Accessibility links

Қарағанды облысының "Абай" шахтасындағы апаттан алты адам қаза болды


Бүгін, 7 қараша, таңғы сағат сегіз шамасында Қарағанды облысы Абай қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты шахтада газ апаты болды. Апаттан алты адам қаза болып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Бұл ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.

Министрлік мәліметіне қарағанда, апат кезінде шахтада 64 адам болған, 56 адам өз бетімен шахтадан шыққан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Қарағандыдағы Мақажанов атындағы ауруханаға 58 жастағы және 61 жастағы екі шахтер түскенін хабарлады.

– Газдың өткір исінен уланған екі пациент те реанимацияда. Қажетті медициналық көмек беріліп жатыр,– дейді басқарманың баспасөз қызметі.

Жергілікті билік құтқару жұмыстарына кіріскен. АМТ компаниясы мен Қарағанды облысының әкімі қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты. Апат себебі анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасына "Қайтыс болғандардың отбасына көмек беріледі", - деп жазды.

Қарағанды облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғалғанын, тергеу басталғанын хабарлады.

"Абай" шахтасында 2008 жылы да осыған ұқсас ірі апат болған еді. Метан газының жарылысынан 14 адам жараланып, 30 адам қайтыс болған, оның 23-інің денесі жер бетіне шығару мүмкін болмаған.

Ірі металлургия комбинаты мен Қарағанды облысындағы бірнеше шахтаны басқаратын "Арселор Миттал Теміртау" – әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Митталға тиесілі компания. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін көп сыналады, металлургия комбинаты мен шахталардың жұмысшылары еңбек шарттары нашар деп жиі шағым айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG