Accessibility links

Пантеонда кім жерленетіні жайлы қаулыға пікір әрқилы


Астана маңындағы ұлттық пантеондағы зираттың бірінің басындағы белгі.

Қазақстанның негізгі ресми басылымы «Егемен Қазақстан» газеті маусымның 1-і күні Қазақстан үкіметі қаулысымен Астана маңындағы Ұлттық пантеон туралы ереже бекітілгенін хабарлап, құжат туралы мәтін жариялады. Бұл ақпаратты естіген Қазақстан азаматтары әлеуметтік желіде түрлі реакция байқатты.

ПАНТЕОНҒА ҚАНДАЙ АДАМДАР ЖЕРЛЕНЕДІ?

«Егемен Қазақстан» газетінде «Ұлттық пантеон - мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлерінің, ел дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында негізі қаланған, мемориалдық маңызы бар нысан» деп жазылған.

Газет «пантеонға жерлеуге қайтыс болған мынадай тұлғалар жатады» деп «Қазақстан президенттері және олардың отбасы мүшелері; премьер-министрлер мен орынбасарлары; парламент палаталары төрағалары мен орынбасарлары; мемлекеттік хатшылар, президент әкімшілігі басшылары; конституциялық кеңес, жоғарғы сот, ұлттық банк төрағалары; министрлер; президентке тікелей бағынатын мекемелер басшылары, облыстар, республикалық маңызды қала және Астана әкімдері; «Халық қаһарманы», «Қазақстан еңбек ері» атағы бар, «Алтын қыран», «Отан», «Қазақстанның тұңғыш президенті», үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен марапатталған; «Совет Одағы батыры», «Социалистік еңбек ері» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағына ие болған азаматтар; Қазақстан президентінің ерекше шешімімен басқа да азаматтар; пантеонда жерлеуге жататын тұлғалармен олардың кейін қайтыс болған жұбайлары жерленуі мүмкін» деген ақпарат жариялаған. Газет «Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күн өткенде қолданысқа енеді» деп хабарлайды.

ӘЛЕУМЕТ РЕАКЦИЯСЫ

Пантеон туралы ақпарат ресми газеттерде жарияланған бетте әлеуметтік желілерде түрлі пікір жазған интернет қолданушылардың жазбалары шыға бастады. Олардың негізгі дені үкімет қаулысын, пантеонға жерленетін адамдарды анықтау тәсілін сынаған.

Мәселен Facebook желісінің қолданушысы Казбек Бейсебаев Қазақстанның ұлттық пантеонын Париждегі пантеонмен салыстырып, «Біздің үкіметтің пантеондық тізімімен танысқаннан кейін Париж пантеонында кімдер жатқанын көргім келді. Онда философтар (Вольтер, Жан Жак Руссо), жазушылар (Александр Дюма, Эмиль Золя, Виктор Гюго), ғалымдар (Пьер и Мари Кюри), саясаткерлер (Жан Жорес), Қарсылық (Сопротивления) батырлары және басқа да белгілі француздар жатыр. Біздің пантеон негізінен саяси мемлекеттік қызметкерлерге арналған, ал Париж пантеонына кіретін есікте «Ұлы тұлғаларға Отаны риза» деген жазу бар. Қандай айырмашылық бар екенін көріп тұрған шығарсыздар» деп жазады.

​Ал «Алма Шалабаева» есімді интернет қолданушы «Пантеонда жерлеуге жататын тұлғалардың үкімет бекіткен тізімін Қазақстан президенті бастап тұр. Мұнда барлығы қатаң иерархия бойынша. Меніңше, соған қарамастан кейін бұл орын міндетті түрде саяси қуғын-сүргін құрбандарының пантеонына айналатын сияқты. Қазір ешкім қарсы болмайды, бәрі шалдың үлкен жасын сыйлап, сыпайылық көрсетеді, кезексіз бармайды...» деп қазіргі саяси қысымды да ескерте кеткен.

Aigul Uvakova атты желі қолданушысы ашуға да ерік берген. Ол «Тізімді жасағандар алжыған сияқты. Бұл жер қазынаны тонаған жемқорлардың бейітіне жұрт түкіріп кететін орынға айналады ғой. Мыңдаған гектар? Біздің есебімізден? Меніңше алжасқандар бірнеше нөлді қателесіп жазып жіберген-ау. Әлде қате теріліп кетті ме екен?» дейді.

Пантеон туралы қаулыны сынағандардың ішінде әзілмен әшкерелеу тәсілін таңдағандар да бар. Мәселен белгілі саясаткер Әміржан Қосанов:

«Пантеон - жалғыз, қорым - көп,
Шешім шықты - көңіл тоқ:
Оппозиция болсаң сен -
Пантеоннан орын жоқ!

PS. Тіріде шенеунікпен жақсы болмасаң, өліде олармен бір қорымда жатпайсың...» деп өлеңдеткен.

СЫНАУШЫЛАРҒА ҚАРСЫ ПІКІР

Әлеуметтік желілерде пантеон туралы үкімет қаулысын қолдаған жазбалар көрінбейді. Ал Азаттық тілшісі хабарласып, сынаушылар туралы пікірін білген Қазақстан парламентінің депутаты Владислав Косарев:

- Сынайтындардың істейтін басқа шаруасы жоқ шығар. Сына, сынама – бәрібір, сынаушылар ол жерге жерленбейді. Пантеон - бөлек зират. Мемлекет осы билікті құрған, экономикаға қолдау жасаған адамдарға құрмет көрсетіп отыр. Бұл жерде мәселе ол халық пен елге қаншалықты адал қызмет етті деген мәселе қойылмайды, ол адам елдің дамуына үлес қосты дегенді ескереді. Ешкім мені пантеонға жерлемейді екен деп қайтыс болмай жүріп алмайды, бәрібір өледі, Құдай бұйырған жерге жерленеді, - дейді.

Қазақстанда Астана қаласынан 20 километр жерден Ұлттық пантеон салынатыны туралы алғашқы хабар 2014 жылы қазан айынды шыққан еді. Үкімет сол кезде оның құрылысына мемлекет бюджетінен 1 миллиард теңге, яғни 3 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған. Үш жылдан кейін үкімет пантеон құрылысына тағы 5 жарым миллион доллар бөлінетінін мәлімдеді.

ВИДЕО: Қазақстанға ұлттық пантеон керек пе? (орыс тілінде)

Қазақстанға ұлттық пантеон қажет пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

​Қазақстанда жұрт ұлттық пантеонда кімдер жерленеді деген сауалды талқылап келген еді. Үкіметтің бұл жолғы қаулысы үш жыл бойы басы ашық тұрған осы сауалға жауап бергендей. Қазірдің өзінде бұл бейітке бірқатар белгілі тұлғалар, мемлекет қайраткерлері саналатын адамдар жерленген.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Алматының "Буревестнигі" СССР чемпионы болған кез
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG