Accessibility links

Тарифті талқылауды сұраған белсенді жиыннан қуылды


Белсенділер Сүйін Абулда (ортада) мен Ибрахим Әлсерке (оң жақ шетте) тариф мәселесін талқылаған жиында отыр. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.
Белсенділер Сүйін Абулда (ортада) мен Ибрахим Әлсерке (оң жақ шетте) тариф мәселесін талқылаған жиында отыр. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

Шымкентте жылу тарифін қымбаттатуды қоғамдық талқыға салуға шақырған белсенді шенеунікке жақпай қалды. Жергілікті депутат бұл мәселеге байланысты «халықты көтерудің қажеті жоқ» дейді.

Шымкент қаласындағы оқушылар сарайында ұйымдастырылған, жылу тарифін 2017 жылдың қаңтар айынан бастап көтеруге байланысты жария тыңдауға жүзден аса адам жиналды. Жиынды ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов жүргізді.

Тарифтің қымбаттауы қызу талқыланды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:15 0:00
Жүктеп алу

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов (ортада) Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.
Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов (ортада) Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

Жиында «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының орынбасары Қайрат Досжанов жеке тұлғалар үшін жылу тарифін 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 27 пайызға (яғни қазіргі шаршы метріне 109 теңгенің орнына 139 теңгеге), 2018-2021 жылдары 8 пайызға көтеру жоспарланып отырғанын хабарлады.

– Жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарына бағыталған инвестициялық бағдарламаның бекітілуі, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қарастырылған материалдардың бағасының көтерілуі, құнсыздану деңгейі мен шикізат, электр энергиясы, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы – жылу тарифінің көтерілуінің негізгі себептері, – дейді Қайрат Досжанов.

«ТОҚЕТЕРІ – ТАРИФ КӨТЕРІЛМЕСІН»

Қайрат Досжановтың баяндамасынан соң тұрғындар тарапынан сұрақ қою басталды. Сұрақ қоюға шыққан бес тұрғын да жылу тарифінің көтерілуіне қарсылық танытты.

Шымкенттік белсенді Ибрахим Әлсерке кез-келген қызмет түрінің бағасы қымбаттап жатқанын айтып, жылу тарифін көтеруге қарсылық білдірді.

– Халықтың жағдайы ескерілмеген. Бір ай төлем төлеуді кешіктірді ме, өсімге қойған. Қия ма, айыппұл төлейсіз. Бір күн жарық сөніп, екі күн су келмей қалса немесе жылу беру кешіктірілсе, тұтынушыға ешкім өтемақы төлемейді. Тоқетері – тариф көтерілмесін. Көтеру жобасын жасамай тұрып халықпен ақылдасу керек еді, – деді белсенді Ибрахим Әлсерке.

Су, жарық, газ бен жылудың қымбаттауын талқылауды профессор Шаруа Пірмат да қолдады.

Профессор Шаруа Пірмат. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.
Профессор Шаруа Пірмат. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

– Тарифті қымбаттатудың артында не жатыр? Тариф көтерілсе халық оны төлей ала ма, жоқ па? Мысалы, бензин Қазақстаннан шығады. Неге қымбат? Жарық, су, газ да – Қазақстандікі. Онда неге тариф қымбаттай береді? – деді ол.

Шаруа Пірмат «осының бәрін қымбаттатып берген – табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті» деген түйінге келді.

Шымкенттік енді бір белсенді Сүйін Абулда да тарифті көтеру бойынша қала тұрғындарының бәрін қатыстырып, шешімді қоғам болып қабылдау керек екенін айтты.

– 200-300 адам халықтың атынан шешім шығара алмайды. Қоғамдық талас, пікір туғызуға мүмкіндік беріңіздер. Шешімді қоғам болып қабылдау керек, – деді белсенді Сүйін Абулда.

Бірақ белсендінің бұл сөзіне ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов наразы болды. Ол:

– Мен сізден өз пікіріңізді айтуды талап етемін. Қоғамдық таласқа шақырғаныңыз үшін қудалау... жауап бересіз. Қаланың тұрғындары атынан сөйлеуге құқығыңыз жоқ. Шырағым, өз атыңнан сөйле. Депутат емессің, халық сайлаған жоқ сені. Залдан шық! – деп, Сүйін Абулданы жиыннан шығарып жіберді.

ВИДЕО: Шенеунік белсендіні жиыннан қуып шықты

Шенеунік белсендіні жиыннан қуып шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

«ТАРИФТІ КӨТЕРМЕСЕК, МЕКЕМЕ БАНКРОТ БОЛАДЫ»

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Бақтияр Аталықов «заң бойынша жария тыңдау өткізіп, халықтың пікірін тыңдап жатқандарын» айтады.

– Көтерілмеу керек дегенмен, бәрібір көтеріледі. Өйткені газдың бағасы 1 шілдеден бастап көтерілген. Жылу газбен өндіріледі. Егер тарифті көтермесек, мекеме банкротқа ұшырайды, – дейді ол.

Бұдан соң сөз алған Шымкент қаласы мәслихатының бірнеше депутаты «бағаның көтерілуіне түсіністікпен қарауға» шақырды. Солардың бірі Нұркөз Жаңабаев «эмоцияға емес, экономикаға көңіл бөлу керек» екенін айтты.

– «Қуатжылуорталық – 3» мекемесі жеті жылдан бері тарифті көтермеген. Нәтижесінде мекеме күйреуге жақын тұр. 7 жыл деген масқара! Су, жарық, қоғамдық көлікке дейін тарифті көтеруде. Егер біреулер үйретіп жіберген арзан беделге құмар бақырауықтарды тыңдай берсек..., – деп бір тоқтады қалалық мәслихат депутаты Нұркөз Жаңабаев.

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

Ол «жеті жылда газ 250 пайызға, су 300-400 пайызға көтерілді» дей келе, «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 1 шаршы метрге жылу берісін ақысын қазіргі 109 теңгеден 139 теңгеге дейін қымбаттату жоспарын қолдады.

– Сол үшін бұл жерде халықты көтерудің қажеті жоқ. Тариф міндетті түрде көтеріледі, – дейді депутат Нұркөз Жаңабаев.

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің дерегінше, 1 шаршы метрді жылыту бағасы Қостанайда – 192 теңге, Алматыда – 145 теңге, Оралда – 140 теңге, Қарағандыда – 133 теңге, Атырауда – 131 теңге, Көкшетауда – 130 теңге, Ақтөбеде – 122 теңге, Талдықорғанда – 115 теңге.

XS
SM
MD
LG