Accessibility links

Халық наразылығынан соң Талғар өзенінің табанын қазу жұмыстары тоқтатылды


Талғар өзенін қазу жұмыстары. Скриншот. Сәуір 2019 жыл.
Талғар өзенін қазу жұмыстары. Скриншот. Сәуір 2019 жыл.

Алматы облысындағы Талғар өзенінің табанын қазу жұмыстары тоқтатылды. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне жергілікті экобелсенді Айман Жарлықасымова хабарлады. Ол Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының 29 қазан күнгі хатының көшірмесін жіберді.

Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының Талғар өзені табанын қазуды тоқтату жөнінде 29 қазан күнгі шешімі.
Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының Талғар өзені табанын қазуды тоқтату жөнінде 29 қазан күнгі шешімі.

Онда Талғар ауданындағы "Кеңдала-2" кен орнында құм-қиыршық тасты өндіру жұмыстарын жүргізуге арналған 2019 жылғы "Береке-Тас" компаниясымен жасалған келісім-шарттың күші жойылғаны жөнінде жазылған. Белсенділердің айтуынша, дәл осы компанияның жұмысына қатысты тұрғындар шағымы көп болған.

Айман Жарлықасымованың айтуынша, компанияның әзірге 13 қарашаға дейін жұмыстарын аяқтап, тастарды үгіту сияқты жұмыстарды жүргізуге құқығы бар, тек өзенге жоламауы тиіс.

"Ендігі процедура былай болады: алдағы уақытта жою және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Олар ["Береке-Тас" ЖШС] экология департаменті және тағы да басқа департаментпен бірге келісіп, жою шараларының жоспары жасалуы тиіс. Келісімде ол жағы нақты көрсетілмеген" деді экобелсенді Айман Жарлықасымова.

Ол бұл жергілікті белсенділер жұмысының нәтижесі екенін де атап өтті.

Белсендінің сөзіне қарағанда, Талғар қаласында екі карьер бар: бірін "Береке-Тас" ЖШС, екіншісін "Алтын дала" компаниясы қазып келген. "Алтын дала" банкпен соттасып жатқандықтан оның жұмысын тоқтатуға байланысты шешімдер кейінірек қабылдануы мүмкін. "Қалай болғанда да "Алтын дала" да жұмысын тоқтатады" деді белсенді.

Алматы облысы Талғар өзенінің табаны қазылып жатқанын және оның фаунасы мен флораға әсерін, тұрғындар алаңын Азаттық бірнеше рет жазған. Тұрғындар бұған дейін қазу жұмыстарының салдарынан Талғар өзені деңгейінің төмендеп кеткенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG