Accessibility links

Шымкенттіктер тарифтердің өсуіне наразы


Қоғамдық тыңдауға қатысушы тұрғын Гүлвира Бектемісова жарық бағасының көтерілуіне наразылық білдіріп тұр. Шымкент. 15 желтоқсан 2017 жыл.
Қоғамдық тыңдауға қатысушы тұрғын Гүлвира Бектемісова жарық бағасының көтерілуіне наразылық білдіріп тұр. Шымкент. 15 желтоқсан 2017 жыл.

Шымкент тұрғындары коммуналдық төлемдердің өсуі қоғамда наразылық тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Шенеуніктер тариф заң негізінде қымбаттағанын, ал монополистер бағаны көтеруге мәжбүр екендерін айтады.

Шымкенттік Мәдина Жансерікова (аты-жөнін өзгертуді сұрады – ред.) Күншығыс шағын ауданындағы төрт бөлмелі пәтерде үш баласымен тұрып жатыр. Оның сөзінше, кейбір коммуналдық төлемдер биылдың өзінде екі рет қымбаттаған.

НАРАЗЫ ТҰРҒЫНДАР

- Қазір айына 20 мың теңге шамасында коммуналдық төлем төлейміз. Мысалы, 2016 жылдың желтоқсан айында жылуға бір шаршы метрге 109 теңге 67 тиын төлейтін едік. 2017 жылдың қаңтар айында 123 теңге 14 тиынға өссе, қараша айында 142 теңге 31 тиынға қымбаттады. Яғни, бір жыл бұрын жылуға 8 мың теңге төлесек, қазір жүз теңгесі кем 11 мың теңге төлейміз, - дейді ол.

Тапқан табысымыздың үштен бірін коммуналдық төлемдерге береміз. Баға бұлай көтеріле берсе, күн көрісіміз қалай болмақ?

Мәдина жыл басында бір текше метр ыстық су үшін 245 теңге төлесе, қазір баға 333 теңгене жеткенін айтып қынжылады. Суық судың бағасы да 107 теңгеден 122 теңгеге өскен. Бұл екі жыл бұрынғы салқын судың бағасынан екі есеге жуық қымбат.

- Енді жарықтың бағасын көтермекші. Қазірдің өзінде тапқан табысымыздың үштен бірін коммуналдық төлемдерге төлеп отырмыз. Баға бұлай көтеріле берсе, күн көрісіміз қалай болмақ? – деп уайымдайды Мәдина Жансерікова.

Зейнеткер Гүлвира Бектемісова тарифті халықтың қалтасы көтерсе ғана өсіру керек деп есептейді.

- Адамдардың алатын айлық жалақысы – 60-70 мың теңге. Бұл жалақымен қалай күн көруге болады? Тарифтерді бұлай көтере берсе, қоғамда наразылық тууы мүмкін. Бір отбасында бір адам ғана жұмыс істеп асырап отыр. Ол жұмыссыз қалса, не болмақ? - дейді Гүлвира Бектемісова.

"МӘЖБҮРЛІК"

Жергілікті билік әлеуметтік наразылықтың күшейе бастағанынан хабардар. Бірақ тариф өсіру саясатын "мәжбүрлік" деп түсіндіреді. Желтоқсанның 15-інде Оқушылар сарайында өткен қоғамдық тыңдау кезінде тұрғындар Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Бақтияр Аталықовты сұрақтың астына алды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов коммуналдық тарифті өсіру туралы қоғамдық тыңдауда отыр. Шымкент, 15 желтоқсан 2017 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов коммуналдық тарифті өсіру туралы қоғамдық тыңдауда отыр. Шымкент, 15 желтоқсан 2017 жыл.

Аталықовтың сөзінше, кез-келген тарифті көтеру үшін монополистерден түскен өтінімге жария тыңдау өткізіліп, тұрғындардан келісім алынады. Әкімдік өкілі облыста 34 ірі табиғи монополия субъектісі бар екенін, әкімдіктің оларға бес жылдық тариф бағасының шегін бекітіп қойғанын айтады.

- Төтенше шаралар ретінде ғана олардың тарифтері өзгеруі мүмкін. Мысалы, тамыз айында газдың бағасы өсті. Соған байланысты жылудың, ыстық судың бағасы көтерілді. Артық шығындары болса да, электр жарығының тарифі екі жылдан бері өзгерген жоқ. Алдағы қаңтар айынан бастап оны да көтеруге өтінім берді, - дейді ол Азаттыққа.

Қымбат газды сатып алып, жылу жасайтын кәсіпкерге "тарифті көтерме" деп айта алмаймыз. Жылудың құны өзіндік құнынан төмен болса, біз оларға шығынсыз жұмыс істейтін тариф жасап беруге міндеттіміз.

