Accessibility links

Ауғанстанның ұлттық қарсылық майданы АҚШ-та өз өкілдігін тіркеді


Ауғанстанның Ұлттық қарсылық майданы.
Ауғанстанның Ұлттық қарсылық майданы.

Ахмад Масуд жетекшілік ететін Ұлттық қарсылық майданы (ҰҚМ) АҚШ-та өз өкілдігін тіркеді. Бұл майдан Ауғанстанда билікті басып алған "Талибан" радикал қозғалысымен күресіп жүр.

АҚШ-та өкілдік тіркелгені жөнінде 28 қазанда Ұлттық қарсылық майданы сыртқы байланыс бөлімінің басшысы Әли Майсам Назари хабарлады. Оның айтуынша, АҚШ-тағы өкілдік - Ауғанстан ұлттық қарсылық майданының шетелдегі алғашқы миссиясы.

Енді ҰҚМ өз мүддесін шетелде ресми түрде қорғап, америкалық саясаткерлерді ауған оппозициясына көмектесуге көндіруге тырысады, дейді Әли Майсам Назари. Қарсылық майданының ресми өкілінің айтуынша, АҚШ әскери-саяси ұйымды тіркеуге рұқсат бере бермейді.

Әли Майсам Назари екі күн бұрын әлеуметтік желіде ҰҚМ саяси қызметін де жандандыратынын жазған. Жақында ол Ауғанстандағы жағдайды Италия парламентінің депутаттарымен бірге талқылаған. Әли Майсам Назари кездесу түсірілген суреттерді желіде жариялады.

Ауғанстан ұлттық қарсылық майданы, биыл тамызда "Талибан" Кабулды басып алғаннан кейін, Панжшер провинциясында құрылды. Радикал қозғалыс билігін мойындаудан бас тартқан күштер Ахмад Масуд маңайына топтасты.

Қазір Панжшерде не болып жатқаны беймәлім. Тәліптер провинцияда ұялы байланыс пен интернетті үзіп, шатқалға баратын жолдардың бәріне бақылау орнатты.

Екі апта бұрын Панжшерде бір топ адамды бір қорымға көмгені туралы мәлімет тарады. Бірақ тәліптер "бейбіт панжшерліктерді қырған" деген айыпты жоққа шығарып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG