мұндай бағаны қайдан алып жүргендерін білмеймін. Жұрттың қайғысын пайдаланып, бизнес жасауға бола ма? Біз ауылымыздағы зираттарды сенімгерлікпен басқарудан бас тартамыз, - деді.

Қурайлы ауылының тұрғыны Валентина Ленник (көзілдірікті әйел). Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.
Қурайлы ауылының тұрғыны Валентина Ленник (көзілдірікті әйел). Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.

Ауыл әкімдігінің ғимаратына жиналған Қурайлының тұрғындары «Жергілікті билік халықтың пікірін сұрамады, жалпыға ортақ қолданыстағы аумақты (зират жерін айтады – ред.) «АК Trade solution» серіктестігіне бере салды» дейді. Тұрғындардың айтуынша, тендерден соң зират орналасқан жер телімдерінің мәртебесі өзгеріп кеткен. Қурайлы селолық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолдыбай Ізбағанбет:

- Зиратқа жер актісі берілген кезде жергілікті билік оның статусын өзгертіп тастаған. Яғни, бұрын «жалпыға ортақ қолданыстағы жер» қазір «елді-мекен аумағы» аталады. Бұлай етуге парламент депутаттарынан өзге ешкімнің құқығы жоқ, - деді.

Жолдыбай Ізбағанбет, Қурайлы ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.
Жолдыбай Ізбағанбет, Қурайлы ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.

МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫНЫҢ АРААҒАЙЫНДЫҒЫ

Ауыл белсенділерінің бұл уәжіне Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінен келген өкіл Жомарт Сарманов жарытымды жауап бере алмады. Ал қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияровтың сөзіне қарағанда, «бұл шара бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында жасалып отыр». Сенімгерлік басқаруға берілмес бұрын қала маңындағы 50 зиратқа техникалық төлқұжат пен жер актісі дайындалған, коммуналдық меншікке алынған. Бұрын-соңды мұндай құжаттар Кірпішті ауылының іргесіндегі қалалық зиратта ғана болған.

Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары. 19 қыркүйек 2017 жыл.
Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары. 19 қыркүйек 2017 жыл.

- Биыл мамырдың 15-і күні электрондық тендер жарияланып, алты лот бойынша 50 зираттың бес жылға сенімгерлік басқаруға берілетіні хабарланды. Маусым айында өткен тендерге қаладан бес фирма қатысса, қала маңындағы бес селолық округтің әрқайсынан екі қатысушыдан болды. Тендер қортындысы бойынша ең тәуір ұсыныс жасаған «АК Trade solution» серіктестігі таңдалды. Бұл серіктестік зираттарды қоршап, олардың санитарлық тазалығына жауап береді, көгалдандырады. Одан бөлек, марқұмдардың электрондық базасын жасайды. Бізде электрондық база бұрын-соңды болған емес. Ал зираттардың күтіміне қала бюджетінен жыл сайын 20-25 миллион теңге бөлінетін. Ендігі жерде бұл қаржыны түрлі әлеуметтік маңызды бағдарламаларға жұмсаймыз, - деді Алдияров.

Алайда қала әкімінің орынбасары ауыл ақсақалдарына сөзін өткізе алмады. Белсенді тұрғындардың оның уәждеріне қарсы екені көрініп тұрды. Ал зираттарды сенімгерлікпен басқару құқына ие болған «АК Trade solution» серіктестігінің өкілі жиында жұмған аузын ашпады.

Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп отырған жергілікті билік өкілдері. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.
Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп отырған жергілікті билік өкілдері. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2017 жыл.

Ұзақ дауласқан белсенділердің иіні қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова сөз алған кезде ғана жұмсара бастады. Өйткені, Шынтасова ханым қызметіне қымбат баға сұрап отырған серіктестікпен келісім-шартты бұзу туралы сөйледі.

- Ауыл адамдары үшін 15 мың теңгенің өзі көп қаржы екенін жақсы білемін. Сондықтан мынадай бағалар болмауы тиіс. Бұл - менің жеке пікірім. Оның үстіне мына отырған депутаттардың да, мемлекеттік қызметшілердің де ең басты міндеті-халықтың тұрмысын жақсарта түсу. Өз басым «АК Trade solution» серіктестігімен жасалған келісім шартты жоюдың әзірше екі жолын ғана көріп тұрмын. Оның біріншісі сот шешімі болуы керек, екінші жолы - серіктестік басшысы Қурайлыдағы зираттан өзі бас тартуы керек. Нақты бір шешімге келу үшін арнайы комиссия құрып, мәселенің мән-жайына қанығайық, - деді Сұлупан Шынтасова.

Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылдық округінің әкімдігі ғимараты жанында тұрған белсенділер. 19 қыркүйек 2017 жыл.
Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылдық округінің әкімдігі ғимараты жанында тұрған белсенділер. 19 қыркүйек 2017 жыл.

Қурайлыдағы жиын соңында арнайы комиссия құрылып, оған ауыл белсенділері мен қалалық мәслихат депутаттары, ауыл әкім енді. Бұл комиссия жұмысын осы аптаның соңында қортындылауы тиіс.

Өлім жөнелту мен зират дауы Қазақстанда бірінші рет шығып тұрған жоқ. Мұндай наразылықтар негізінен жерлеу және зират күтімі жұмыстарын жеке меншік фирмаларға өткізген жерлерде шығып жатады. Мәселен, Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласының Ақмырзабай мазаратында осыған ұқсас дау шығып, ғұрыптық қызмет көрсететін азаматтар «айына 12 адамның көрін қазып, ақшасын тапсырыңдар» деп «план қойған» басшыларына наразылықтарын айтқан еді. Ол даудың жай-жапсарын Азаттықтың «Көр қазушы «айлық жоспар - 12 қабір» болып бекітілгеніне наразы» мақаласынан оқи аласыз.

XS
SM
MD
LG