Аталықов тарифті көтеретін уақытта "әр тиынның есептелетінін", ал монополистерге тарифті көтермеу туралы бұйрық беру заңға қайшы екенін айтады. Әкімдік халыққа коммуналдық қызмет көрсетіп жатқандардың барлығы кәсіпкерлер екенін, олардың шығындалып жұмыс істей алмайтынын ескертеді.

- Халықтың көпшілігін жылумен қамтамасыз ететін "3-Энергоорталық" кәсіпорыны жылу бағасын көтерді. Себебі газдың бағасы қымбаттады. Қымбат газды сатып алып, жылу жасайтын кәсіпкерге "тарифті көтерме" деп айта алмаймыз. Жылудың құны өзіндік құнынан төмен болса, біз оларға шығынсыз жұмыс істейтін тариф жасап беруге міндеттіміз. Бірақ тарифтің әрбір тиынына дейін есептеп артық тариф бермейміз. Негізгі міндетіміз – тұтынушылардың құқығын қорғау, - дейді әкімдік өкілі.

Ал халықты жарықпен қамтамасыз етушілердің және бірі – "Энергопоток" компаниясының директорының міндетін атқарушы Рустам Ахметов жарық бағасын 2018 жылғы қаңтардың 1-інен бастап жеке тұлғаларға 13 теңге 25 тиыннан 14 теңге 5 тиынға, заңды тұлғаларға 22 теңге 21 тиыннан 26 теңге 80 тиынға өсіру туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне ұсыныс жасағандарын айтады.

Жиыннан видео көре отырыңыз:

Тариф өссе, наразылық өсе ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00

- Негізгі себеп – электр энергиясын өндірушілер жарық бағасын қаңтардың 1-інен бастап өсіреміз деп отыр. Жарық тасымалдаушы компаниялар да қызмет бағасын көтеретінін айтты. Облыста орташа жалақы 100 мың теңгеден асатын болса, біздің орталық қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 66 мың теңге. Жұмысшылардың жалақысын өсіру де, жарық бағасын өсірудің бір себебі, - дейді Ахметов.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҚАУПІ

Шымкенттік белсенді Жанысбек Өтеген жергілікті "Энергопоток" компаниясы жарық төлемін бірден өтей алмайтын адамдардың мұқтаждығын ескермейді деп ойлайды. Оның пікірінше, тұтынушы бір ай төлемей қалса да, компания оның жарығын кесіп, қайта қосу үшін "1800 теңге айыппұл төлетеді".

- Бұл айыппұлмен халық тоналып жатыр. "3-Энергоорталық" бұл төлем төлемеген тұтынушыларды тәртіпке келтірудің бір жолы екенін айтады. Жарық бағасын көтерудің өзі қоғамда наразылық тудырады, - дейді белсенді.

Сарапшы Меруерт Махмутова тарифтің қымбаттауы жайлы (28 қыркүйек 2017 жыл):

Тариф қымбаттады - табыс артпады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

Биліктегі "Нұр Отан" партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов тарифтермен бірге халық наразылығы да өсетінін растайды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысында орташа айлық жалақы 50 мың теңге деп долбарлайды. Ресми статистикадағы 101 мың теңге деген көрсеткішке күмән келтіреді. Мелдехановтың ойынша, монополистер табысы аз халықтың сатып алу қабілетін дұрыс бағамдап отырған жоқ.

- Мың текше метр газдың бағасы Атырауда 7-8 мың теңге, Солтүстікте Қазақстанда 14-15 мың теңге, Оңтүстік Қазақстанда 34 мың теңге. Неге бізде газ бағасы қымбат? Жергілікті әкімдік те, антимонополистер мен монополистер де дұрыс жұмыс істеп отырған жоқ, - дейді мәслихат депутаты.

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын коммунадық тарифті өсіру туралы шешім қабылданған кезде қоғам наразылығы туып жатады. Былтыр әкімдіктен бұл мәселені көтеруді талап еткен жергілікті белсенді Сүйін Абулда жиыннан қуылған болатын.

Оқи отырыңыз: Тарифті талқылауды сұраған белсенді жиыннан қуылды

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің дерегінше, бұл аймақтағы 34 монополия субъектісі бес жылдық мерзімді тарифтерге өтіп жатыр. Сондықтан өңірде былтыр газдың бағасы қымбаттаған, соған байланысты жылу тарифі де өскен. Департамент бұдан кейінгі жылдарда "тарифтер тек инфляция мөлшерінде ғана көтеріледі" деп уәде берген еді. Қуат өндіруші компаниялар Оңтүстік Қазақстан облысының қай кезде болсын энергия дефицитіне ұшырап келгенін айтады. Облыстың сұранысын Шардара ГЭС-і мен "3-Энергоорталық" компаниясы 40 пайызға ғана қанағаттандыра алады. Сол себепті "Энергопоток" сияқты компаниялар Солтүстік Қазақстан облысынан және Жамбыл облысындағы ГРЭС-тен электр қуатын сатып алып, үстеме ақыға жеткізіп беріп жатыр.

XS
SM
MD
LG