Accessibility links

Поляк журналисі қазақ-өзбек шекарасында қалып қалғанын хабарлады


Агнешка Пикулицка-Вильчевска.
Агнешка Пикулицка-Вильчевска.

Поляк журналисі Агнешка Пикулицка-Вильчевска бір тәуліктен астам уақыттан бері қазақ-өзбек шекарасында тұр.

Журналистің хабарлауынша, өзбек шекарашылары оған елге кіруге тыйым салған. COVID-19 шектеулеріне байланысты Қазақстанға да қайта алмай қалған.

Әзірге өзбек жағы шетел журналисін елге кіргізбеу себебін түсіндірмеді.

Тәуелсіз журналист Агнешка Пикулицка-Вильчевска The Guardian, Al Jazeera, The Diplomat және Eurasianet басылымдарына мақала жазады. Биыл журналист Өзбекстан сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің аккредитация кезінде қысым көрсеткеніне шағымданған. Маусымда Өзбекстан СІМ "республика заңнамасын бұзғаны" үшін журналистің аккредитациясын созудан бас тартқан.

Агнешка Пикулицка бір тәуліктен бері шекара аймағында аязда тұруға мәжбүр болғанын айтты.

Оның айтуынша, 7 қарашада Қазақстаннан Өзбекстанға қайтқанда оны өзбек шекарашылары тоқтатып, елге кіргізбеген.

"Маған Өзбекстанға кіруге ресми түрде тыйым салынған. Әзірге оның себебін білмеймін. Қазір шекарада тұрмын, бұл аумақтан тезірек кету керек. Қайда барам, қашан шығам - ол жағы әзірге белгісіз. Оны енді Өзбекстан мен Қазақстанның сыртқы істер министрліктері шешеді", - деді журналист.

Азаттық тілшісі Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровқа хабарласқан кезде "жағдайды анықтап көретінін" айтты.

Журналист Азаттықтың Өзбек қызметіне өзбек тарабы Ташкент әуежайына барып, сол жақтан Түркияға ұшып кетуді ұсынғанын айтты. Бірақ бұл ұсыныстың қашан орындалары белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG