Accessibility links

Сот Ержан Елшібаевтың мерзімінен бұрын босату арызын тағы қанағаттандырмады


Белсенді Ержан Елшібаев. 2018 жыл.
Белсенді Ержан Елшібаев. 2018 жыл.

Қызылорда қалалық №2 соты соты ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан белсенді Ержан Елшібаевтың мерзімінен бұрын босап шығуға жазған арызын екінші рет қанағаттандырмады.

27 қазанда өткен сот отырысына жаңаөзендік белсенді Елшібаев онлайн режимде қатысты. Оның адвокаты Нұрлан Камербаевтың Азаттыққа айтуынша, сот прокурордың Елшібаевтың арызын қанағаттандырмау туралы ұсынысын қолдаған. Прокурор белсендінің тәртіптік жазасы бар екенін алға тартқан.

- Ержан Елшібаев 12 қазаннан бері бөлек камерада отыр. Тәртіптік жазасы желтоқсанда бітуі керек, - дейді адвокат.

Сот Елшібаевтың мерзімінен бұрын босатуға қатысты арызын биыл жазда да қанағаттандырмаған.

"Ар. Рух. Хақ" қоғамдық бірлестігі тамызда Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімоваға хат жолдап, Елшібаев отырған Қызылордадағы ЗК-169/5 түрмесіне баруды, оның хал жағдайын білуді сұраған.

"Ар. Рух. Хақтың" мәліметінше, омбудсмен бірлестікке хат жолдап, Елшібаевпен жолыққандарын, оның қал-жағдайы жақсы екені, бес-алты рет дәрігерлерге денсаулығын көрсеткенін хабарлаған.

Адвокаттың сөзінше, Елшібаев осы сотта өзіне омбудсменннің келмегенін, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жалған ақпарат таратқанын айтқан.

Елшібаев түрмедегі сотталушылар құқығының жиі бұзылатыны туралы дабыл қағып, биыл шілдеде наразылық ретінде қарнын тілген еді.

30 жастан асқан Ержан Елшібаев - Жаңаөзендегі жұмыссыз жастардың мәселесін көтеріп көзге түскен белсенді.

Ол 2019 жылы ақпан-наурыз айларында әкімдік ғимаратының алдына жиналған қала тұрғындарымен бірге Жаңаөзендегі жұмыс мәселесін көтеріп, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасаған. Моноқалада жұмыссыз жүрген жастар билікті диалогқа шақырып, жұмысқа орналастыру бойынша меморандум жасауды ұсынған. Кейінірек белсенділер биліктің қысымына ұшырағанын мәлімдеп, шағымданған.

2019 жылы 17 қарашада Жаңаөзен қаласы соты Елшібаевты бес жылға бостандығынан айырған. Белсендіге "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғауға 2017 жылғы оқиға ілік болған. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар да "бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды" деп санайды және оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Биыл 2 маусымда БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевтың ісінде "адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды" деген қорытынды жасап, оны қамаудан босатуды талап еткен. 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы туралы резолюциясында Елшібаевты түрмеден босатуды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG