Accessibility links

Қазақстанда алғашқы крематорий салынуы мүмкін


Қазақстандағы қорым. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы қорым. (Көрнекі сурет)

Алматы қаласы әкімдігіне елдегі алғашқы крематорий жобасын ұсынды. Оның құны - шамамен үш миллион доллар. Жоба пікірталас, дін қызметкерлерінің күдігін тудырып отыр.

Ғұрыптық қызметтер көрсететін алматылық мекеменің басшылығы қала әкімдігіне крематорий құрылысының жобасын ұсынды. Әкімдік крематорий қажеттігін түсіндіру үшін «қорымдарда жер жетпейді» деген уәж айтады.

Алматы қаласының тұрғыны Гүлжазира Мәтенова . Алматы, 7 шілде 2014 жыл.
Алматы қаласының тұрғыны Гүлжазира Мәтенова . Алматы, 7 шілде 2014 жыл.

Алматы тұрғыны Гүлжазира Мәтенова крематорий салуға қарсы. Ол Азаттық тілшісіне «Қазақстан менталитетіне жат, әрі ондай қажеттілік жоқ» екенін айтады.

- Меніңше, қазақстандықтар мәйіт өртеуге әлі дайын емес сияқты. Орысы да, қазағы да. Денесінің күлге айналуына келісетіндер өте аз, - дейді Гүлжазира Мәтенова.

Жас келіншектің ойынша, «Бұдан гөрі шенеуніктердің жаңа қорымдарға жер бөлгені дұрыс. Ал әкімдік крематорийге бөлетін ақшаға зират қоршауларын дайындап, жергілікті қорымдарды жөнге келтіруі керек».

ҮШ МИЛЛИОН ДОЛЛАРДЫҢ ЖОБАСЫ

Алматыдағы ең ірі қорым – Бұрындай зираты. Оның ауданы – 300 гектар. Алматыда барлығы 41 қорым бар. Оның 27-сі орын қалмағандықтан жабылған.

Алматыда крематорий салу идеясы бұрыннан талқыланып келеді. Өткен жылы қала басшылығы Азаттыққа крематорий құрылысының қарастырылып жатқанын, алайда алдағы бірнеше жылдың жоспарында жоқ екенін мәлімдеген. Алайда өткен айда шенеуніктер сметалық құжаттарды әзірлеген. Енді қаржы бөлінуін күтіп отыр. Жобаға сәйкес мемлекет қазынасынан крематорий құрылысына 600 миллион теңге бөлінуі тиіс (3 миллион доллар – ред.).

«Жетінші арна» «Ғұрыптық қызметтер бойынша мәліметтерге сәйкес, Алматы қаласында ай сайын жүздеген адам қайтыс болады. Жерлеуге жер жетпейді, қорымдар қаланың үлкен ауданын алып жатыр. Бұл жерлер кемінде 50-60 жыл бойы тұрғын үйлер аумағы қорына кірмейді. Әйтпегенде, ол жерлерді пайдалануға болар еді. Ай сайын қалада кім екені анықталмаған 30 мүрде жерленеді» деп хабарлады.

Алматыдағы зираттың бірі.
Алматыдағы зираттың бірі.

Телеарна «Ғұрыптық қызметтердің арнайы комбинаты» атты мемлекеттік коммуналдық мекемесі директорының орынбасары Марат Исмаиловқа сілтеме жасайды. Журналистің айтуынша, «жаңа салынатын арнайы нысанға екінші жылу электр станциясы мен Батыс қорым жанынан орын бөлінбек».

Азаттықтың «Крематорий құрылысы қашан басталады?» деген сұрағына «Ғұрыптық қызметтердің арнайы комбинаты» директорының орынбасары Марат Исмаилов «әкімге әзірге құжаттар ұсынылды және қаражат мөлшері аталды» деп жауап берді.

— Крематорий салу идеясы 1980 жылдан бастап қарастырылып келеді. Қазір алғашқы қадамдар жасалып жатыр, жергілікті билікпен келіссөздер жүргізілді. Ал кім және қанша қаржы бөлетіні әлі белгісіз. Оны қала маслихаты шешеді. Журналистер ақпаратты бұрмалап жіберді. Әзірге ресми түрде қаржы да, құрылысқа арналған жер де бөлінген жоқ. Мен тек қаражат мөлшерін ғана атадым, - дейді Азаттыққа Марат Исмаилов.

ЖАТ ҒҰРЫП

Алматыда крематорий салу ұсынысын кейбір дін қызметкерлері қолдамайды. Мәселен, Қазақстан бас раввині орынбасары Эльханан Коген Азаттыққа «монотеистік діндер кремацияға қарсы екенін» айтады.

- Ислам, православие мен иудаизмде мәйітті өртеуге болмайды. Біздің дінімізде ондай салт жоқ. Тәуратта адам жерге қайтып оралуы керек деген. Байтақ елімізде қайтыс болғандарға, шынымен, орын табылмай ма? Адамның денесі - Жаратқанның құдіретінің белгісі. Ал оны өртеу - барып тұрған сұмдық, - дейді Коген.

Орыс православие шіркеуінің Алматы епархиялық басқармасы да осы тақілеттес пікір айтты. Басқарма жауабында «Крематорий адам жанының өлімнен кейінгі жағдайына еш әсер ете алмайды. Себебі Жаратқан кез келген денені қайта тірілте алады. Алайда крематорий христиандық ғұрыпқа жат, сондықтан шіркеу оны құптамайды» деп жазылған.

Мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай.
Мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай.

- Денені өртеу немесе кремациялау исламда күнә саналады және шариғатқа қайшы. Денені жерге көму керек. Аллаһ адамды саздан жаратты. Ол дүниеден қайтқанда да жерге оралып, сазға айналуы тиіс. Крематорий салатын болып жатса, оған деген сұраныс бар шығар. Қазақстанда Жаратқанға сенбейтіндер де көп қой, олар өз таңдауларын жасаған болар. Ал меніңше, Қазақстан – бай мемлекет, мұнда қорымдарға да жер табылады, - деді Азаттыққа мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай.

АЛМАТЫДА ЖЕР ЖЕТПЕЙДІ

Крематорий құрылысын қолдайтындар да бар.

«Табиғат» экологиялық қоғамының төрағасы Мэлс Елеусізов «қалаға крематорий керек» деген пікір айтады.

- Дұрыс шешім. Қала өсіп жатыр, қорымдар жетіспейді. Сондықтан крематорий салатын уақыт келді. Мәйітті жерде шіріткенше жағып жіберген дұрыс. Қалдықтар, әрине, болады. Бірақ оларды тазалау оңай, - дейді ол.

Крематорий құрылысының жағымды жақтары жайлы Азаттыққа Алматыдағы «Амон» ғұрыптық агенттіктің директоры Сергей Лепешкин де айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, «агенттік әдетте мүрделерді кремациялауға Новосибирск қаласына апарады».

- Сұраныс бар, себебі бізге көптеген адамдар хабарласады, алайда барлығы бірдей мәйітті Новосибирскіге жөнелте алмайды. Кремацияның ең төменгі құны - 500 мың теңге. Жолдың өзіне 300 мың теңге кетеді. Жылына тек 5-6 мүрдені кремациялаймыз, - дейді Лепешкин.

Алматы қаласының құрылыс басқармасының жобалау бөліміне хабарласқан Азаттық тілшісі «қалада қорымға жер қалмады, бұл мәселені қала басшылығы крематорий салу арқылы шешкісі келеді» деген жауап алды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG