Accessibility links

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы "Сберге" қарсы рұқсат етілген митингісін Нұр-Сұлтанда да өткізді


Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының митингісі. Нұр-Сұлтан, 7 қараша 2021 жыл
Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының митингісі. Нұр-Сұлтан, 7 қараша 2021 жыл

7 қарашада Нұр-Сұлтан қаласындағы цирк алдында тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы рұқсат етілген митингі өткізді. Бұл ұйым таяуда ғана Алматыда осыған ұқсас митингі өткізген болатын. Тіркелмеген ұйым жетекшісі Нұржан Әлтаев "билік біреуге рұқсат беру, біреуге бермеу арқылы оппозициядағы саяси күштер арасында алауыздық туғызғызы келеді" деп санайды.

Тіркелмеген ұйым өкілдері "Газель" автокөлігін мінберге айналдырып, Қазақстан туы мен партияның атауы жазылған ту көтеріп тұрды. "Сберге жол жоқ!" деп келген ұйым "Балаларға, жүкті аналарға вакцина салуға қарсымыз!", "Халықтың елдігі бірлікте", "Әлеуметтік және саяси реформалар талап етеміз", "Әр балаға 42 500 теңге" деген де ұран тастады. Полиция митингіні алыстан бақылады.

Митингі модераторы, белсенді Болатбек Біләлов тақырыптан ауытқымауға, Қазақстан мен Сбербанк компаниясы арасындағы цифрлық платформаға қарсылық пен тәуелсіздікті қорғау мәселесін айтуға шақырды.

- Қазақстан елдің тәуелсіздігі мен экономикасына қауіп төндіретін одақтардан шығуы тиіс. Тараздағы жаралыстан соң бұрынғы қорғаныс министр Нұрлан Ермекбаев қана емес, оның орнына келген орынбасары Мұрат Бектанов та отставкаға кетуі керек. Ол жарылыс болғанда бас штабты басқарып отырды,- деді митингіде сөйлеген ауған соғысының ардагері Мұрат Мұхамеджанов.

Митингіге келгендер Ресейдің Сбербанк компаниясына жеке мәліметтерді беруге наразылығын айтып, Қазақстандағы жұмыссыздық, жер мәселесі, балалаларға вакцина салуға наразылық білдірді. Үкіметтің отставкаға кетуін талап еткендер де болды.

"Ел тірегінің" рұқсат етілген митингісі бұған дейін 1 қарашада Алматыда өткен. Былтыр парламент мәжілісі депутаты мандатынан айырылып, "Нұр Отан" партиясынан шығарылған соң "Ел тірегі" деп аталатын партия құруға тырысып жүрген Нұржан Әлтаев жиынға рұқсат алу мәнісін түсіндірді.

- "Ел тірегін" ресми тіркеуге 16 рет ұсындым. Президент немесе парламент сайлауларына партия ретінде қатысқымыз келеді. Бүгін митингіге рұқсат бергеніне біз кінәлі емеспіз. Біреуге рұқсат беріп, біреуге бермей билік оппозицияның ішінде алауыздық туғызғысы келеді. Керісінше, мұндай митингілерді көп ұйымдастырып, билікті митингі мәдениетіне үйретуіміз керек,- дейді Нұржан Әлтаев.

2020 жылы Қазақстан билігі бейбіт жиындар туралы заңды өзгертіп, саяси өзгерістерге қадам басқанын мәлімдеген. Осыдан кейін бейбіт жиындар туралы заңға "бұрынғыдай рұқсат сұрамай-ақ, жергілікті билікке алдын ала хабарлау арқылы бейбіт жиынға шығуға болады" деген өзгеріс енгізген еді. Алайда қоғам белсенділері "хабарлау мен рұқсат сұраудың айырмасы шамалы, өйткені екі жағдайда да билік рұқсат беруі керек" деп шағымданған. Кейбір белсенді ұйымдарға митингі өткізуге рұқсат берілмеген.

Қыркүйектің басында Қазақстан үкіметі мен ресейлік "Сбер" компаниялар тобы қол қойған меморандумның мәтіні жарияланған. Ондағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстан ресейлік "Сбербанктің" IT-платформасын 500 млн долларға сатып алады. Қазақстанға бұл ақшаны "Сбердің" өзі мемлекет кепілдігімен қарызға береді.

E-gov-қа балама GovTech жүйесі "Сбердің" Platform V платформасына негізделіп жасалады. Меморандум 31 қазанға дейін концорциум құруды да қарастырады. Құжатта ERG компаниялар тобына еншілес BTS Digital ЖШС стратегиялық әріптес ретінде көрсетілген.

Қоғамда бұл меморандумға байланысты наразы пікірлер көбейіп, оны "Ресей ықпалындағы шенеуніктердің әрекеті", "Ресей билігінің қысымы" деп сынға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG