Accessibility links

Шыңжаңнан қашқан Қайша Ақан мен Бағашар Мәліктің босқын куәліктерінің мерзімі ұзартылды


Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.

Бірнеше жыл бұрын Қытайдың Шыңжаң өлкесінен қашып келген Қайша Ақан мен Бағашар Мәлікұлының босқын куәліктерінің мерзімі ұзартылды. Бұл жөнінде Vlast сайты жазды.

"Он күндей бұрын біздің босқын мәртебемізді тағы бір жылға созды. Бағашар Мәлікұлы және мен, екеуіміз де Алматы облысында тұрғандықтан сот Талдықорғанда өтті" деді Қайша Ақан Vlast сайтына.

Ол Қазақстан азаматтығын сұрағанмен бұрынғыша өтініші кері қайтарылғанын айтқан.

"Бізге берілген босқын мәртебесі ештеңеге жарамайды. Біз не телефон нөмірін, не банк картасын тіркей алмаймыз, ал онсыз өмір сүру қиын. Тіпті жұмысқа да тұра алмаймыз. Сол себепті Қазақстан азаматтығын талап еткенмін. Өкінішке қарай, сот процесіне қатысушылар Қазақстан СІМ-нен азаматтық бермеу жөнінде жазбаша жауап алғанын айтты. Қаңтар айында болған оқиғадан да жүрегіміз шайлығып қалған. Әрі қарай қалай өмір сүретінімізді білмейміз" деді Қайша Ақан.

Шыңжаңдағы қысымнан қашып келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы биыл қаңтарда бір күнде Қазақстанда шабуылға ұшыраған. Ақанды Алматы қаласында үйінің сыртында соққыға жықса, Әлімұлына Нұр-Сұлтанда белгісіз екі адам пышақ сұққан. Бұған дейін екеуі де сол күннен бастап "қорқып қалғанын" жеткізген.

Жуырда Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының босқын куәліктерінің мерзімі бір жылға ұзартылды.

2017-2019 жылдар аралығында Қазақстанға Қытайдан қашып келген алты қазақтың төртеуі былтыр босқын мәртебесін алған. Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы және Мұрагер Әлімұлынан бөлек Бағашар Мәлікұлына да бір жылға босқын мәртебесі берілген. Алматы облысы Панфилов ауылында тұратын Тілек Тәбәрікұлына босқын мәртебесі берілмеген. Ал тағы бір Шыңжаң қазағы – Сайрагүл Сауытбай Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң 2019 жылы маусымда отбасымен бірге Швецияға қоныс аударды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG