Accessibility links

Беларусь билігі Ресейдің кремльшіл ақпарат агенттігін бұғаттады


Беларусь билігі Ресейдің REGNUM ақпарат агенттігін бұғаттады. Бұл басылым бұрынғы СССР елдеріндегі оқиғаларды Кремль ұстанымы бойынша баяндайды. Минск бұған дейін "Комсомольская правда" сайтын бұғаттаған болатын.

REGNUM-ның бұғатталғанына 30 қазанда "Еуропа радиосы" назар аударды. Әзірге не себептен бұғаттағаны айтылмаған. Агенттік авторлары Ресейге қарсы саясат жүргізеді деп Беларусь билігін бірнеше рет айыптап, Мәскеумен қосылуға апаратын интеграцияны күшейте түсуге шақырғаны белгілі.

Бұрын Беларусь билігі Азаттық радиосы мен "Настоящее время" телеарнасын және тәуелсіз БАҚ-тарды да бұғаттаған еді. Ресейшіл "Комсомольская правда" сайты Геннадий Можейко деген тілшісі қамауға алынған соң Беларусьтегі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

2020 жылы өткен президент сайлауынан кейін Минск баспасөз бен азаматтық қоғам өкілдеріне қысымды күшейте түскен. Сайлау нәтижесімен келіспеген оппозиция жаппай қарсылыққа бірнеше мәрте шыққан еді. Оған қарамастан Александр Лукашенко президент сайлауында жеңді деп хабарланған.

Осы сайлаудан кейін мыңдаған қылмыстық іс қозғалып, ондаған мың адам шетелге кеткен. "Весна" құқық қорғау орталығы бұл республикада 831 саяси тұтқын бар деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG