26 қазанда Петропавл соты "пара алды" деп айыпталған Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы жетекшісі Қабдырахман Сақтағановқа үкім оқыды. Сот оған 5,8 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Айыптау тарабының ақпаратына қарағанда, Сақтағанов биыл қыркүйек айында жекеменшік медициналық мекеме жетекшісі Айнагүл Қарабаевадан "мекемеге жұмысқа тұрған жас мамандарды қолдау" мәселесі бойынша оңтайлы шешім қабылдануына көмектескені үшін 200 мың теңге көлемінде "пара алған". Ал жергілікті мәслихат шешімі бойынша, жекеменшік мекеме қызметкерлері ондай көмек ала алмайды.
Қабдырахман Сақтағанов пен Айнагүл Қарабаева тағылған айыптарды мойындап, істегеніне өкініп, прокурормен процессуалдық келісім жасасқан.
Сот денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы жетекшісіне – 5,8 млн теңге, ал жекеменшік мекеме жетекшісіне 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сот үкіміне сәйкес, сотталушылар өмір бойы мемлекеттік қызметте істей алмайды.
59 жастағы Қабдырахман Сақтағанов Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасын 2020 жылдың шілде айынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін басқарған.
Қабдырахман Сақтағанов – жемқорлық бойынша айыпталып, сотталған денсаулық сақтау саласында басшылық қызмет атқарған алғашқы шенеунік емес. Биыл шілдеде Орал соты Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қаюповты жемқорлық айыбы бойынша кінәлі деп тауып, төрт жарым жылға бостандығынан айырған. Бұрынғы шенеунік тағылған айыппен келіспеген.
Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орын алған.
ПІКІРЛЕР