Accessibility links

Пантеон салынатын орын тез табылды


Астана қаласына арналып жасалған монументтердің бірінің жобасы.
Астана қаласына арналып жасалған монументтердің бірінің жобасы.

Астанада белгілі тұлғаларды жерлейтін ұлттық пантеон жобасына конкурс жарияланды. Оның қандай болатынын әлі ешкім білмейді, бірақ «Кім жерленеді?» деген сұрақ төңірегінде талас жүріп жатыр.

Осыдан екі жыл бұрын парламенттің бұрынғы депутаты Ирак Елекеев Қазақстан премьер-министрі мен Астана қаласы әкіміне сауал жолдап, ел астанасында ұлттық пантеон салу мәселесін көтерген. Енді бұл идея іске аса бастады. Жуырда қайтыс болған бұрынғы мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов жерленген, Астана қаласынан 20 шақырым жерде болашақ пантеон салынбақ.

СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСОВТЫҢ СҮЙЕГІНІҢ КҮЛІ

Ирак Елекеевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл идея советтік Қазақстанның мемлекеттік қайраткері Смағұл Сәдуақасов сүйегінің күлін бір топ депутат Мәскеуден әкелген соң туған.

Смағұл Сәдуақасовтың зираты. Астана, 11 желтоқсан 2013 жыл.
Смағұл Сәдуақасовтың зираты. Астана, 11 желтоқсан 2013 жыл.
1920 жылдары басшылық қызмет атқарған Сәдуақасов қудалауға ұшырап, қуғында жүріп қаза тапқан. Қайраткердің сүйегінің күлі Астанаға 2011 жылдың қаңтарында жеткізілгенімен, қайда және қалай жерлеу мәселесі бірден шешілмей, жұрт арасында біраз әңгіме болған. Ақыры 2011 жылдың мамыр айында Астананың ортасындағы мұсылман зиратына қойылды.

​– Басқа ыңғайлы орын табылмады, ал көрнекті қайраткерлерді жерлейтін арнайы зират туралы ой маған сол кезде келді, – дейді бұрынғы депутат Ирак Елекеев.

2013 жылы қараша айының соңында Астана қаласы әкімдігі ұлттық пантеонның үздік жобасына конкурс жариялады. Саясаткерлер мен сарапшылар қорым Астананың қай тұсында орналасады деп топшылап та үлгермеді, осы аптада билік «элиталық зират салынатын жер астанадан шеткері жақтан бөлінді» деп жариялады. Ұлттық қорымды Астанадан 20 шақырым жерде, Қабанбай батыр кесенесі маңына салу туралы шешім қабылданды. Ақпарат құралдарында «Қазақ халқының 18-ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Қабанбай батырдың жамбасы тиген жер шынымен осы зират па?» деген сұрақ төңірегінде талас та болған. Кейінірек бұл әңгімелер тыйылды.

– Кезінде Марат Оспанов пен Әзербайжан Мәмбетовті Алматыда жерледік. Ал Астанада көрнекті қайраткерлер қайда жерленеді? Мемлекет басшысы Астана қаласы әкіміне «қала ішінен емес, қаладан тысқары жақтан жер бөліңдер» деген тапсырма берді. Елге еңбегі сіңгендердің рухына тағзым ететін, тарихи мәні бар орын болуы тиіс, – дейді Ирак Елекеев.

Әлі құрылысы басталмаған пантеонда қазасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтқан жандар жерленеді деген болжам бар. VIP-зират идеясы авторының айтуынша, мұндай адамдардың қатарында шенеуніктер ғана емес, зиялы қауым өкілдері де болады.

ҚҰБЫЛМАЛЫ ТАРИХ

Саясаткер Уәлихан Қайсаров «пантеон салу – тарихи көзқарас тұрғысынан алғанда орынды әрі дұрыс идея» деп санайды.

Уәлихан Қайсаров.
Уәлихан Қайсаров.
Оның айтуынша, ұлы тұлғалар кез келген халықта бар. Ал жұрттың мұндай тұлғалардың рухына зиярат жасауына ыңғайлы бір орынның болғаны жөн. Ол мысал ретінде Қазақ хандығының әйгілі хандары, батырлары мен ұлы тұлғалары жерленген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи мемориалдық кешенін атайды. Оның ойынша, Астанада да осы сияқты қорым салынбақ.

– Бірақ шенеуніктер оны өздері үшін тұрғызғалы жатыр. Өздерін мына дүниеде жар салып жарнамалап жатқаны аздай, енді өлгеннен кейін де тарихта мәңгі қалмақ. Бірақ тарих әр нәрсенің өз бағасын береді. Пантеонда мейлі басқа жерде жатсын – кім болса да тиісті бағасын алады, – дейді Уәлихан Қайсаров.

Болашақ пантеонда кімдер жерленетіні негізгі мәселе екенін айтқан ол «сіңірген еңбегі ешбір күмән тудырмаған жандар ғана пантеоннан орын алуы тиіс» деп есептейді.

– Мысалы, Ленинді алыңыз. Кезінде жұрт оны әулие көріп, табынды, ал қазір кім көрінген жер-жебіріне жетіп сөгеді. Немесе Назарбаевты алайық. Бүгін ол біреулерге әулие көрінуі мүмкін, ал кейін қара жер қойнына кеткенде оны да жерден алып, жерге салатындар табылады. Тарих жел қайда соқса, солай қарай айнала жөнелетін флюгер сияқты, билік кімде болса тарихты сол жазады, – дейді Уәлихан Қайсаров.

КОНКУРС ЖАРИЯЛАНДЫ

Кейбір мұсылман дін басылары ұлттық пантеон салуға қарсы ойларын білдірді. Алматы қаласындағы орталық мешіттің наиб-имамы Нұрболат Дүйсебаевтың айтуынша, шариғатта зәулім мазарлар тұрғызуға тыйым салынған, бақилық болған адамға олардың ешқандай шапағаты тимейді.

Астанадағы ескі мұсылман зираты.
Астанадағы ескі мұсылман зираты.
​Ал Астана әкімдігі ұлттық пантеонның ең үздік эскиз-жобасына конкурс жариялап қойды. Конкурс жеңімпазы 7,5 миллион теңге алады. Пантеон құрылысы басталатын орын ретінде әзірше Астана қаласынан 20 шақырым жердегі Қабанбай батыр кесенесіне таяу жер таңдалды.

Қазақстандық ақпарат құралдары «бұрынғы мәжіліс спикері, биыл қазан айында қайтыс болған Орал Мұхамеджановтың сүйегі болашақ ұлттық пантеонға бірінші қойылады» деп жазып та жатыр. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, болашақ элиталық зиратқа бөлінген 500 гектар жерді биік дуалмен қоршау жұмысы көктемде басталады. Жоспар бойынша, қорымды көгалдандырып, құрбандыққа шалатын мал соятын арнайы орын қарастырылады, қонақ үй де салынады деп уәде етілді.

Ал сүйегінің күлі осыдан екі жарым жыл бұрын Мәскеуден салтанатпен жеткізілген советтік Қазақстанның қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың қабірінің басында әлі мемориалдық құлпытас та қойылмаған. Астанадағы ескі мұсылман қорымындағы ондаған мың зираттан оның қарапайым зиратының еш айырмасы жоқ.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG