Accessibility links

«Әулиенің аяны» туралы сыбыс жұртты дүрліктірді


Мцхетаға құлшылыққа келген адамдар. Грузия, 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мцхетаға құлшылыққа келген адамдар. Грузия, 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Грузияның мыңдаған тұрғыны «монах әйелге жергілікті әулиенің аруағы аян беріп, зиратына тәуап етуге шақырыпты» деген сыбыстан соң көне қала Мцхетаға ағылды.

Православтар Рождество мерекесін тойлап жатқандықтан, шіркеу бұл зияратты қоя тұруға шақырды. Ал Мцхета тұрғындары ғибадат жасауға келгендерді 7 қаңтар күні ғана шығарып салып, еркін тыныстады.

«ӘУЛИЕ ЕКІ ТІЛЕГІҢДІ ОРЫНДАЙДЫ»

«Мцхетадағы монастырьде жерленген, 2012 жылы әулиелер санатына қосылған православ Гавриил әкей монах әйел Параскеваның түсіне еніп, Рождествоға дейін келген адамдардың екі тілегін орындайтынын айтыпты» деген сыбыс бүкіл елге тарап үлгерді. Содан кейін-ақ діндарлар өткен аптадан бастап көне қалалардың бірі Мцхетаға келе бастады.

Тбилисиден 20 шақырым жердегі қалаға ағылған мыңдаған адам жолды бөгеп, зират алдында ұзын-сонар кезекке тұрды. Жергілікті полиция да жол қозғалысын реттеп, құлшылық жасап болған діндарларды қайтару үшін сол жерге келді.

Монах әйел Параскеваның айтуынша, Рождество алдында дұға жасаған кезде оған Гавриил әкей аян берген. «Гавриил әкейдің зираты алдында мінажат еткен
Монах әйел Параскева сұхбат беріп тұр. Мцхета, 7 қаңтар 2013 жыл.
Монах әйел Параскева сұхбат беріп тұр. Мцхета, 7 қаңтар 2013 жыл.
кезімде ол «осы жерге келгендердің тілегін орындаймын» деп аян берді. Керемет құбылыс болды, сондықтан да осыншама көп адам тәуап етуге келді» дейді ол.

Параскева діндарларға «зиратқа тек Рождество қарсаңында ғана емес, кез келген уақытта келіп, тілегіңді айтуға болады» деген үндеу жасады.

Бірақ тәуап етушілер Параскеваның бастапқы сөзін ұстанған тәрізді. «Гавриил әкейдің зираты – өте қасиетті. Біз оның шапағатын алу үшін келеміз. Рождество алдында келген адамдардың екі тілегін әулие әкей орындайды дегенді естіп келдік» дейді олардың бірі Азаттық тілшісіне.

ШІРКЕУДІҢ ҮНДЕУІ

Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдары мен Параскева шешейдің мәлімдемесін таратқан дін қызметкерлерін айыптайды.

«Осындай тылсым нәрселерге иланатындар – өмірде жолы болмаған, көмек алмаған жандар. Оларды керітартпа немесе сауатсыз деп айыптау оңай. Бірақ аян туралы сыбыстың кең тарағаны соншалық, Грузияның батысындағы Поти қаласынан да адамдар келді. Демек, шіркеу қызметкерлері оны насихаттаған» дейді философ Лела Гаприндашвили.

Грузин православ шіркеуі бұндай сыбыстарға сене бермеуге шақырды. Патриархия 6 қаңтар күнгі үндеуінде «Құдай тек ақылға қонымды әрекетті талап етеді», «Гавриил әкей жалбарынушылар үшін 7 қаңтардан кейін де Құдайдың алдында арашашы болады» деді.

Клэр Бигг пен Джимшер Рехвиашвилидің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG