АҚШ үкіметі бақылау органы мемлекеттік департамент пен Пентагонды Ауғанстан үкіметінің құлауы және қарулы күштерінің шынайы мүмкіндіктері жайлы ақпаратты жасырды деп айыптады.
Арнайы бас инпектордың Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтіру жөніндегі жетекшісі Джон Сопконың айтуынша, ақпарат сол кезде бүгілмей ашық айтылғанда, заң шығарушы орган өкілдері мен Америка халқы АҚШ Ауғанстандағы әскери миссиясын ертерек аяқтауы тиіс пе еді деген сұраққа нақты жауап тапқан болар еді. Ол екі ведомствоны қажетті деректің бәрін жариялауға үндеді.
Сопконың пікірінше, мемлекеттік департамент пен қорғаныс министрлігі жариялауға тыйым салған ақпараттарға қол жеткізген кезде ғана тамызда болған оқиғаның толық көрінісі айқындала түседі.
Сопко бұл пікірін Арлингтонда (Вирджиния штаты) әскери тілшілер мен редакторлар қауымдастығының жыл сайынғы конференциясы кезінде айтты. Ол сонымен бірге мемлекеттік ведомстволар және қорғаныс министрлігі соңғы бірнеше жылда Ауғанстандағы жағдайдан хабардар ететін барлық ішкі телеграммалар, есептер мен өзге материалдарды көрсетуі тиіс деп атап өтті. Бұл әсіресе Вашингтондағы ведомстволардың жария мәлімдемелерінен айырмашылығы бар есептерге қатысты, деді ол.
ПІКІРЛЕР