Accessibility links

Көр қазушы «айлық жоспар - 12 қабір» болып бекітілгеніне наразы


Ақмырзабай ата мазараты. Шымкент, 14 ақпан 2017 жыл.

Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласының Ақмырзабай мазаратында көр қазушы болып жұмыс істейтін азамат «айына 12 адамның көрін қазып, ақшасын тапсырыңдар» деп «план қойған» басшыларына наразы. Ал басшы «бұл - план емес, жалақыларын ақтау үшін жасалған міндеттеме» дейді. Жергілікті билік өкілі «кәсіпкерлер жұмысына араласпайтындарын» айтты.

«САНЫ ТОЛМАСА ДА ПЛАН ӨТКІЗЕМІЗ»

29 жастағы Сабыржан Кәрімовтің Шымкент қаласының Абай ауданындағы Тельман ауылында орналасқан Ақмырзабай ата мазаратында көр қазумен айналысқанына «10 жыл болған». «Әкесі Камал Кәрімовтің ізін басып келе жатқан» ол мазаратта жерлеу жұмыстарымен айналысатын «Ритуал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) жұмысшыларына «айлық план қойылғанына» наразы. Ол қабір саны толмаса да план есептеп өткізетіндерін айтады.

Көр қазушы Сабыржан Кәрімов. Шымкент, 15 ақпан 2017 жыл. Видеодан алынған скриншот.
Көр қазушы Сабыржан Кәрімов. Шымкент, 15 ақпан 2017 жыл. Видеодан алынған скриншот.

- Бұрын план деген болмайтын. Қайтыс болған адамды жерлеген соң, 8 мың теңге ақысын алып, түбіртек жазып, сол арқылы есептейтін едік. Соңғы төрт айда план қою басталды. Әуелі 24 адамға план тапсырасыңдар деді. Қарсы шығып едік, 18 адамға, кейін [осы айда] 12 адамға түсірді. Құдайдың күні ғой. Кейде - бір, кей күні екі-үш адам жерленеді. Кейде бір апта, 10 күндей ешкім болмайды. Бірақ саны толмаса да есептеп, әрқайсысын 8 мың теңгеден өткіземіз, - дейді Сабыржан Кәрімов.

"Ритуал" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (жерлеу бюросы) қайтыс болған азаматтың туыстарына берілетін түбіртектің толық нұсқасы. Шымкент, 15 ақпан 2017 жыл.
"Ритуал" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (жерлеу бюросы) қайтыс болған азаматтың туыстарына берілетін түбіртектің толық нұсқасы. Шымкент, 15 ақпан 2017 жыл.

Оның айтуынша, белгіленген қаражатты ЖШС «Ритуалға» «әкесінің ағасы, көр қазушы Мирполат Кәрімов тапсырады». Азаттық тілшісіне «Ритуал» мөрі басылған түбіртекті көрсеткен ол «Осы түбіртекке қайтыс болған адамның аты-жөнін жазып, ақшасымен бірге тапсырамыз. Әр аптада үш адам, айына 12 адамдікін - 96 мың теңге өткізуіміз керек» дейді. Сабыржан Кәрімовтің сөзіне қарағанда, «айлық жоспарды» үш көр қазушы бірігіп орындайды. Ол екі көр қазушының ЖШС-ға ресми тіркелгенін, өзі айлығын солардың бірі арқылы алатынын айтады.

«АЙЫНА 20-30 ЖАНАЗА ШЫҒАРАМЫЗ»

Ақмырзабай ата мазаратының көр қазушысы Мирполат Кәрімов «Ритуал» ЖШС басшылығы «ай сайын 12 түбіртек өткізу керектігі жөнінде тапсырма бергенін» растады. Бірақ ол оны «план деп есептемейтінін» айтады. Мирполат Кәрімов сөзіне қарағанда, көр қазушылар «планды» қалталарынан өтеп жатқан жоқ.

Мирполат Кәрімов, Ақмырзабай мазаратының көр қазушысы. Шымкент, 14 ақпан 2017 жыл.
Мирполат Кәрімов, Ақмырзабай мазаратының көр қазушысы. Шымкент, 14 ақпан 2017 жыл.

- Жаназа көп. Айына 20-30 жаназа шығарамыз. Айлығымыз 30 мың теңге. Бұдан зейнетақы қорына және салыққа ұсталады. Бюроға («Ритуал» ЖШС-ын айтады – ред.)да пайда түсу керек қой. 12 адамның қабірін қазу осыдан шыққан. Олардың түбіртектерін жиып, мен өткіземін. Өткен аптада (ақпанның 6-сы мен 12-сі аралығын айтады – авт.) Сабыржан [Кәрімов] екі адамның түбіртегін маған өткізді. Мен әр аптаның сенбі күнінде ақшаны бюродағы есепшіге тапсырамын, - дейді Мирполат Кәрімов.

Ал Тельман ауылының ақсақалы Рахым Өтенов ауылда орналасқан Ақмырзабай ата мазаратының көр қазушыларына «план белгілеу дұрыс емес» дейді.

Тельман ауылының ақсақалы Рахым Өтенов. Шымкент, 14 ақпан 2017 жыл.
Тельман ауылының ақсақалы Рахым Өтенов. Шымкент, 14 ақпан 2017 жыл.

- Ажал – Алладан. Бұл ауылда бір күнім өтсін деген халық көп. Айына 20-30 мың теңгені місе тұтып, күн көріп отырғандар бар. Сабыржанның еңбекақысына отбасында 13 адам қарап отыр. Адамның моласын қазып байып кеткен ол жоқ. Бұл - таза еңбек. План дегенді қою керек. Егер қайтыс болған адам жоқ болса, өзі әрең күнкөріп отырғанда қайдан табады ол ақшаны? -дейді ауыл ақсақалы.

«КЕМІНДЕ 12 КӨР ҚАЗЫЛУЫ КЕРЕК»

«Ритуал» ЖШС директоры Ганил Букеев жұмысшыларына «кем дегенде 12 түбіртек өткізу туралы тапсырма бергенін» жоққа шығармайды. Ол бұл тапсырманың «жұмысшылардың айлық жалақысын шығарып, салықтар мен серіктестік шығындарын өтеу және пайда табу үшін» берілгенін айтады. ЖШС директоры Ганил Букеев:

- Жеке кәсіпкерміз. Шығынға батпауымыз керек. Жұмысшылардың жалақысын, оларға төленетін салықтар мен бюроның шығынын өтеу үшін кем дегенде 12 көр қазылуы керек. Егер 12 адамның көрі қазылмаса маған олардың (жұмысшыларды айтады – ред.) керегі де жоқ. Ол шығындарды қалтамнан төлемеймін. Шынын айтсам, бұл мазараттың (Ақмырзабай мазаратын айтады – ред.) маған қажеті де жоқ. Шудың бәрі сол жерден шығады, - деп, жауабын қысқа қайырды.

"Ритуал" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің /жерлеу бюросы/ басшысы Ганил Букеев. Шымкент, 15 ақпан 2017 жыл.
"Ритуал" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің /жерлеу бюросы/ басшысы Ганил Букеев. Шымкент, 15 ақпан 2017 жыл.

Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша, «Ақмырзабай ата мазаратындағы мәселе екі ағайынды азаматтың бір-бірімен қақтығысы салдарынан туындаған».

- Бұл жұмысқа (көр қазуды айтады – ред.) сырттан адам келмейді. Жұмыстың қыр-сырын білетін, машықтанған адам ғана істейді. Бірақ тұлға көр қазу кәсібімен айналысатын болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті. Жерлеу жұмыстарымен, ескерткіш тақта орнату ісімен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысына орта жəне шағын бизнес туралы заңға байланысты араласа алмаймыз - дейді маман.

Ерубай Құралбаевтың сөзіне қарағанда, «Қаладағы мазараттарда жылына қанша адам жерленетіні жөнінде есеп жүргізілмейді. Мазарат, қорымдар мемлекет меншігінде болғанымен, ондағы қызмет көрсетуге, жерлеуге ешбір тосқауыл не кедергі қойылмаған. Қатаң тәртіп жоқ».

Ақмырзабай ата мазаратындағы Құран оқитын аймақ. Шымкент, 14 ақпан 2017 жыл.
Ақмырзабай ата мазаратындағы Құран оқитын аймақ. Шымкент, 14 ақпан 2017 жыл.

Қазақстанның кәсіпкерлік туралы кодексінде «кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органға берген деректері сот немесе мемлекеттік орган заңға керісінше деп белгілегенге дейін дұрыс деп есептелетіні» көрсетілген. Кәсіпкерлік субъектілерін жарты жылда бір рет тексеру реті айқындалған.

Шымкент қаласы аумағында 37 мұсылман және христиан мазараттары және оларда жерлеу қызметтерін көрсететін бірнеше серіктестік бар.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG